Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТ САРБАЛАЕВ – МАМАНДАНҒАН СЫНШЫ

БАҚЫТ САРБАЛАЕВ – МАМАНДАНҒАН СЫНШЫ

Әдеби сын жазба әдебиетің дамуымен тығыз байланысты десек, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың әдебиетке қатысты ойпікірлері – қазақ әдеби сынының бастауы. Бүгінде қазақ әдеби сыны кез-келген елдің әдебиет сыны саласымен теңесе алады. Бұл аралықта қазақ әдеби сыны талай бұралаң жолдарды бастан кешірді. 1920-30 жылдары тұрпайы социологиялық, 1940-1960 жылдары нормативтік, идеологиялық сынның зардаптарын шекті. Соған қарамастан қазақ әдеби сыны ылғи ілгері ұмтылыста болды. 1960 жылдардың жылымығында сын кең арнаға түсті десек, Қ.Нұрмаханов, Ә.Кекілбаев, М.Әуезов, А.Сүлейменов, Р.Нұрғалиев сынды сыншылардың тобын, 70-жылдар тұсында З. Серікқалиев, Т. Тоқбергенов, С.Әшімбаев, Б.Сарбалаев, Ж.Дәдебаев, Т.Жұртбаев, Т.Мамасейтов, Б.Ыбырайымов, Қ.Ергөбек тағы басқа толықтырды.
Ш. Елеукенов: «Сын – әдебиет айнасы және оның өмір сүрген ортасы. Көркем туындының қай дәуірдің, заманнның болсын әдебиет процесінде біте қайнасуы көп жағдайда сынның аузына алыну-алынбауына байланысты. Сонымен бірге әдеби көркем сын – қоғамды өзінөзіне танытатын құралдың бірі . Сол себепті ол философия, политология, психология, эстетика тағы басқа гуманитарлық ғылымдардың жетістіктерін кеңінен пайдаланады. Және өзі де соларға сондай қызмет атқарады. Аталған қасиеттер сын туралы ғылымға тән» десе, 60-жылдардың аяғы мен 70-80 жылдардағы әдеби сынға келушілер осы қасиеттерді бойларына жинақтай келді. Сөйтіп, 1970-1980 жылдары сын интеллектуальды- эстетикалық сын бағытындағы мамандармен толықты. Бұл тұстағы көркем әдебиеттің өркендеуі де әдеби сын дамуына мұрындық болды. 70-80 жылдар аумағында әдебиетіміздің барлық жанрында ізденіс, ілгерілеу процесі өріс алды. ҚР ҰҒА-нің академигі С.Қирабаев: «Жалпы алғанда бұл дәуірде Қазақстандағы әдеби қозғалыс қарқынмен жүрді. Қаламгерлердің қатары молайып, 600-ге жетті. Әдебиет жанрларының барлық түрі өзінің тұрақты кадрларын дайындап, қатар тең дамыды. Реалистік әдебиеттің бет алысын танытатын проза, оның үлкен жанрлары кең көлемде дамыды», – дейді. Әдеби сынның дамуы көркем әдебиеттің дамуымен тікелей байланысты екендігі белгілі. Сын болу үшін оның обьектісі көркем әдебиеттің болуы шарт. Олай болса, 70-80 жылдары қазақ әдебиетінде сыни ой-пікірлердің жандана түсуіне осындай обьективті шарттылықтар болды. Сол тұстағы әдеби сынның авторлық құрамының өзі кең ауқымды қамтиды. Белгілі сыншы ғалым Т.Кәкішев: «Сын жанры коллективтік ой-пікірдің жемісі. Оның дүниеге келуіне, өсіп, өркендеуіне негізінен үш творчестволық арна әсер еттеді» – десе, 70-80 жылдардағы әдеби сын осы үш арнаның тығыз бірлігінен құралды: Бірінші арна – «өздерінің бар қуат дарынын, ақыл-ойын, эстетикалық талап-талғамы мен білігін сарқа жұмсайтын» профессионал сыншылардың аға буын өкілдері: М. Қаратаев, Р.Бердібаев, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Х.Әдібаев, Т.Кәкішев тағы басқа аға сыншылар дәстүрін жалғастырушы жаңа лек С.Әшімбаев, Төлеген Тоқбергенов, З.Серікқалиев, Р.Нұрғалиев, Б.Майтанов, Қ.Ергөбек, Ж.Дәдебаев, Б. Сарбалаев, Б.Ыбырайымов, А.Егеубаев. Т.Мамасейтов, Т.Сыдықов, Т. Жұртбаев тағы басқа маманданған сыншылар. Екінші арна – ақын-жазушылар өкілдерінен: Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, Қ.Бекхожин, С.Шаймерденов, Қ.Мұқамеджанов, Т.