СЫНАҚ АЛАҢЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕР
Семей ядролық полигоны... ХХ ғасырда Қазақтың басына түскен зор қасірет қолдан жасалған еді. Адам өмірі мен табиғатқа келтірілген зиянның ауқымын елестетудің өзі қорқынышты.
1989 жылдың 25 ақпанында Семейдегі сынақ полигонын жабу үшін ұлы күрес басталды. Белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Бұл қозғалыс Қазақстанда ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтату жөнінде ашық мәлімдеме жариялап, еліміздің барлық қоғамдық, шығармашылық, діни ұйымдарына, бейбітшілік қорғау комитетіне, басқа да халықаралық ұйымдарға үндеу жариялаған еді. Сөйтіп, қозғалыс халықаралық мойындауға ие болды.
Семей полгоныны жабылған күн – қазақ халқының ғана емес, әлем халықтары үшін де ерекше маңызды. Жыл сайын қаза тапқандарды еске алады. Ал көзі тірі азаматтарды жасаған ерлігі үшін, ардақтап құрметтейді. Осындай құрметтің бір парасы 29 тамызда Көкшоқы мөлтек ауданындағы «Тағзым алаңында» көрініс тапты. Жиын Семей полигонындағы ауыр жағдайларды еске түсіріп, қазіргі бейбіт күнге шүкіршілік айтумен басталды. Содан кейін сөз кезегі аудан әкімінің міндетін атқарушы Болатбек Ысмағұловқа берілді.
– Тәуелсіз ел ретіндегі мемлекетіміздің қабылдаған алғашқы тарихи шешімдерінің бірі Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы болғанын жақсы білесіздер. Біз сіздердің Отан алдындағы осынау бір үлестеріңізді әрдайым ерекше бағалап, құрмет тұтамыз, – деді Б.Абдулхайысұлы.
Одан әрі басқосуға келген ардагерлер әлеуметтік қолдау шаралары аясында пікір алмасып, жасалып жатқан қолдау шараларына ризашылықтарын жеткізді. Айта кетейік, қоғамдық даму бөлімінің «Ұлттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындар арасында бірлікті, әлеуметтік оптимизм мен болашаққа деген сенімділікті нығайту» әлеуметтік жобасының тапсырысы аясында өтті.
Кездесу барысында аудандық Семей ядролық полигоны ардагерлері тарих парағына өшпестей із қалдырған ядролық сынақ зардаптарынан сыр тартып, еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі. Сонымен қатар бүгінгі көрсетіліп жатқан құрметке алғыстарын білдірді.
Жиын соңына шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, «Тағзым» алаңына барып, қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Семей ядролық полигоны апатының құрбандары мен өмірден өткен ардагерлерге арнап гүл шоқтарын қойды. Одан кейін сынақ полигонынан зардап шеккен жандардың рухына Шиелі аудандық «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Рахат Қожанов құран бағыштады.
Айнұр ИБРАШ