Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Суррогат анаға сұраныс жоғары

Суррогат анаға сұраныс жоғары

«Бақыттың төресі – бала сүю» деп жатамыз. Өкініштісі, нәрестенің іңгәлаған үнін есту бақыты некеге тұрған барлық жұпқа бұйыра бермейді. Сәбидің сыңғырын есту үшін қазір ері мен әйелі жат адамның жатырын «жалға» алуға да дайын. Яғни сәбилі болудан үміті үзілгендер нәресте туып беретін суррогат ананың көмегіне мұқтаж болады. Иә, бұрындары «естімеген елде көп» дейтін едік. Енді естігенімізден көргеніміз көп болып отыр.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, елімізде 15 мыңға жуық отбасы табиғи жолмен перзент сүйе алмайды. Бұл – әр алтыншы отбасы бір балаға зар дегенді білдіреді. Сәби үнін аңсаған жұптардың 45 пайызы жасанды ұрықтандыру технологиясының көмегіне жүгінеді. Үміті үзілген қалған 55 пайызы бала асырап алады немесе суррогат ананың көмегін пайдаланады. Осы статистикадан құрсақ ананың көмегіне зәру жұптардың үлесін анық көруге болады.

Заңмен реттелген бе?
Елу жасында екі бірдей сәби сүйген танымал продюсер Баян Алагөзова дүйім жұртты таңғалдырды. Қыздарының өмірге қалай келгенін ашық айтқан сәттен бастап, елімізде суррогат анаға деген қызығушылық арта түскен. Осы орайда, көкейде мыңдаған сауал туындайды. Суррогат ананың табысы қанша? Оның қызметі заңмен реттелген бе? Ерлі-зайыпты суррогат ананы қалай іздейді?
Иә, біздің елімізде суррогат ана болуға заңмен тыйым салынбаған. «Неке және отбасы туралы» заңда суррогат ананың қандай ұғым екені, оған қойылатын талаптар мен шарттар жан-жақты көрсетілген. Бұл заңның «Суррогат ана болу және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану» деп аталатын және алты баптан тұратын 9-тарауында тараптардың құқықтары мен міндеттері толық қамтылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген.
Құжатқа сүйенсек, суррогат ана 20-35 жас аралығында болуы тиіс. Дені сау және өзінің табиғи жолмен босанған кем дегенде бір баласы болуы шарт. Өзін зиянды әдеттерден аулақ ұстауы қажет. Физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы медициналық ұйымның қорытындысымен расталған жағдайда әйел құрсақ ана бола алады.
Елімізде суррогат ана қызметі заңдастырылғалы бері 20 мыңнан астам бала өмірге келген.
Суррогат ана қызметі келісім-шарт негізінде заңгерлердің бақылауымен жүзеге асады. Егер келісім-шарт болмаса, ЭКҰ бағдарламасы жүргізілмейді. Суррогат ана босанғаннан кейін баланы міндетті түрде тапсырыс берген ерлі-зайыптыға, яғни биологиялық ата-анаға береді, сәбиді өзіне алып қалуға құқығы жоқ.
Репродуктологтар құрсақ ананың гені балаға берілмейтінін айтады. Өйткені эмбрион хромосомасы ерлі-зайыптылардан алынады. Сондықтан сәбиді өмірге әкелген ананың құрсақтағы балаға туыстық қатынасы мүлде болмайды. Оны туғаннан кейін медициналық жолмен де дәлелдей алмайды екен.