Ахтанов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев тағы басқа атауға болады. Үшінші арна – оқырмандардың да талғам деңгейі жоғары болды. Ал 70-90 жылдардағы әдеби сын процесінің авторлық құрамы, сынның әлеуметтікэстетикалық сипаты, жанрлық түрленуі, сынның қоғамдық сана дамуындағы рөлі, ішкі болмысы туралы ой қозғағанда, қазақ әдебиеті сынының өкілі Бақыт Сарбалаевтың әдеби сын еңбектерінде өзіндік пайымдаулар бар екенін оның сыни еңбектерінен айқын аңғаруға болады. Мысалы, сыншының «Өткірдің жүзі» кітабында қазақ әдеби сынының даму жолынды әдеби сынға қалам тартқан сыншылар толқынын жүйелегенінен аңғарамыз. Сыншы оларды үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші – ақсақал-сыншы ғалымдар. Олар: Ғаббас Тоқжанов, Қажым Жұмалиев, Бейсембай Кенжебаев, Әуелбек Қоңыратбаев, Мұхаметжан Қаратаевтар. Екінші – аға буын. Олар: Серік Қирабаев, Зйнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, олардан кейін Зейнолла Серкіқалиев, Рымғали Нұрғалиев. Үшінші – Бақыт өзін осы орта буыннан кейінгі толқынға жатқызады. Бұл толқын өкілдері: Сағат Әшімбаев, Бекен Ыбырайымов, Жанғара Дәдебаев, Әбсаттар Дербісәлиев, Дандай Ысқақұлы, Жанғара Дәдебаев, Сайлаубек Жұмабеков, Әлия Бөпежанова,Бақытжан Майтанов, Асқар Егеубаев тағы басқа Төртінші – жас толқын өкілдері: Құлбек Ергөбек, Қанипаш Мәдібаева, Қамбар Керейқұлов, Әуез Бейсебаев, Тұрсынжан Шапаев, Әмірхан Меңдекеевтерді атайды. Бұл еңбекте сыншы жас сыншылырға қамқорлық жетіспейтідігін нақты дәйектер мен салыстырулар арқылы ащы шындықты айта білді. Жас қаламгерлердің, жас сыншылардың өсуі, өркендеуі дегеніміз– олардың еңбектерін газет-журналдарда жариялау, төл кітаптарын шығару деп түсінеді. Кейінгі кездері жапы сынға қамқорлық болғанын айта келіп, қазақ сынының көшбасшысы М. Қаратаевтың «Асулар алда» кітабы үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлық алуы, шығармаларының 3 томдығы, С. Қирабаевтың 2 томдығы, С. Әшімбаевтің «Сын мұраты» кітабына Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілуі әлі де қанағаттандырмайтындығын айтады. Әрине, бұл шаралардың 1972 жылғы «Әдеби-көркем сын туралы», 1976 жылғы «Творчестволық жастармен жұмыс туралы» қаулылардан кейін жасалып отырғандығы айта келіп, жас сыншылардың кітабын шығаруды «Жалын» баспасының әлі салғырт қарап отырғанын өткір сынға алады. Сөйтіп әдеби өмірде үлкен серпіліс жасауға ықпал етті. Автор бүгінгі күн биігінен алып қарағанда әдеби өмірде динамикалық қозғалыс, серпінді екпін бар екенін де байқайды. Мәселен, «Мен М.Қаратаев, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, З.Серікқалиев, Р. Нұрғалиев секілді сыншыларды Одақтағы атақты талай-талай сыншылардан кем деп білмеймін. Немесе Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Ә.Нұрпейісовтерді айтпағанда Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, Қ.Жұмаділов және басқа белді қаламгерлеріміздің творчествосы Лениндік сыйлықтың лауреаты Нодар Думбадзе, Социалистік Еңбек Ері Валентин Распутиндер творчествосынан олқы соқпайтынын сенеміз. Бұл – қазақ болғандықтан өзіңе бұрған өзімшілдік емес. Керек десеңіз, өзім қатты сынаған Д. Досжановтың «Дария» романының өзі одақтас әдебиеттердің кейбір ауызға алынып жүрген романдарынан салмақсыз емес деп айта алар едім» – дейді. Міне, сыншы пайымынан әдеби өмірдің айнасы болған көркем әдебиет пен сынның социалистік реализм теориясы ауқымынан шыға бастап, әлем әдебиеті деңгейінде салыстырулар жүргізе бастағанын аңғартады. Талантты сыншының батылдығы мен принципшілдігі де айқын сезіледі. 