АҚЫН – ӘБІЛАСАН 70 ЖАСТА
«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» демекші, ақындарға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. Осыған орай жақында №150 орта мектебі КММ-нің ұйымдастыруымен ақын Әбіласан Әлімбетұлының 70 жасқа толуына орай «Өмірімнің өзегі» атты шығармашылық кеші өтті. Әдебиет пен мәдениет кеші өлең-жырмен өрнектеліп, әуенсазбен әсемделді. Салтанатты кешке Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Гүлшар Әбдіқадырова, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының консультанты Біржан Өтебай және әуесқой сазгер Өтепберген Жұмабекұлы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мақсұт Әбдімомынов, аудан ардагері Сейітхан Тұрысбеков, әнші-сазгер, ақын Әл-Фараби Бекарысұлы, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшілері қатысты.
Кешті мектеп директоры Нұрлан Батырбеков пен аудандық «AMANAT» партиясы филиалының консультанты Біржан Өтебаев ашып беріп, Әбіласан Әлімбетұлының шығармашылығына тоқталып, «Өмірімнің өзегі» авторлық кітабының иегерін 70 жас мерейтойымен құттықтады. Сондайақ «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ж.Баймұратованың Алғысын табыстады. – Құрметті ауыл тұрғындары, қонақтар! Өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне деген сүйіспеншіліктерін ояту біздің келер ұрпаққа жасаған игі істеріміздің бірі болмақ. Саналы ғұмырын өнерге, өлеңге, елге адал қызмет етуге арнап, бүгінде ел ағасы атанған Әбіласан Әлімбетұлы поэзияның шамын жаққан, қаншама отты жырларын сан алуан тақырыпта дүниеге әкелген ақын десек, артық айтпағандығымыз. Оның дәлелі «Өмірімнің өзегі» атты кітабына көз жүгіртсеңіз, өлеңнің тұнығына бойлағандай боласыз, – деді мектеп басшысы. Кеш иесі де толассыз тілек-лебіздер үшін алғыс білдіріп, дүркін-дүркін өлеңдерін оқып беріп отырды. Бірде тұңғиық, бірде тым биік сезімге құлшындыратын ойтолғамдарымен көрермендерін ұйытты. ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил: «Ақын болу – жүректерге жақын болу. Мен де Әбіласан інімнің жүректен төгілген жырларын жүрегіммен қабылдап оқып шықтым. Керемет, тамаша. Бұл заманда шексіз, түпсіз интернет желісі кітап түгілі күнделікті газет-журналдарды оқуға мүмкіндік берер емес. Оның бәрі уақытша нәрсе көрінеді маған. Ақыл-ой дәрісі – кітапқа ештеңе жетпес. ... Кейде тылсым, тыныштық күй кешемін, Меңіреу тұңғиықпен үндесемін. Бір дамылдап алайын, ей шабытым, Қаға бермей қақпаңды күнде сенің – дейді, Әбіласан ақын тұңғыш жинағының эпилогында. Сәл демалсын. Шабыт толқыны тасқындап, кенерінен асып төгілсін. Біз жерлесіміз, ортақшылдық қарапайым ауыл еңбеккері Әбіласан Жүсіп қаламынан туған жаңа жырлар күтеміз. Оның эстетикалық талғамы жоғары, өз бояуы, өзіндік қалауы бар өлеңдері адамды терең ойға батырады. Өзі қалай қарапайым болса, сөздері де ауылдың қарапайым тілімен еркін жазылған. Оқырмандарға жақын, жылы, түсінікті. Оқыңыз. Жинақ жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа, шыншылдыққа үндейді. Жинақтан ауылдың иісі аңқып тұр. «Өмірімнің өзегі» де кітап сөремнен орын алды. Қуаныштымын» деп бағасын берген екен. Шынында, поэзия – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына. Туған жердің көркеюі мен келісті келбеті ақын ағаның көрікті жырлары келесі буынға өнеге дерсіз. Шығармашылық кештің кейіпкері туралы қысқаша дерек келтірсек, Әбіласан Әлімбетұлы 1954 жылы 15 наурызда «Ортақшыл» топырағында дүниеге келген. 1961 жылы ауыл мектебіне барып, 1971 жыл бітіріп шыққан. 1972 жыл 1971 жыл әскер қатарында болып, келген соң «Сырдария» совхозында жүргізуші болып жұмыс істеген. Кейінгі жылдары егін шаруашылығында қызмет атқара жүріп отбасын құрған. Алты баланы өсіріп-тәрбиелеген асқар тау әке. 2017 жылдан бастап зейнеткерлікте. Ақынның айтуынша, жастайынан поэзияға қызығып, өлеңдер жазып жүрген. Содан шығармашылығын шыңдап, жырларын жинақтап, 2019 жылы «Өмірімнің өзегі» атты туындысы жарық көреді. Кеш соңында білім бөлімінің басшысы Гүлшар Бердалықызы мерейтой иесіне ризашылық білдіріп, келешек ұрпақ тәрбиелеуде еңбегі зор екенін айта келе, иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ кеш иесінің достары, туыстары және ауыл ардагерлері де Әбіласан ағаға жылы лебізін білдіріп, құрметін көрсетті. Ауылдық клуб үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін оқып, әндер шырқады. Осылайша «Ортақшыл» ауылы күздің сыршыл күнінде көркем өлеңнің хас шебері – Әбіласан ақынды жетпістің белесіне шығарды.
Айнұр ИБРАШ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