ҚАСИЕТТІ ДАЛАНЫ ДҮБІРЛЕТКЕН БАБА ТОЙЫ
Қазақ – қашан да өткенін ұмытпай, өзінің ұлттық тұтастығын түпкі іргесі мен болашаққа деген асқақ сенімін бойтұмардай бағалап сақтай білетін халық. Жеті атасын жаттап, керек кезде бір үйдің баласындай ұйыса алатын қасиеті тағы бар. Оны біз жақында Бәйгеқұм ауылындаөткен шарапаты мол іс-шарадан анық аңғардық.
Дана халқының тарихында билер сөзінің маңызы айрықша. Даудамайдың жілігін шағып, кінәлі жақтың да көкірегіне сарымайдай жағатын сөз тапқырлығымен, әділдігімен дараланатын. Қазақ елі тарихи би-шешендерге бай. Солардың бірі де, бірегейі – Бала би. Ол кешегі ХІХ ғасырдың бел ортасында Сыр бойы, Шиелі ауданы ««Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхозының жерінде (Қазіргі Бала би ауылында) дүниеге келген. Оның азан шақырып қойған аты Бименбет.
Ол 1811 жылы туып, 1875 жылы дүниеден озған. Әкесі Есенәлінің кенже ұлы. Бименбет 13 жасында әкеден айырылып, ағаларының айтқанын істеп, оларға көмекші болып шаруаға араласады, қозы-лақ, бұзау бағады. Тумысынан зерек, пысық болған ол ел-жұртпен біте қайнасып өседі. Өмір қиыншылықтары оны ерте есейтеді. Әкесінің інісі айтулы Арғынбай бидің тәрбиесінде болып, жас кезінен көне көзді қариялардан көп өсиет, өнеге көреді. Арғынбай көкесінің шешендігінен үлгі алып, Бименбет ел ішіндегі дау-дамайларды шешуге ерте араласады. Оның адалдығына, әділдігіне, ой-қабілетінің кеңдігіне, ақыл-парасатының тереңдігіне, өресінің биік, тапқырлығының молдығына, шешілуі қиын айтыс-тартыстарда өз ойын, айтар сөзін батыл, әділ айтып, дуалы ауыз ел қарияларының берген бағаларына сай Бименбет халық арасында Бала би атанып кетеді. Міне, осы әйгілі би, бабамызға арнап ұрпақтары Бәйгеқұм ауылында ас берді. Сонымен қатар осы ауылда арнайы дайындалған алаңда мәденикөпшілік шаралар өткізіліп, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз паш етілді. Сондай-ақ шара барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, Жетісу мен Сарыарқадан, Шығыс пен Батыстан, Оңтүстік пен Сыр жағасынан келген қонақтар мен аудан тұрғындарына ризашылығын білдіріп, бабаларға етілген құрметтің бір көрінісі ретінде өткізілген шараға сәттілік тіледі. – Құрметті жиналған қауым! Өткенін ұмытпау, қариясын құрметтеу, үлкенін сыйлау секілді адами қасиеттердің жарқын көрінісі қазақ халқына ғана тән десек артық айтқанымыз емес. Аты аңызға айналған әулиелер – Оқшы ата, Асан ата, Есабыз әулие, Ғайып әулие, Қыш ата, Хазірет ата, Иман ата, Шүкір ата, Ахмет ата, Бала би, Досбол би осы киелі топырақта өз ұрпағына тілекші болып жатыр. Біздің көп жетістігімізге олардың өзіндік үлестері бар екендігін ұмытпай, бас иіп, құрмет тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» – деп ұлт сабақтастығын сақтауды, бар мұрамызды болашақ ұрпаққа мұртын бұзбай жеткізуді насихаттаған болатын. Осынау келелі үрдісті жандандырып, адами қасиетердің жарқын көрінісін бойына жиып, адамгершілік пен қарапайымдылықты жанына серік еткен Шиелі ауданының Құрметті азаматы, меценат Темірхан Әлімқұлов ағамыз бүгін Бәйгеқұм ауылында Бала би бабамызға арнап көпшілікке ас беруде. Бүгінгі шара – үлкен қуаныш мерейлі мәртебелі іс. Адам ұрпағымен мың жасайды дегендей, бабаларға етілген құрметтің бір көрінісі ретінде ұйымдастырылып отырған осындай іс-шара өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі болғай, – деді аудан басшысы. Әрі қарай баба рухына арнап Құран бағышталып, «Жастар» театрының қойылымы қойылып, игілікті шаралармен жалғасын тапты.
