ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ ТАРТЫСТЫ ДОДА
Күнделікті жұмыс пен білім беру ісінен бір тынбайтын ұстаздар сәрсенбі күні Н.Бекежанов атындағы №156 қазақ орта мектебінде бас қосты. Спорттық шара аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өтті. Жарысты Н.Бекежанов атындағы №156 қазақ орта мектебінің директоры Асыл Асанұлы ашып, жарысқа қатысушыларға жылы лебізін білдірді. – «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Міне, бұл жарыстың мәні де, пайдасы да зор. Тәрбиелік жағынан жастарға үлгі-өнеге деп ойлаймын. Бәріңізге жарыста тек сәттілік тілеймін. Ойында барынша белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсетесіздер деген ойдамын, – деді. Қызықты әрі тартысты өткен додада ұстаздар спорттың 6 түрінен бақтарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша III орын Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектебіне бұйырса, II орынды М.В.Ломоносов атындағы №47 мектеп-лицейі жеңіп алды. Ал I орынға Н.Бекежанов атындағы №156 орта мектептің ұстаздары лайықты деп саналды. Айта кетейік, шараны ұйымдастырған №156 Н.Бекежанов мектебінің денешынықтыру әдіс бірлестігінің жетекшісі Н.Әбжапбарұлы мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбану Рантайқызының еңбегі орасан зор. Бәсі биік сайыс жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Дүбірлі додада оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен ерекше көзге түскендерге естелік кубоктар мен алғыс хаттар табысталды.
А.ИБРАШ