Ерлік ескерілуі тиіс
Бұл күндері тілсіз жаудың зардабынан қаншама бала бақилық сапарға аттанды. Лаулаған өрттің отына шарпылған толықтай бір отбасы қара жамылды. Жылт ете қалатын тілсіз жаудың жалынан 2 отбасын аман алып қалған бүгінгі кейіпкеріміз Бекәділ Саденовтың ерлігін бірі білсе, бірі білмес.
«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз. Неге болмасын? Әсіресе, тағдырыңа әсерін тигізген кезеңдер ешқашан ұмытылмаса керек. 1970 жылдары сал ауруына шалдығып, 47 күн қозғала алмай жатып қалған Б.Жалиұлы ауруға берілмей қайта аяққа тұрады. Денсаулығы жақсарып, еңсесін тіктеген сәтте еш ойланбастан әскерге аттанады. Бекәділ аға 1974 жылы Совет Армиясы қатарына қосылып, 80 метр тереңдіктен жер астына түскенін қалай ұмытсын. 2 жыл әскер қатарында болған ол Латвия ССР-і Войноде қаласындағы «4408» аталған Ракета әскери құрамындағы аға механик болып борышын өтейді. Әскери құрам міндеті 80 метр жер астынан жоғарыға ракетаны азотпен жіберіп отыру. Бұл міндет бір жағынан қажыр-қайратты талап етсе, бір жағынан денсаулыққа да зиянын тигізетіні сөзсіз. Бірақ әскери құрамдағы борышын қалтқысыз орындаған Б.Жалиұлы әлі күнге «военный ардагер» екенін растайтын құжатқа қол жеткізе алмай келеді. 4-5 жылдан бері Шиелі аудандық военкоматтың есігін тоздырған ағамыздың еңбегі неге ескерусіз қалып келеді?
– Еңбегім еш кетті деп өкінбеймін. Мен өз борышымды өтедім. Тек жора-жолдас, ағайын-туыс қолыңа «әскери ардагер деген құжатты неге алмайсың?» деп жиі сұрағаннан соң аудандық военкоматқа барған едім. Алайда олар Совет Армиясы қатарында өткерген жылдарымды жоққа шығарғандай сыңай танытты. Осы жасқа жеткенде бұл менің де көңіліме қаяу салды, – деп айтып қалды кейіпкеріміз.
Сөз басында айтып өткендей, 1 емес 2 мәрте адамдарды өрттен аман алып қалған Бекәділ аға 1985 жылы өз отбасын тілсіз жаудың құрығынан аман алып шығады. Жиделіарық елді мекендегі тұрғын үйінен түн ортасында жағымсыз иістің шыққанын аңғарған ол әйелі мен балаларын ұйқысынан оята бастайды. Әбден иіс тиіп қалған балалары былқ-сылқ етіп тұруға дәрменсіз жатқанын көріп жанұя мүшелерін түгелімен сыртқа шығара бастайды. Алайда, 2-3 жасар баласы иістеніп қайтыс болады. Әке жүрегінен өшпейтін осы бір қайғылы оқиғаны еске алу қиын әрине. 2012 жылы қарашаның 27-сі күні түнде Абай тұйығы №17 Жаңабай Қоңыратбаевтың үйінен түтіннің шығып жатқанын аңғарған. Еш ойланбастан көмекке асыққан кейіпкеріміз әйеліне «Тез өрт сөндірушілерге хабарлас, Жаңабайдың үйі өртеніп жатыр» дейді де тұра жөнеледі. Осындай ерліктің арқасында тұтастай бір отбасын, яғни 8 жанның өмірін аман алып қалады. Өмір жолындағы ерлікке пара-пар тіршілігін тілшілерге осылай тарқатқан Бекәділ Саденовтың ерлігі ескерілер деген үміттеміз.
Ш.Тілеубаев