Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ КЕЛБЕТІ

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ КЕЛБЕТІ

Отан – ортақ үйіміз. Қазақстан – қара шаңырағымыз. Сол қара шаңыраққа қараған сайын көңілде дақ тұрмайды – шапағат тұрады, жүрек түбіне шер тұнбайды – махаббат тұнады. Неге? Себебі сол алып қара шаңырақтың өзі отбасы деп аталатын шағын-шағын шаңырақтардан құралады. Онсыз ортақ үй де, ортақ Отан да болмақ емес. Отанды ұлықтадық екен, Отбасын да ұмытпайық, ендеше.
2013 жылдан бастап елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы басталды. Бұл ауқымды жоба отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің қазақстандық имиджін қалыптастыруға арналды. Жыл сайын бұл жобаға халықтың үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Биыл байқау 11-рет өткізіліп отыр. Байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға Қазақстанның барлық аймақтарынан 3 369 өтінім түскен. Мұның өзі – біздің қоғамға отбасы құндылығын дәріптейтін, үлгі көрсететін ерекше жобаға айналғанын аңғартады. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да дәстүрге айналған.
Биыл он бірінші рет өткізілген байқауға қатысқан шиелілік отбасыларды марапаттау үшін «Арман» мәдениет үйінде мерекелік кеш өтті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Сағындықов ашты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отбасының әлеуетін көтеруге, ана мен баланы қорғауға, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында да осы мәселелерге назар аударып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған кезекті әлеуметтік бастамалар кешенін жариялады. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпалын тигізетіні анық. Қазақстандағы әр отбасы – еліміздің тірегі, жүрегі. Сіздердің байқауға белсенді қатысып, жеңімпаз атанып отырғандарыңыз – мен үшін қуаныш. Әр отбасы ұлттық құндылықтарды ¬бойына сіңіріп отырған балаларының қызығын көре берсін! Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі болып қала береді, – деп үлгілі отбасыларға ілтипат білдірді.
Айта өтейік, республикалық «Мерейлі отбасы – 2024» Ұлттық конкурсының аудандық деңгейіне қатысушы отбасыларды іріктеп, жеңімпаздарды анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Биыл конкурсқа қатысқан отбасылардың арасынан ең үздік деп танылған Мырзабаевтар мен Әбішбаевтар отбасының құжаттары облыстық кезеңге өтті.
Нәтижесінде Мырзабаевтар «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінен «Шуақты отбасы» номинациясын иеленсе, Әбішбаевтар отбасы «Ұлағатты отбасы» номинациясын иеленді. Ауданнан Мырзабаевтар мен Әбішбаевтар отбасылары конкурстың лауреаты атанды. Еңбекші ауылынан қатысқан Қалымбетовтер отбасы І орынды иеленсе, Бәйтерек ауылынан Тұрмановтар отбасы ІІ орынды, Тартоғай ауылынан Түменбаевтар отбасы, Алғабас ауылынан Жүнісовтер отбасы ІІІ орынды қанжығалады. Қатысқан барлық отбасыларға номинация атаулары беріліп, сый-сияпат табысталды. Сонымен қатар шара аясында 50 жыл отасқан алтын той иелеріне сый-сияпат жасап, құрмет көрсетілді.
Дәстүрлі байқауға айналған «Мерейлі отбасы» қазақ халқының мерейін асырмаса, кеміте қоймасы анық. Бұл жоба алтын құрсақты аналарды, тәрбиелі отбасыларды насихаттай отырып, жас шаңыраққа жол сілтейді. Қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп. Уақытында бізге бай, феодал ретінде оқытылған Құнанбайдың өзі тегін адам болмағандығын еліміз егемендікке жеткенде ғана білдік. Кішкене артық сөйлеп кетіп «Мен сізден оздым, әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, «Е, Абай, сен менен оздым деуің үшін әуелі мен құсап өзің сияқты ұл өсір» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнегелі сөз емес пе?!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

10 қыркүйек 2024 ж. 82 0