Қала ма, мола ма?
– Бөле, мынау не деген қала-а?!
– Қала емес қой, мола ғой.
– Өй, қой. Мола деген төмпек болады ғой, мынау қала ғой.
– Ақымақ, бұл «евро мола», байлардың моласы.
– Ананы көріп тұрсың ба, алтын айды, күмбезді, соны мен жасадым. Ар жағында миллионердің шешесі...
– Екі этажды?
– Иә, мрамордан салдым. Бұл «евромола». Байлардың моласы. Қарапайым адам өлмейді бұл жерге. Бұл жердегі қара жердің өзі 50 мың доллар.
– ... туалет, ванна, гараж, биллиард мрамордан... сметасын, ақшасын берсеңіз болды, қатырам ғой.
Бұл Алдараспан әзіл-оспақ театрының «Евро мола» атты уытты әзіл-сықағы.
Қоғамда дін мен салттың, міндет пен құрметтің арасында біраз түсінбеушіліктердің салдарынан қабір жөнінде әралуан пікірлер қалыптасқанына біраз уақыт болды. Мұны жер-жердегі әртүрлі мазар, қорымдардан байқау қиын емес. Әр адамның қайтыс болған жақындарының алдында міндеті бар екені даусыз. Сондай міндеттің бірі қазаға ұшыраған адамның қарыздары болса қайтарып, арулап ақтық сапарға шығарып салу. Мұны шариғатымыз да, салтымыз да міндеттейді.
Қазақта ағайынның басы торқалы той мен топырақты өлімде бірігетіндігі белгілі. Сол себепті қайтыс болған адамның өмірдегі жақындары ештеңесін аямай ақтық сапарын ұйымдастырып жатады. Осы шарада қара жамылған жақындарына ақтық сапарды ұйымдастыруда белгілі бір нұсқау беру оңай емес.
Дегенмен, қазіргі кездегі әлеуметтік жағдайдың өзгеруіне, қоғамдағы адамдар деңгейлерінің әртүрлі болуы аталмыш мәселеде түрлі ұстанымдарға итермелеп отыр. Бұған азаматтарымыздың діни талаптар мен қағидаттарды толық білмеуін, өліге жасалған құрмет қай бағытта болуы керектігіне мән бермеуін қосыңыз. Бұрында қазақ «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп өлімді жөнелту оңай еместігін айтқан. Бірақ, қазір бұл тіптен күрделеніп барады. Мәселен, өлімге аста-төк ас беру, ірі қара мал сойып жүздеген адамдарды күту, тіпті соңғы кездері мейрамханалар мен асханалардың қызметіне жүгіну, ондағы дастархан той дастарханындай жайылуы сияқты үрдістер жаппай белең алуда. Бұған біреулердің шамасы жетсе, екіншілерінің шамасы келмей қарызданып жатады. Одан қалды тірілердің өліге жайылған дастарханында құран оқып бағыштаудың орнына сынап кететіндер де аз емес.
Мәселеге екі жағынан қарау керек. Біріншісі, қайтыс болған адамға құрмет тұрғысынан, не сауап тұрғысынан қарасақ, ол адамға жасалатын ең үлкен жақсылық, оның атынан қайыр-садақа беру, дұғада болу, ізгі істерінен ғибрат алу. Екіншісі, тірілер тұрғысынан оған деген ізгі ниеттің көріністерінің басқаша сипаты. Ол басқа біреудің өлімінен асып түсуге бәсекелесу, басқалардан даралап тұратын қорған салу, мазардың басын әшекейлеу, бейнесін тасқа қашау т.б. Осылардың ішінде ең күрделісі, марқұмның басын көтеру деп атап жүрген мазар салу да қазірде жарысқа айналған сияқты. Жоғарыда айтылған әзіл де өмірден алынған ысырапсыз ақшаның, қайырсыз істің, пайдасыз жарыстың көрнісі.