70-90 жылдардағы қазақ әдеби сынын сөз еткенде, «Көркем-әдеби сын туралы» қаулыны (1972) айналып өту мүмкін емес. Кеңестік дәуірде кез келген іс жоспарлы түрде іске асатыны секілді бұл қаулы сынның алдағы міндеттерін жауынгерлік бағдарлама іспеттес белгілеп берді. Саяси идеология, партиялық бағытты негізгі басшылыққа алғанымен, бұл қаулы сол кезеңдегі әдеби-сын еңбектердің көптеп басылуына, сынның баспасөзде жандана түсуіне себепкер болғаны тарихи шындық. Алғашқы игі құбылыстардың бірі ретінде Жазушылар Одағының жанынан сын секциясы ашылды. Сыншылардың шығармашылығына көңіл аударылып, мемлекеттік деңгейде марапатталды. Сынға жағдай жасау тұсында екінші арна өкілдері – жазушылар да сынға белсене араласты. 1973 жылдан бастап сынға арналған «Уақыт және қаламгер» жинағы жыл сайын шығып тұратын болды. «Жалын», «Өнер» баспалары отау көтеріп, «Өнер» баспасы жылмажылдық альманағын жоспарлы түрде жарыққа шығарып тұрды. Өнерді, әдебиетті, сынды ешқандай қаулының күшімен жетектеп, зорлап тудырауға болмайтыны белгілі. Десек те, өнер, әдебиет қашан да қамқорлықты, жағдай жасауды қажет ететіні анық. Демек, өз тұсында үлкен әлеуметтік , мәдени іс-шаралардың дамуына мұрындық болған СОКП Орталық Комитетінің бұл «Әдеби-көркем сын туралы» қаулысы сол тұста талай өзекті істерге, сынның дамуына, сынның әдеби процестегі алар орнына бірденбір мән берген игі құбылыстардың бірі болды. Партия сынды өркендету, оның қырағылығын арттыру арқылы әдебиетті бақылауда ұстап отыруға тырысқанымен, жалпы алғанда, бұл қаулы сынның өркендеуіне қажет бірсыпыра ұйымдастыру жұмыстарына негіз салды. Әдеби сынның дамуы мен бүгінгі мәселелеріне арналған Жазушылар одағының арнаулы пленумы болды. Одақ жанындағы сын жұмысын жандандырып, әдебиеттің өзекті мәселелерін жиі талқылау дағдысына көшті. Оны сыншы әрдайым ескеріп отырады. 70-80 жылдары мен одан кейінгі жылдарда әдеби сынның дамуына бірденбір басты себептердің бірі сөзсіз көркем шығармашылықтың дамуы деп білеміз. Осы «Әдеби көркем сын туралы» қаулының шығуына орай жалпы әдебиетшілер, зерттеуші ғалымдар, жазушылар және кәсіби сыншылар топтасып, бірлесе отырып, әдеби сынды өрістетуге бірдей атсалысты. Бұлар сынды философиямен, эстетикамен ұштастыра білді. Ішкі дайындықтары мол, рухани ізденістер аясы кең, дүниетанымдық тұрғыдан қалыптасқан бұл сыншылар 70-90 жылдар аралығында өзіндік мінез, қолтаңбаларын анық танытатын бірнеше сын кітаптарын жариялап, қазақ әдеби сынын көркемдік жағынан байытты. Атап айтасақ, С.Әшімбаев «Сын мұраты» (1974), «Талантқа тағзым» (1982), «Парасатқа құштарлық» (1985), С.Серкіқалиев «Жылдар сазы» (1971), «Ақыл таразысы» (1976), Т.Тоқбергенов «Тоғыз тарау» (1974), «Үш тоғыс» (1977), «Қос ағыс» (1981), Р. Нұрғалиев «Күре тамыр» (1973), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), Қ.Ергөбек «Жан жылуы»(1981), Б.Майтанов «Көркемдік нәрі» (1983), Б.Ыбыраймов «Көркемдік көкжиегі» (1981), «Ой мен сөз» (1985), Б.Сарбалаев «Қызыл алма» (1981), «Ақиқат алдында» (1985), «Бейімбет Майлин» (1989), «Өткірдің жүзі» (1992), «Ілияс Жансүгіров» (1992), «Жиырма бес» (2008) және тағы басқа. 70-90 жылдардағы қазақ әдеби сынындағы жақсы үрдістің бірі «маманданған сыншы» мәселесінің сөз болуы. Бұл тұста әдебиет сынына келушілердің басты ерекшеліктерінің бірі олар маманданған сыншылық тұрғыдан көрінді. Бұл тұрғыда С.