БОЗКІЛЕМДЕ БЕЛДЕСТІ БАЛУАНДАРӘрі қарай шараның шырайын бозкілемде белдескен балуандар кіргізді. Қазақ күресінен 55 келі салмақ дәрежесіндегі ересектер арасындағы «Бала би баба» атындағы республикалық турнир өтті. Әмбеге аян, қазақша күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп. Белдесуді тамашалаған халықтың қарасы көп болды. Қатысқан балуандар да осал емес. Иықтан асыра лақтыру әдісі, іштен шалып жығу, сырттан шалып жығу және қарсыласын қырқа шалып жығу секілді тәсілдерді көріп, тартысты күреске куә болдық. Белдесу барысында жеңіс те, жеңіліс те болды. Соның нәтижесінде I орынды Б.Төлепов жеңіп алса, II орынға Т.Руслан лайықты деп саналды. Ал ІІІ орын Д.Ниетбайға бұйырды.
АҚЫНДАР АЙТЫСЫНА АРҚАУ БОЛДЫ
Қабырғалы қазақ елі сара өнер мен дара ерлікті дәріптеуді ұлық тұтқан. Ал осындай елдіктің ерен болмысын көрсетуде Сыр елінің шоқтығы биік болып тұр. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өрісті өнегенің белгісі. Даңқы тұтас елді шарпыған Бала би бабамыздың рухына ұйымдастырылған шара міне, осындай пайым парасатқа ие болды. Тойдың сәні – ән мен жыр. «Думан той» әнінен бастап, ел мерейін тасытатын әуендермен көптің көңілін сергітіп тастаған өнерпаздар да аянып қалмады. Мұнан әрі игі шарада «Қазақ халқының қайталанбас тұлғасы» атты бабамыз жайлы ғылыми баяндама тыңдалды. Сонымен қатар сахнаның төрінде «Мыңжылдық мирас» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Айта кетейік, ас пен тойдың қызығы – айтыс. Баба тойына елімізге белгілі ақындар келді. Аузымен құс тістеген сөз ұсталары елді әділдігімен қорғаған бабамыздың даналығын жырмен тербетіп, елдіктің, бірліктің байрағы болар айшықты ойларды асқақтатты. Көмбе көрінгенде қамшы басатын шабандоздай шаң жұқпас жүйріктер бөлініп шыққан – ақтық айналымдағы ақындар жиналған қауымның қолын ұрғызып, жанына өнер ләззатын сыйлады десек, артық айтқанымыз болмас. Жүйелі сөз, өрнекті өлеңнің бал-шарбатына қандырған ақындар аузынан маржан төгіліп, көрерменге көркемдік сыйын жасады. Шарада жазба ақындар мүшәйрасы да қалыс қалмады.
Қазақтың тойы ат шаппай, аламансыз өткен емес. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келіп, нағыз жүйріктер жарысты. Бәйге Бала би ауылында өтті. Сәйгүлік қосылған дүбірлі дода тай жарысынан басталды. Ә дегеннен құлақ қайшыласып, айналма жолдың апшысын қуырып әкеткен кіл жүйріктердің шабысын шараның ең бір керемет тартуы десе болар. Жал-құйрығы сүзілген жүйріктерді тақымында толқытқан қаршадай балалардың бақ пен бап бәсіндегі өнері қара құрым халықтың қызу қошеметімен әрленіп кетті. Тай бәйгесінде бірінші болып Майлытоғайдың жүйрігі оза шапты. Ал екінші болып бестамдық батыр келсе, үшінші болып Бала би ауылының шабандозы мәреге жетті. Құнан бәйгесі де тартысты әрі қызықты өтіп, шабандоздар халықтың ыстық ықыласына бөленді. Айтпақшы, жарыстың қызығы аламан бәйгесінде көрініс тапты. Бұл бәйгеде Жамбылдан келген шабандоздың жүйрігі бәрінен оза шапқаны рас. Расымен, «Жылқы малдың патшасы» деген даналық сөзге осындайда шын иланасыз. Жылқы десе делебесі қозып кететін халықты осы бір ғажайып сәт тіпті, толқытып жіберді. Ат тері мен бала бейнетін бағалайтын азаматтар бізде аз емес. «Тарихтың талай тайғағын кешіп, халқының жадынан өшпестей орын алған, ел аузында өсиеттің үлгісі болып қалған Бала бидей дара есімнің өз ұрпағына ғана қызмет етуін ойлаған болсақ, ол біздің ісіміздегі бір кемшілік секілді болып көрінер еді. Себебі, Бала би бір рудың ғана биі болған жоқ. Ол Арқаға да, Аралға да, Ташкентке де барып билік сөзін айтқан, қаншама елдік мүдденің тартысын шешкен. Екі рудың не екі елдің арасындағы дау, келіспеушілік мәселесінің шешімін батырлар емес, билер айтқан. Күшке бағынбайтын жұрт тілге тоқтаған. Қазақтың «тілмен түйгенді тіспен шешпейд» деген мақалы сол бір заманның оқиғаларынан туған шығар» – деп жазады Бала бидің төртінші ұрпағы, Шиелі ауданының және Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» Темірхан Әлімқұлов «Мыңжылдық мирас» кітабында. Осылайша қасиетті даланы дүбірлеткен тағылымы мол шара Бала би бабаның туған топырағында тәлім мен тамашаның, береке мен мерекенің сұлулығын тағы бір сүйіншіледі.
Айнұр ИБРАШ