Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІМЕН ЖЕР ЕМГЕН, МОЛШЫЛЫҚҚА КЕНЕЛГЕН

ЕҢБЕГІМЕН ЖЕР ЕМГЕН, МОЛШЫЛЫҚҚА КЕНЕЛГЕН

Ауданда алғаш болып егінге орақ салған – «Ақмая» шаруа қожалығының шаруалары. Жаз бойы жүздерін күн қағып, дала қосында қона жатып, еселі еңбек еткен диқандар қамбаны еселеп толтыратынына сенімді.

Бүгінде шежірелі өлкеде орақ науқаны басталып кеткен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі таратқан ақпараты бойынша, ақ егіс даласында 7 247 гектар ескі жоңышқа тармаланып, 2 208 гектар жаңа жоңышқа, 910 гектар мақсары, 573 гектар жаздық бидай және 46 гектар соя толығымен егілген. Ал 13 098 гектар күріш суға бастырылған. Яғни бұл жұмыстың 100 пайызға орындалғанын көрсетеді. Халқымыз «Шөмелені шөбім бар деп айтпа» деген екен. Олай болса, мал азығын дайындау жұмыстары айтуға оңай болғанымен, шаруаға жеңіл соқпайтыны анық. Қалай болғанда да, берекелі жаздың қолайлы күндерін тиімді пайдаланып қалған жөн. Қазіргі таңда 7 447 гектар ескі жоңышқаның алғашқы орымы толығымен аяқталып, 7 247 гектары орылып, нәтижесінде 26 814 тонна шөп жиналыпты. Оның 200 гектары тұқымдыққа алынған. Ал егілген 7 247 гектар ескі жоңышқаның екінші орымы толығымен аяқталып, одан 2 898 тонна шөп жиналған. Сонымен қатар 913 гектарды құрайтын күздік бидай да жиналып, 1 187 тонна дән қамбаға құйылды. Бұдан бөлек 573 тонна жаздық бидай, 50 тонна арпа, 728 тонна мақсары дайын. – Тамыздың 17-сі күні алғашқы орақ «Ақмая» шаруа қожалығына түсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 443 гектары орылып, 70 гектары бастырылды. Орта өнім 40 центнерді құрап отыр. Егістіктегі жинау жұмыстары қарқынды жүруде, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков. Шынында, егістіктегі мол өнім диқандардың жаз бойғы еңбегі десек те, жерге түскен түйір тұқым – көпшіліктің несібесі. Көктемде қолына кетпенін алып, жерді оятқан шаруа да «көптің несібесі» деп тұқым себеді. Демек, халық үшін деп жасалған іс берекелі һәм толымды болу керек. Сала басшысының мәлімдеуінше, ауданның табиғи-климаттық жағдайына, ұлу жылының шілдесі ыстық болуына қарамастан, егін егумен айналысатын шаруашылықтар жақсы нәтижеге қол жеткізуге барын салуда. Бұдан бөлек, аудандағы шаруашылықтардың техникалық қамтамасыз етілуі де жаман емес көрінеді. Себебі қазір қолмен шөп шауып, бидай дестелейтін заман емес. Дақылдың себіліп, күтіліп, қырманға жеткізілуіне дейінгі жұмыстар бұрынғыдай адам күшімен емес, техниканың арқасында іске асатын кезең. Бүгінде ат артып, өгіз тартқан шаруаның емес, қолында қарапайым тракторы бар ауыл азаматының ісі алға басатыны белгілі. Сапалы техника мүмкіндікпен қатар, ертеңгі күнге деген сенімді де арттыратыны рас. Бүгінде ауданда күзгі дала жұмыстарына 287 трактор, 90 комбайн, 65 жатка, 53 автокөлік пен 173 трактор тіркемесі жұмылдырылды. – Жалпы аудан бойынша соңғы 3 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен ауыл шаруашылығы техника паркі жаңаруда. Нақтылайтын болсақ, 2022 жылы ауданға жаңадан 2 комбайн, 9 трактор және 3 жүк тиегіш, барлығы 14 техника әкелсе, өткен жылы жаңадан 6 комбайн, 14 трактор және 4 жүк тиегіш, жалпы саны 24 су жаңа техника жеткізілді. Ал соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша 2 комбайн, 32 трактор, 3 жүк тиегіш көлік берілді. Әкелінген 37 техниканың нәтижесінде ауданға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, – дейді Мұрат Әшірбеков. Орақ маусымы бастала жыл сайын қайта айналып соғатын проблемалардың бірі – жанар-жағармай тапшылығы екені бесенеден белгілі. Елімізде бұл мәселенің жыл сайын төбе көтеретіні анық. Жер-жерлерде дизель тапшылығы мен құнының шарықтауы сияқты ақпараттар тарайды. Дей тұрғанмен, ауданда оpaқ науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажет жанар-жағармайды жеткізуге міндетті оператор белгіленген. Мәлім еткендей, аудан бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тарапынан «Госагро» порталы арқылы электронды түрде арзандатылған 1138 тонна дизель отынына сұраныс өтінімдері жолданыпты. Нәтижесінде, күзгі егін жинау, дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданның шаруашылық құрылымдарына Үкімет тарапынан жоғарыда көрсетілген дизель отыны бөлінген. – Оператор болып «РК-Мұнай» ЖШС таңдалды. Арзандатылған жанар-жағармайдың бір литрі – 250 теңге болып бекітілді. Бүгінде шаруашылық құрылымдары «РК-Мұнай» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, күнделікті өздеріне тиесілі дизель отынын алуда, – деді сала басшысы. Санаулы күндерден соң күз келіп, қыстың да қыр астынан көрінер шағы таяп қаларын ескерсек, ендігі жерде уақыттың ешқандай ырғалу мен жайбарақаттықты көтермейтінін, сылбырлықты кешірмейтінін тағы бір мәрте қаперге салғаны жөн көрдік. Осындайда «Қыстың қамын жаз ойла» демейтін бе еді, сірә?!
Сұлушаш МАДИЯРОВА
26 тамыз 2024 ж. 89 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031