МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Мал өсірудің мәйегі – асылдандыру жұмысы. Соңғы жылдары Қазақстандағы егіншілік пен мал шаруашылығына мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетілуде. Ауыл шаруашылық саласына өте қолайлы Шиелі ауданында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ерекше қолға алынып, мал басы жылданжылға артып келеді. Шаруашылық қожалықтары асыл тұқымды мал басын арттыруды қолға алған. Себебі, асыл тұқымды мал өнімді болғандықтан, одан келер пайда да мол.
Шиелі ауданы негізінен агроөнеркәсіпті өңір болғандықтан, мал санын көбейту, асылдандыру жұмыстарына жіті көңіл бөліп келеді. Бүгінде ауданда мал шаруашылығын асылдандыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жетістікте жаман емес. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, асыл тұқымды мүйізді ірі қараның саны 2171 басқа, асыл тұқымды қой малының саны 60111 басқа жеткен. Ал, асыл тұқымды түйе 367 басқа көбейсе, асыл тұқымды жылқы 281 басты құрап отыр. ХІХ ғасырда қазақ даласында британдық герефорд бұқасы мен қалмақтың ірі қарасын будандастыру арқылы қазақтың асылтұқымды ақбас сиыры пайда болды. Бұқасы орта есеппен 800-900 келі, сиыры 450-500 келі тартатын тұқымға халық «құттымал» деп айдар тақты. Ресми мәліметтерге қарасақ, кезінде саны 1 жарым миллионға жуықтаған қазақтың ақбас сиырының қазір небәрі 637 мыңы ғана қалыпты. Егер ақбас тұқымды сиыр өсіруді қолға алсақ, жылына 60 мың тонна ет экспорттауға таптырмас мүмкіндік туады екен. Себебі, қазақтың ірі қарасы ет беру жағынан шетелдік асылтұқымды сиырлардан еш қалыспайды. Олар жайылым таңдамайды. Шөлге де, табиғат қолайсыздықтарына да шыдамды дейді мамандар. Қазақтың ақбас сиыры – ТМД-да алғаш болып шығарылған арнаулы етті бағыттағы ірі қара тұқымы. Жергілікті жердің табиғи өзгешеліктері мен азықтық ерекшеліктеріне әбден бейімделген. Жазда ыстыққа, қыста аязға өте төзімді. Осыны ескерген аудан шаруалары қазақтың “ақбас” деп аталатын ірі қара төлінің санын мейлінше арттыруды көздеп отыр. А с ы л ы н д а , адамзат баласын еңбек өсіреді. «Ер – егіз, ал еңбексіз – жалғыз» дейтініміз де сондықтан. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұстастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлім-тәрбие мен жанжағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. “Ауыл аманаты” жобасы арқылы игілікті бастаманы қолға алған жас кәсіпкер Нұрдана Нұрлыбекқызы асыл тұқымды жылқы санын көбейтуге бет бұрған. Ол мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, Жамбыл облысынан жамбы тұқымды 14 бас бие, 1 айғыр сатып әкелген. – Қазақ халқы “Жылқы – төрт түліктің төресі” деп, жылқыны мінсе көлік, жесе азық, ішсе сусын ретінде пайдаланған. Біз 2023 жылдан бастап осы жылқы төлін асылдандыруды жолдасым екеуміз қолға алдық. Бұл жылқы түрінің еті дәмді ә р і құнарлы. С а л м а қ қосу үшін де көп уақыттың қажеті жоқ. Әрі Қазақстанда сұранысқа ие. Осылай мал басын асылдандыру арқылы, аудандағы мал шаруашылығының дамуына өз үлесімді қоссам деймін. Алдағы уақытта көзделіп отырған мақсат, текті жабы жылқысының санын арттыру, – дейді қожалық иесі. Иә, кәсіп бастаймын деген жанға қазір тиісті қолдау көп. Тек оның көзін тауып, атадан келе жатқан кәсіпті адал атқара білсе болғаны. Біздің де мақсатымыз адал бейнетпен іс жасап отырған еңбек адамдарын өзгелерге насихат етіп, қай салада болсын өз үлесін қосуға шақыру. Ал өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып, асыл тұқымды мал санын арттырып, тындырымды тірлік жасап жүрген кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілейміз.
Мейіржан Ибрагимов