Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУ ТАСҚЫНЫНАН САҚТАНУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

СУ ТАСҚЫНЫНАН САҚТАНУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

«Қыстың қамын жаз ойла» дейтін қазақтың көктем қамын қыс ойлап қоятын мүмкіндігі болуы керек. Әйтпесе көктем жетсе, елді мекендерді сең басып, сел шайып кету қаупі төнеді де тұрады. Бейсенбіде аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиында тап осы мәселе талқыланды.

Су тасқыны айтып келмейтін табиғи апат десек те оған қарсы шараларға сақадай сай отырмасақ, соңы орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Бұны еліміздің өзге аумақтарында орын алған оқиғалар дәлелдеп отыр. Сондықтан төтенше жағдайға жауапты бөлімдер мен жергілікті атқарушы орган қыр астындағы қауіптен сақтанудың шараларын бір сәтке де назардан тыс қалдырмау керек. Көктем шықса арнасынан асуға шақ тұратын Сырдария өзенінің 260 шақырымы аудан аумағын алып жатыр. Оның айналасында Жөлек, Ортақшыл, Қоғалы, Тартоғай, Қарғалы ауылдары орналасқан. Бұл елді мекендердегі 1409 үйде 7500-ден аса адам тұрады. Дарияның арғы бетіндегі ағайынды орталықпен байланыстыратын 1 қалқымалы өткел, 3 көпір бар. Өзеннің суы арнасынан таси қалған жағдайда қауіп алдымен осы елді мекендерге төнеді. Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан аудан көлемінде су басуы ықтимал аумақтан қауіпсіз аймаққа орналастыру ісшарасының арнайы жоспары жасалынған. Мәселен, аудан бойынша Сырдария өзеніндегі су тасқыны қаупі бар елді мекендердің тұрғындарын көшіру үшін эвакуациялық 9 жинақтау, 10 қабылдау пункттері жұмыс жасайды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» су тасқыны күрделенген жағдайда қорғаудың 14 қызметі және 54 техника, 181 адам дайын тұр.

Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бағлан Бөлешұлы баяндады. – Сырдария аумағындағы қорғаныс бөгетінің ұзындығы жалпы 71,6 шақырымды құрайды. Оң жағалауы – 63,3 шақырым, сол жағалауы – 3 шақырымды алып жатыр. Аудан аумағы арқылы қазіргі таңда өтіп жатқан судың көлемі секундына - 200м3, – деген ол төтенше жағдайлар бөлімі су тасқыны бола қалған жағдайда апатқа қарсы шаралар ұйымдастырылғанын жеткізді. – Жалпы тасқыннан өзге кез келген төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда халықты эвакуациялау үшін 16 жинақтау, 23 қабылдау эвакуациялық пункті бар. Биыл жергілікті бюджеттен төтенше жағдайлар резервіне 2 млн теңге, шұғыл шығындарға арналған резервтік қорға 8 млн теңге қаржы қаралған. Мамандардың айтуынша материалдықтехникалық қор да түгел. 4 тонна дизель, 5 тонна бензин, 20 тонна қой тас, 2000 қамыс бауы, 5000 қап сақадай сай тұр, – дейді Бағлан Бөлешұлы. Өткен жиындардың бірінде аудан басшысы алдағы қыс-көктем кезеңдерінде су тасқыны қауіп тудыруы мүмкін деп танылған нысандарды шұғыл қалпына келтіруді тапсырған болатын. Мұндай бөгеттің бірі Жөлек ауылдық округіне қарасты «Жөлек-Жуантөбе» автожолы тұсында орналасқан. Жуырда Сырдария өзенінің сол жағалау учаскесі қорғаныс бөгеті демеушілік есебінен жөндеуден өтті. Бөгеттің ұзындығы 700 метрді алып жатыр. Жиында аудан әкімі «Шиелі сушар» өндірістік учаскесі басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Исабайұлына және Шиелі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Бағлан Бөлешұлы су деңгейі көтерілген жағдайда қабылданатын іс-шараларды үнемі пысықтап отыруды тапсырды. Содан соң А.Жандарбеков ауданда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжоловқа Шиелі кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру орны саналатын «Сасқұм» полигоны жанынан сұрыптау кешенін салу жөніндегі жұмыстардың барысын қадағалауды тапсырды. Кешеннің жоба құны – 254,5 млн теңге. Қазіргі таңда жауапкершілігі шектеулі серіктестік тарапынан қажетті құжаттар әзірленіп, өнеркәсіпті дамыту қорынан тексерудің қорытысын күтуде. – Табиғи апаттың алдын алу, жол бермеу – кезек күттірмес міндет. Оны жүйелі жүзеге асыруда тиісті бөлім басшыларынан жекелей жауапкершілік сұралады, — деді аудан әкімі А.Насриддинұлы. Жер бусанып, тіршілікке жан бітіретін биылғы көктем ақтөбеліктерді әбігерге түсіргені ұмытыла қойған жоқ. Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты елдің он аймағында төтенше жағдай жариялады. Олар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Иә, көктемде асау мінез танытқан су тасқыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында болды. Қазақстандықтарға арнайы үндеу жолдап, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болатынын айтты. Сондай-ақ тасқын салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес барысында бірқатар әкімдердің қызметіне сәйкес келмейтінін тілге тиек етіп, сынға алды. Тиісінше Президент тапсырмасы бойынша шұғыл шаралар қабылданып, су тасқынынан келген залал уақытылы қалпына келтірілді. Қазақстанда көктем сайын қайталанатын су тасқынынан кейін қоғамда суды тиімді пайдалану мәселесі жиі айтыла бастады. Ернеуінен асып жататын өзен-көл мен еріген қар суы әбігерге салғанымен жазда қуаңшылықтан зардап шегетін кездер болады. Кей белсенділер көктемде асып-тасып жататын суды жинап, жаз мезгілінде пайдалануды ұсынып жатыр. Елді тасқын мен қуаңшылықтан құтқара алатын технология бар ма? Қазақстан суды қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр? Бұл сұрақтарды нақты жауабы әзірге белгісіз.
Гүлхан ЯХИЯ

14 қараша 2024 ж. 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031