Кітап – кемелденудің кепілі
Кітап – кемелденуіңіздің кепілі. Шындығында дүниеде кітап пен кітапхана болмаса, адамдар рухани білімін ұдайы жетілдіріп отырмаса, бұл өмірде тоғышарлық орнығатын еді. Адамзаттың сауатсыздануы, адами құлдырауы басталған болар еді. Себебі, кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені. Ал кітапханашы сол мекендегі рухани қазынаның шырақшысы әрі ақыл-ой әлеміне жол сілтеуші іспетті.
ХХІ ғасыр – руханияттың, мәдениеттің һәм ақпараттың ғасыры. Сол үшін жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі ел тұтқасы. Болашақ мамандардың заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына қажетті ресурсты кітапханадан табасыз. Қазіргі заманауи технологиялардың қарыштап дамыған заманында кітапхананың назардан тыс қалмай, әрдайым оқырманға мінсіз қызмет етуі, кітапқа, мерзімді басылымдарға қызығушылығын арттыруы, әлем әдебиеті мен мәдениетін насихаттауы, Отанымыздың тарихын, мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, зиялыларының өмірі мен шығармашылығымен таныстыруы және білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық.
ХХІ ғасыр – руханияттың, мәдениеттің һәм ақпараттың ғасыры. Сол үшін жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Бүгінгі шәкірттер – ертеңгі ел тұтқасы. Болашақ мамандардың заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына қажетті ресурсты кітапханадан табасыз. Қазіргі заманауи технологиялардың қарыштап дамыған заманында кітапхананың назардан тыс қалмай, әрдайым оқырманға мінсіз қызмет етуі, кітапқа, мерзімді басылымдарға қызығушылығын арттыруы, әлем әдебиеті мен мәдениетін насихаттауы, Отанымыздың тарихын, мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, зиялыларының өмірі мен шығармашылығымен таныстыруы және білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық.
Жалпы жас ұрпақтың бойында патриоттық, әділдік, бауырмалдық қасиеттерді қалыптастыруда кітапхананың маңызы өте зор. Оқушыларды тәрбиелеу кітапхана босағасын аттағаннан басталады. Сонымен қоса кітапхананың ішкі безендірілуі талап пен талғамға сай болуын қамтамасыз етіп, оқушы кітапхана бөлмесіне кіргенде мәдени орталық екенін сезінуіне жағдай жасалуы керек. Осы арқылы оларды кітапқұмарлыққа, сауаттылыққа, дүниетанымын кеңейтуге, сөздік қорын молайтуға баулимыз.
Бүгінгі мақсат – дамыған елдермен терезе теңестіру. Бұл төл тарихымыз бен әдебиетіміз арқылы жемісті бола бермек. Сондықтан оқудан қол үзбейтін оқырмандарды көбейтіп, оқу-тәрбие жұмысы оң болуына үздіксіз еңбек ету керек. Жаңалыққа жаны құмар жасөспірім бойына ақпарат айдынында адастырмайтын ақпараттық мәдениетті сіңіру үшін айналасына арнайы дағды, машық дәнін себетін ақпараттық ортаны құратын мектеп кітапханасы екенін әсте естен шығармау керек.
Осы қоғамда өмір сүріп жатқан мына сіз де, мен де мектепте білім алдық. Әр мектепте бір кітапханашы болатынын жақсы білеміз. Олардың қызметі де көз алдымызда. Біз олардың бір өзі бірнеше міндетті атқаратынын өз көзімізбен көрдік. Кітапханашылар әркез мектепте мұғалімдермен бірдей қызмет етіп, бала тәрбиесіне де, қоғамдық іс-шараларға да белсене араласып жүретін. Әйтсе де, олардың педагог болмағандықтан, мектеп мұғалімдерімен мәртебесі бірдей еместігі көңілге келеді. Мектеп кітапханашылары техникалық қызметкер болғандықтан, олардың айлығы да аз. Жаңа жылдан бастап мектеп ұстаздардың жалақысы өскен кезде мектеп кітапханашысының айлық жалақысы сол күйі өзгеріссіз қалды. Оған статистика комитетінің мәліметі дәлел. Мысалы, 2018 жылы елдегі орташа айлық жалақы 152,4 мың теңге болған, ал 2019 жылдың алғашқы үш айында орташа айлық жалақы 10,5 пайызға өсіп, 168,5 мың теңгені құраған. Енді дәл осы комитеттің сайтында қаңтардағы бағалау бойынша орташа айлық жалақының көрсеткіші – 197 950 теңге. Яғни орташа айлық жалақының соңғы үш жылда бірнеше пайызға өскенін көреміз. Бірақ мектеп кітапханашыларының айлығы осы орташа айлық жалақының шеніне де маңайлай алмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ» деп айтқан болатын. Көңілге демеу болатын жалғыз нәрсе – Мемлекет басшысының өзі кітапханашылардың жағдайынан хабардар.
Кітап оқу – өнер. Кітапсыз ешкімнің де алға баса алмасы анық. Кітап ел мен елді жақындастырар, түсінікке бастар рухани дүниеге негіз қалайды. Ақпарат пен білім кітап әлеміндегі шегі жоқ ұлы көш деуге болады. Ұстаздар мен оқушылардың сапалы білім алуының кепілі ретінде білім мен ақпаратты беру және іздестірумен қамтамасыз ету, рухани байыту – кітапхана мен кітапханашының төл ісі. Бүгінде мектеп кітапханасы білім ошағының өркендеуі мен қалыптасуы және балалар мен жасөспірімдерге тәрбие беруінде үлкен демеу болып келеді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
Сұлушаш МАДИЯРОВА