Қирабаев: «Әдебиетке биік өлшеммен қарау, белгілі бір жанрдың маңында мамандану жастар бойындағы жақсы өнеге болып көрінді» – дейді. Сонымен қатар бұл тұста қазақ әдебиет сын тарихында маманданған сыншылардың қалыптасуы, қалыптастыруы туралы мәселе арнайы ғылыми ортада сөз болды. Бұл сыншылардың ерекшелігі сол, өздерінің бұрынғы көркем сынның ең озық үлгілерін, шеберлік, стильдік параметрлерін, тәжірибелерін шығармашылықпен үйренуімен қатар, мәселені қою, проблемаларды көлденең тарту, қаламгерлік мәдениет пен жауапкершілік тәрізді өзекті жәйттерді салыстыра саралауға ден қойды. Сынның көркемдігі мен талғам биіктігі өрістей отырып, таным тереңдігі, сыншы концепциясы қалыптасты. Біз зерттеп отырған Б. Сарбалаев та маманданған сыншы деңгейіне көтерілді. 70-90 жылдары әдеби сында «сын-өнер» деп танушылық басты қағидаға айналса, ал өнердің өзіндік қолтаңбасы, стилі болуы керек десек, сыншылардың, әсіресе, маманданған сыншылардың жеке талдау стильдері қалыптасты деуге болады. Бұл тұрғыда З.Серкіқалиев, Б.Майтанов, С.Әшімбаев, Т.Тоқбергенов, Б.Сарбалаевтарды атауға болады. Сыншылық рух, сыншылдық пайым, көлкөсір білік аналитикалық ой-жүйесінің бірігуінен сомдалып, ол азаматтық- имандылыққа суарылса, сыншы С. Әшімбаев қазақтың ұлттық сыни көркем ойында осындай тұлғалардың бірі болды. Алдыңғы толқын сыншы ағалар үрдісін Б.Сарбалаев жалғастырды. Әдеби сында мол білімімен ерекшелденетін З. Серкіқалиев әлемдік классиканы, орыстың классикалық сынын терең игерумен қатар әдеби сын еңбектерінде бұл тұста жаңаша танымдағы болмыс бітімін танытты. Б.Сарбалаев та қаламгерлер Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов еңбектерінің көркемдік биігін әлемдік, одақтық әдебиеттегі белгілі қаламгерлермен қатар қойды. Т. Кәкішұлының сараптауы бойынша, біз Б. Сарбалаевты «Бар қуат дарынын», «ақыл,ойын, эстетикалық талап-талғам мен білігін сарқа жұмсаған» үшінші творчестволық арнаның өкілі болды дей аламыз Ж. Әбдірашевтің тілімен айтқанда «ауыстырып мінер аты жоқ «нағыз қара табан профессионал» сыншы қатарына жатқызамыз. Сыншы Б.Сарбалаев сынның өзекті мәселелерін ғылыми-эстетикалық негізде шешуге назар аударып отырды. Әдебиетіміздің сан алуан салмақты мәселелерін, толып жатқан толғақты жайларын қазып зерттеген, танып талдаған сын мақалалары күнделікті басылымдарда жиі жарық көріп тұрды. Олардың әрқайсысынан-ақ парасатты сыншының түйінді ойлары түйдек-түйдегімен халық көңілінен шықтыСыншы сынның өзекті мәселелерін ғылыми-эстетикалық негізде шешуге назар аударып отырды. Әдебиетіміздің сан алуан салмақты мәселелерін, толып жатқан толғақты жайларын қазып зерттеген, танып талдаған сын мақалалары күнделікті басылымдарда жиі жарық көріп тұрды. Олардың әрқайсысынан-ақ парасатты сыншының түйінді ойлары түйдектүйдегімен халық көңілінен шықты. Сын қай кезде де жауынгер жанр саналған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары, яғни, қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу кезеңінде «Әдебиет майданы» атты журнал шығып тұрды. Нақтырақ айтқанда, аталмыш әдебибұқаралық, қоғамдық-саяси басылым 1932-39 жылдар аралығында өмір сүрді. Онда ауыз әдебиетінің үлгілері, қазақ жазушыларының көркем шығармалары, әдеби-сын туындылары, публицистика, очерктер жиі жарияланды. Басылымның қалыптасуына Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Iлияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптары