Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «КІТАПХАНАШЫ – МЕН ҮШІН ҰЛЫ МАМАНДЫҚ»

«КІТАПХАНАШЫ – МЕН ҮШІН ҰЛЫ МАМАНДЫҚ»

«Әркім жұмақты әртүрлі елестетеді, маған ол әу бастан кітапхана бейнесінде елестейді» дейді жазушы Борхес. Шынында да, кітапхананың адам ғана емес, тұтас адамзаттың өркениетті қоғамға қадам басуындағы рөлі орасан. Осы орайда кітапхана қызметкерлерінің де еселі еңбегін айта кеткен жөн. Кітапханашылар күні қарсаңында саналы ғұмырын осы салада қызмет етуге арнаған ардагер Нағима Рысбекпен әңгімеміз де кітапхана әлемі төңірегінде өрбіген еді.
– Нағима апай, әңгімемізді кітапханашы мамандығын қалай таңдағаныңыздан бастасақ.
– Мектепте оқып жүргенімде Гүлжамал Ожанова деген кітапханашы апайымыз болатын. Сол кісінің жүрістұрысына, сөйлеу мәнеріне еліктеп өстік. Үнемі жанына оқушыларды үйіріп алып, әртүрлі кітаптар туралы мағлұмат беріп, қызықтыратын. Кітапты оқып болып, өткізуге келгенімізде міндетті түрде мазмұнын айтып беретінбіз. Сол кезде-ақ Гүлжамал апайыма ұқсасам, кітапханашы болсам деп армандайтынмын. Бала арманым адастырмады. Мектепті аяқтай сала әл Фараби атындағы Шымкент педагогикалық-мәдениет институтына кітапханашы мамандығы бойынша оқуға қабылдандым.
– Бүгінгі және бұрынғы оқырман арасында қандай айырмашылық бар?
– Оқырман ғана емес, жалпы жиырма отыз жыл бұрынғы адам да бөлек еді ғой. Бұрын оқырмандар кітапханаға жиі келетін. Тіпті жоқ кітапты іздеп жүріп, бір-бірімен алмасып оқитын. Ал қазір ақпарат заманы, адамдар кітапхана барып кітап алып оқуға ерінеді. Одан да керегін интернет қарай салған оңай. Бірақ кітапхана адам аз-кем аялдайтын, өз-өзімен болатын, өз уақытына өзі ие болатын бірден-бір орын ғой. Ал ол жердің аурасын қалыптастыру екі тарапқа да, яғни кітапханашы мен оқырман арасындағы әдемі қарым-қатынасқа байланысты.
– Жас оқырмандарға көңіліңіз тола ма?
Иә, толады. Кітапханаға жиі келетін жастар арасынан білімге, оқуға құмар балалар мен жастарды көремін. Бірақ көпшілігі ұзақ роман, поэмаларға уақыт құртқысы келмейді немесе жалығады. Оның орнына қысқа әңгімелерді, мақалаларды оқығанды жөн көреді. Бәлкім бұл да заман талабы, уақыттың сұранысынан шығар. Ал негізінен жылдан-жылға сауатты, білімге құштар өрендердің саны артып келеді дер едім.
– Өзіңіз жақсы көретін авторлор туралы айтсаңыз.
– Қ а з а қ ж а з у ш ы л а р ы н ы ң шығармаларын бала күннен оқып келемін. Парақтаған кітаптарымның тізімін айтсам, бүкіл кітапхананы тізіп шығатын секілдімін... Жан ләззаты үшін, ақылымды сергіту үшін үнемі оқуға тырысамын. Авторлар, шығармалар, әсерлер туралы айтсақ, бір сұхбаттың аясына сыймайдыау. Өйткені әдеби орта – менің де ортам. Дегенмен Фариза Оңғарсынованың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері қатты ұнайды. Жазушылардан Мұхтар Әуезовтың, Ілияс Есенберлиннің, Шерхан Мұртаза, Бексұлтан Нұржекеевтердің шығармаларын ерекше рахаттанып оқимын.
– Кітапханашы мамандығы сізге не берді?
– Кітапханашы болуым көп дүние берді. Бұл мен үшін ең ұлы мамандық. Кітапханада жұмыс істеп жүріп көптеген мәдени шаралардың ортасында жүрдім. Әйгілі ақын-жазушылармен, еңбек адамдарымен кездесіп, олардың өмірге азық болар рухани әңгімелерін өз ауыздарынан естуге мүмкіндік алдым. Кітапханашы – баға жетпес киелі мамандық. Осы қызметті атқара жүріп көптеген жетістіктерге жеттім. Саладағы ұзақ жылдар бойғы еңбегім елеусіз қалмады. Аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, «Мәдениет майталманы», «Кітапхана ісінің ардагері», «Еңбек даңқы» медальдарымен марапатталдым.
– Кітапханашылар барлығы дерлік биязы, жұмсақ мінезді келеді. Неліктен деп ойлайсыз? Жүре келе мамандыққа бейімделу ме? Әлде жұмсақ мінезділер ғана кітапханашы болуды таңдай ма?
– Иә, кітапханашылардың барлығы биязы болады. Себебі халықпен, оқырмандармен, көпшілікпен жұмыс жасайды. Оның үстіне кітапты насихаттаушылар көркем мінезді болуға міндетті.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!
Гүлхан ЯХИЯ
28 қазан 2024 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930