«Құрсақ ананың» құны қанша?
Ғаламтор арқылы суррогат ана қызметін іздесеңіз, жарнамадан көз сүрінеді. Бір отбасыға ұрпақ сыйлау бақытын ұсынатын қыз-келіншек те, тіпті екіжақты табыстыратын арнайы агенттіктер де көп екенін анық көре аласыз. Иә, қазір суррогат ананы тауып беруден бас­тап баланы қолға алғанға дейінгі барлық шараға көмектесетін, құжаттарды заңды түрде түгендеп беретін агенттіктер де көбейген. Ондай агенттіктер арасында бәсеке қызу, «Младенец под ключ» деген жарнамалар жер жарады. Мұндайлар сенімді суррогат ананы тауып бергені үшін 1 млн теңге шамасында сұрайды. Ал жатырын «жалға» беретін әйелге бала көтерген сәттен бастап 9 ай көлемінде айына 200 мың теңге жалақы, киім-кешек алу үшін 150 мың теңге көлемінде бірреттік төлем төлеу қажет. Ал сәби өмірге келген күні қолына орташа есеппен 6 млн теңге санап береді. Сонымен қатар, ЭКҰ шаралары мен дәрі-дәрмек шығынын да өтеу қажет. Осылайша, суррогат анаға кем дегенде 10 млн теңге қаражат жұмсалады.
Белгілі эмбриолог ғалым Салтанат Байқошқарованың пікірінше, суррогат ананың қызметіне ешкім еріккеннен жүгінбейді.
– Негізі, суррогат ана қызметіне көбіне аналық жатыры операция кезінде алынған не болмаса бала туу өміріне қауіпті болған әйелдер жүгінеді. Бұл бір еріккеннің ермегі емес. Расында да, медициналық себептермен өздері бала көтере алмайтын жағдайларда отбасылар амалдың жоғынан суррогат ана қызметіне жүгінеді. Бұл жерде екі жол бар. Біріншісі, бала көтере алмай отырған отбасының өз жақын туысқаны суррогат ана қызметін ақысыз атқарып беруі. Екіншісі, арнайы түрде ақылы негізде бөтен әйелмен өзара келісім-шартқа отыру арқылы суррогат ана қызметіне жүгіну. Бұл ретте ақы төлеу мәселесі тапсырыс беруші мен суррогат ананың арасындағы келісім-шартқа байланысты жүргізіледі. Сыйақы мәселесін өздері айқындайды, – дейді дәрігер.

Шариғат үкімі қандай?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына түскен көптеген сұрақ пен өтінішке байланысты ғұламалар кеңесі құрсақ ана болудың шариғи үкімін берді. Онда ислам діні тек бір жағдайда қолдан ұрықтандыруға рұқсат етеді делінген. Ерлі-зайыптылардың ұрығы табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда (тек ерлі-зайыптылардікі ғана, басқанікі емес). Бұл жерде басқа әйел, не ер адамның ұрығын пайдалануға болмайды. Рұқсат еткен осы жолдың өзінде бірнеше шарт бар. Исламда әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандықтан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрықтанған зиготаны әйел жатырына қайта салу істерін мүмкіндігінше сенімді мұсылман әйел дәрігер, ол болмаған жағдайда кез келген әйел дәрігер атқарады. Бірақ оның жанында жақын туыстары міндетті түрде болуға тиіс. Одан кейін ұрықтардың ауысып кетпеуіне нақты көз жеткізуі керек. Қолдан ұрықтандыру күйеуінің көзі тірісінде ғана жасалады, егер қайтыс болса, рұқсат етілмейді. Шариғат үкімі бойынша осылай. Ал қалған бөтен ердің ұрығы немесе бөтен әйелге ұрық салудың барлығы шариғатқа қайшы әрекеттер болып саналады.

Түйін.
Барлық нәрсе «сенімге» келіп тірелетіні анық. Біздің ұлан-ғасыр тарихымызда небір байлардың балаға зар болып, неше күн, неше түн Жаратқанға жалбарынып, бір күткенін сұрап алатыны бар емес пе? Оған батырлар жырын айтсақ та жетеді. Құдайдан сұрап жүріп жатырына бала біткен талай аналарды естіп те, көріп те жүрген жоқпыз ба? Бәрін денсаулыққа тіреп, суррогат ана қызметіне салып қою қаншалықты мәдениеттілігімізді көрсетеді? Бала туған әйел қырық күн бойына тазалығын сақтаса, барлық күнәсі кешіріледі деуші еді. Әсілі, ғасырлар тезінен сүрінбей өткен дәстүрлі қазақ отбасын қайта қалпына келтіру керек-ау. Сәби сүйгісі келген отбасылар тым болмаса туысқанының баласын асырап, өз бауырына басып жататыны белгілі. Қазақтың дәстүрлі отбасы институтында бұл үрдіс бұрын да болған, бүгін де бар. Бала көрудің бұдан асқан рухани жолы бар болса, қайсы? Заманауи деп суррогат анаға жүгінгенімізбен, небір сыннан алып шыққан ата салтын да ұмытпайық. «Өзінікін ар тұтқан жаттыкін зар тұтады» деген осы шығар.

Гүлхан ЯХИЯ
03 желтоқсан 2024 ж. 62 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031