«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ АКЦИЯСЫ»: 49 БАЛАНЫҢ ҚУАНЫШЫ
Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына білек сыбана кірісіп кетеді. Әрине, баласының білім алуы үшін әр ата-ананың аянып қалмасы анық. Десе де, қу тіршілікте қымбатшылық қос бүйірден қысқанда баласының оқуға қажетті керекжарағын түгендеу айтарлықтай салмақ салады. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін мектепке дайындықты пысықтау үлкен мәселе.
Оқу басталуына санаулы күндер ғана қалды. Ата-аналардың көбі мүмкіндігі келгенше оқу құралдары мен киім-кешекті ертерек қамдауға тырысады. Десе де, бүлдіршіндерді толық қамти алмай отырған отбасылар да бар. Осыған орай Бидайкөл ауылындағы №148 орта мектеп «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Аталған науқанға бір емес, бірнеше кәсіпкер қолдау көрсетті. Тынымсыз тірліктен қашпай, кәсіппен айналысып, табыстың көзін тауып қана қоймай, оны ел игілігіне пайдаланып жүрген жүрегі жомарт, мінезі мәрт азаматтар «Семізбай-U» Иіркөл кеніші директоры Мұхамеджан Салқынбаев, №148 мектепті ыстық тамақпен қамтушы кәсіпкер Күнімай Маделханова, жеке кәсіпкер Мұхтар Әкімбекұлы өскелең ұрпаққа қуаныш сыйлады.
Кәсіпкерлер тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, арнайы қаржылай сертификат және әр оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен сөмке табыс етілді. Сыйлықтарды тарту барысында оқушыларға тілектер айтып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Берік Шопанов, ауыл тұрғыны:
– «Мектепке жол» акциясы – өте керемет шара. Берері мол. Үлкендердің қамқорлығын көрген балалар өскенде өздерінен кішілерді әрдайым қолдап жүреді. Халқымыз «Көп түкірсе – көл» деп бекер айтпаса керек-ті. Жағдайы жақсы азаматтардың жерлестеріне қол ұшын бергенін көріп, қуанып тұрмын. Абай атамыз кезінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» жырлады емес пе?! Әр баланың санасына «Жанжағыңнан қамқорлығыңды аяма» деп құйсақ, атабабаларымыз секілді жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ұрпақ тәрбиелейміз деп ойлаймын.
Бақытжан Сұлтанбекқызы, алтын алқа иегері:
– Көпбалалы ана ретінде «Мектеп жол» акциясы аясында қолдау көрсетіп жатқан жерлестерге алғысымды жеткіземін. Біреу емес, біз сияқты бірнеше баласы қатар-қатар мектепке баратын ата-аналарға үлкен қолдау және көмек. Бір баланың өзін оқуға дайындау кәдімгідей қаражатты талап етеді. Әр әке-шеше баласын қатарынан қалдырғысы келмейді. Сондықтан акцияны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматтарға рақмет. Бізбен ұдайы байланыс жасап, бар көмегін аямайтын мектеп ұжымына өз ризашылығымды жеткізгім келеді. Осы бір мейірімділік науқынында мектеп оқушыларының және ата-аналардың бақытты жүздерін көріп, олар үшін бұл тек материалдық көмек қана емес, сонымен қатар қамқорлық, көңіл мен қолдаудың белгісі деп білеміз.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