Кезінде халқымыз әулие-абыздарының басына кесене салып олардың өмірлерінен ғибрат алып, халықтың алдында ұмыт болмас үшін белгі қойса, қазір бұл жаппай белең алып барады. Әулие адамдарға кесене салу керек, бірақ оны өзгеден ерекшелеп, зәулім ету де ысырап. Мұнда ең үлкен қасірет құрметтің міндетке айналуы. Әрине, қайтқан адамға деген жақындарының құрметіне ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл құрмет діни талаптардың шегінен шықса, керісінше, сауап емес күнәға соқтыратындығын әрбір адам білуі керек. Өйткені Құран Кәрімде «Ағраф» сүресінің 31-аятында:
«Ішіңдер, жеңдер. Бірақ, ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді ұнатпайды» – делінеді. Осы аят пен «Әрбір ысырап – харам, әрбір харам тозаққа апарады» деген қағида бойынша міндеттен артық жұмсалған шығын күнә болатынын естен шығармау керек. Бұл жерде тек қаржының ғана ысырабы емес, өлікті жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқандығын көруге болады. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға зәулім ғимарат салу өлі үшін де, тірі үшін де пайдасы жоқ іс. Себебі, марқұмның балалары, жақындары өздерінің көзінің тірісінде оның басына барып дұға бағыштап, еске алып жүрсе де бірнеше ұрпақтан кейін ұмыт болары сөзсіз, олай болса бұл құрметтің уақытша болып қалары белгілі.
Көнекөз қариялардың айтуынша 50-100 жылдай уақыттан кейін сол жерде екінші бір өлікті жерлеуге болады. Ал, қазіргідей жағдайдан кейін ол мазараттарды қирату марқұмдарға құрметсіздік саналып, дәстүрге қайшылық болып көрінеді. Себебі, осындай ысырапшылдық пен астамшылық дәстүрге қарсы кейбір радикалды діншілдер мазарларды қирату керек деп санап, ел арасында дүрбелең тудырып жүр. Бұл да қаталдық болар. Себебі, марқұмдардың басына тұрғызылған мазарлардың ешбір кінәсі жоқ, бар мәселе тірілердің түсінігінде. Сондықтан діндарлықты қирату жолымен емес, түсіндіру жолымен жеткізу дұрыс әрі тиімді болмақ. Олай болса, осы екі шектен шығушылықтың ортасын тауып өлікке деген құрметімізді басқаша білдірсек, егер ауқатты адамдар болса жетім-жесірлерге, ғаріптерге көмектессе, баспанасыздарға баспана тұрғызып берсе немесе сол шығындарын қайырымдылыққа арнаса діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да қайырлы, сауапты іс болмақ.
Сондай-ақ, жағдайы төмен адамдар, басқалардан қалыспау үшін шығындалмаған болар еді. Қазіргі кезде барлық ауылдық, аудандық, қалалық мазарлар арнайы қоршаулармен қоршалған, оған қосымша қоршау орнатудың қажеттілігі жоқ. Әрі кетсе, топырағы шашылмасын деп, жақындары адасып қалмас үшін басына тас орнатып, қарапайым тастан, темірден т.б. заттармен аздап қана тиянақтап қойса да жеткілікті болар еді. Және де шариғаттың бейіт салуда қалыптасқан қағида, тыйым, ескертпелері барын ұмытпаңыз. Себебі, тірілердің салған өрнектеген ғимараттарынан ішіндегі марқұмға тиер ешбір сауабы жоқ. Керісінше, өлілер тірілерге ғибрат. Оларды зиярат ете отырып, біздің бұл дүниенің мәнін түсінуіміз, ақыреттік өмірімізді еске алуымыз, соған әзірлікте болуымыз ең басты мәселе. Ең жақсы амал адам баласының өз қолымен көзінің тірісінде істеген жақсылықтары мен ізгі амалдары. Қайтыс болғаннан кейін істеген істердің көбі пайда бермеуі мүмкін. Сондықтан дана халқымыз «Садақаны сауға бер» деп өсиет қалдырған.