көп еңбек сіңірді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те үзбей мақала жазып, журналдың көркемдік сапасын арттыруға мол ықпал етті. Әуезовтің әдебиет сыны туралы арнайы теориялық мақала жазбағанымен, түрлі мәжіліс-кеңестердегі сөйлеген сөздерінде, әдебиет пен өнердің жеке өкілдері, жеке шығармалары жайлы жазған мақалаларында сынның міндеті, ерекшеліктері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып отырғаны белгілі. Ұлы жазушының ұранға бергісіз «Сын шын болсын, шын сын болсын!» деген нақыл сөзі әрбір сыншының парасатты принципі, толайым ұстанымы болды. Ол әлі күнге дейін өзектілігін, маңызын жойған да жоқ. Сол тұстағы әдеби үдеріс ұрыс даласын, мылтықсыз майданды көзге елестететін. Қазақ әдеби ұйымының басты басылымдарының бірі «Әдебиет майданы» деп аталуы да содан. Осы майданда әдеби сын әрдайым алғы шептен көрінді. Кеңес өкіметі мен компартия әдеби сынды шебер пайдалана отырып, оны идеялық қарсыластарға күшті қару ретінде қарсы жұмсады. Осы идеологиялық майдан үрдісі, алыптар шайқасы бертінге дейін, кеңес өкіметі құлағанша жалғасып келді. «Сын деген – әдебиеттің шекарасы. Сырттан атылған оқ та, іштен атылған оқ та алдымен соған тиеді. Ал, сыншы дегеніміз – сол әдебиет шекарасының сақшысы. Демек, оған қалғуға болмайды. Бір ғажабы – оған постыдан кетуге болмайды. Себебі, оны ешкім алмастыра алмайды. Демек, сыншы дегеніміз – сирек талант болумен қатар қоғамдық күрескер. Әдебиеттегі бірінші күрескер. Демек, ол әдебиеттегі жақсылыққа бірінші болып көз салып, жамандыққа бірінші болып аттандауға тиіс. Осы ретте оның мақталып, немесе датталып жатуы әбден заңды. Ол шекараны бұзушылардың жон терісін сыпырып қана қоймайды, оны әлгі шекараны бұзушылар соғып кетуі де мүмкін. Осының бәріне төзген адам ғана сыншы болса керек». Бұл – Бақыт Сарбалаевтың сыншылық кредосы.
Байқап отырсаңыз, оның сөзінде әдеби дегеннен гөрі, әскери дегенге көбірек келетін ұғымдар басымдық танытып тұр. Мұның өзі – сынның жауынгер жанр саналатынының жарқын көрінісі. Бақыт Сарбалаев өзі тиянақтап берген осы сыншылық кредосына барынша адал болды. Оны бүгінге дейін жазған мыңға жуық мақалаларынан, соларды іріктеп берген жинақтарынан анық байқауға болады. Б. Сарбалаевтың әрбір жинағы – оқырман үшін қызға ұсынған қызыл алмадай қыпқызыл сыйлық, ажарлы базарлық. Оның себебі – сыншының кітап шығаруға үлкен жауапкершілікпен қарауынан. Оны айтасыз, Бақыт тұтас жинақ түгіл әрбір мақаланы жазу алдында өзіне зор міндет жүктейді. Қатып қалған қалыптардан, сөз қайталаудан, ой ұқсастығынан қашып, әрдайым тың шығармашылыққа ұмтылады. Тіпті, тақырыптық атауларының өзінде әдеттегі сыни мақалалардың аттарына ұқсамайтын сонылық бірден көзге түседі. Кейбірінен жүрекке жұмсақ лиризм лебі есіп тұрса, кейбірінен революциялық жел соғады, бірінен салмақтылық салқыны сезілсе, бірінен ойнақылық оты шарпиды. Қазақ әдеби сынының қалыптасу, өсіпөркендеу барысында сынның жанрлық ерекшеліктері айқындалумен қатар оның басты түрлері шығармашылық тұрғыда игеріліп отырды. Сыншы сынның мақала, зерттеу, толғаныс, портрет, эссе, толғау, шолу, шығармашылық потрет, айтыс мақала, проблемалық мақала, сұқбат жазғандығын аңғарамыз. Сыншы сынның осы түрлерінің мазмұндық сапасын жаңартып, қалыптастыруға, сонымен қатар шығармашылық тұрғыда игерілуіне мол үлес қосты.
Мейіржан ИБРАГИМ



07 қазан 2024 ж. 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930