Шиелі аудандық орталық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаев:
– Қайтыс болған үйге намаздауға барамыз. Қара жамылып отырған үйге бірден бұлай етпе деу әбестік. Жақынынан айырылып отырған адам да сенің сөзіңді тыңдауға шамасы жетпейді. Бірақ белгі қойылам дегенше түрлі қабірге, дастарханға, туған-туыс пен қайырымдылыққа байланысты хадистер, ғибратты әңгімелер әр жеті сайын, қырқы мен жүзі, жылында да айтылады. Айтылған сөзді ескеріп, астамшылық жасамайтындармен қатар, ести тұра «жұрттан ұятты» деп биік бейіт салатындар, суретін, атқарған қызметін жаздырып қоятындар бар, өкінішке қарай. Адамның тірі кезінде опа бермеген дүние, өлгенде оған пайдасы тимейді. Марқұмның қайтыс болғаннан кейінде 3 амалы үздіксіз жүріп сауапқа айналуы мүмкін. Олар берген пайдалы білімі, намазы, жасаған ізгі амалы. Мысалға бір жеміс ағашын отырғызса, оған адам саяласа, жемісін жесе, осы ісі марқұмға сауап болады. Ал ұрпағының зәулім бейіт салуы ешқандай сауап та, пайда да әкелмейді. Тіпті жақсылық болып саналмайды. Керсінше ысырап болады. Негізінен мұсылманның зират салуда қағидалары мен талаптары бар. Қабірлер тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттағы қабірлерді жеке-жеке етіп қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, адам мен жануардың аяғына тапталмау үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі. Қабір басына белгі ретінде тас қоюға рұқсат етіледі. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында үлкен бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған. Алайда, белгі ретінде қойылған құлпытасқа сурет салуға болмайды. Сондай-ақ, құлпытасты мүсін бейнесінде ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға тыйым салынады. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін, сондай-ақ, ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін құлпытасқа жазбаған жөн.
Шиелі қайырымдылық мекеме-медрессесінің ұстазы Ержан Пірімбетов:
– Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде қабірді зиярат етіңдер. Бірақ екі жағдайда ғана. Біріншісі қабірде жатқан адам үшін Алладан кешірім тілеп, дұға қылу, екіншісі, менде осылай бір төмпек болып қаламын ғой деп еске алу. Хатеминың (а.р) керемет сөзі бар: «күнде мені шайтан 3 нәрсемен азғырады. Бүгін не ішесің? Не киесің? Қайда барып түнейсің? Ал мен нәпсімді сындыру үшін шайтанға былай жауап беремін: ішетінім – өлім, киетінім – кебін, түнейтін жерім – қабір деймін» деп жауап берген екен. Яғни қабірді көрген адам ақыретті еске алып, қабірім жарық болсын деп намаз оқып, жақсы амалдар жасау және пайғамбарымыздың мүбарак хадисінде «кімде-кім мүлік сүресін түнде оқитын болса, қабір азабын тартпайды» делінген.
Жалпы қоршалып тұрған мола басында үй тұрғызудың қажеті жоқ. Тек шариғатта белгі қойылған, сол жеткілікті. Ал марқұмның басына зәулім үй соғу ысырап. Әрбір ысырап харам болып саналады.
Түйін. Қызылды-жасылды дүние дүрмегінде тірі адам тіршілігін жасайды. Ал марқұмға жасайтын жақсылығымыз Алладан біліп-білмей жасаған күнәларының кешірілуін сұрап, жәннаттық етуіне дұға жасау. Расында марқұмға үлкен бейіттің қажеті жоқ. Ысырапшылдыққа бармай, марқұмның атынан садақа берсеңіз оның ақыретіне де, өзіңізге де сауап еселенеді. Негізінен кісінің атынан қажылыққа бару, садақа беру, дұға жасау ең ізгі амал. Абзалын Алла білуші, біз себепші болайық. Қабір салудан емес, қайырымдылық жасаудан жарысайық.
Ақбота БАЯНБАЙ