Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «НЕСТЕВАТСЫН?». ЖАЙ ҒАНА ОҚЫП ШЫҚ!

«НЕСТЕВАТСЫН?». ЖАЙ ҒАНА ОҚЫП ШЫҚ!

Әмбеге аян, ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезге дейін жарыққа шыққан кітап, баспа өнімдері редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер ететін. Кез келген сөздің өз орнында тұруы, грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Ал қазір әлеуметтік желілердегі жеке жазбаларға редакторлық, корректорлық жұмыстар жасалмайтыны белгілі нәрсе. Әлбетте, бұл тікелей әр адамның сөзге деген өз талғамына байланысты. Шынтуайтында, желі пайдаланушылардың тілді пайдалану мәдениеті де сан қилы. Мұндайда тілге деген жауапсыздық та қылаң бермей тұрмайды. Бүгінгі мақаламызда осы мәселе төңірегінде ой қозғап көрсек.
Ана тілінің сөз мәдениет көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Технологияның қарыштап дамыған заманында әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дамытудағы әсері қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттелуі тиіс. Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, әртүрлі заттарға жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырып жүрген мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында осы желілердің көмегіне жүгінетініміз рас. Ең белсенді әрі кең тараған «Instagram», «Facebook», «Tik tok», «WhatsApp» және т.б әлеуметтік желі пайдаланушыларының көбейгені соның бір дәлелі. Белгілі тілші-ғалым Мәулен Балақаев: «Анa тілін жaқсы білу – әркімнің aзaматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсaй біліп, aйтқaн ойы мaзмұнды, нысaнaға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдaушысын бaурап aлaрдaй әсерлі болсa, aнa тілінің құдіреті сондa анық сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» деген екен. Академиктің бұл пікірі ауызша және жазбаша қолданушыларға да тікелей қатысы бар. Тіпті ғаламтор желілеріндегі грамматикалық қателіктер де көзге жиі ұшырасатын болып жүр. Сақтанбасақ, тілге деген салғырттық осындайдан басталады. Сонда тіліміздің тазалығын, мөлдірлігін келешек ұрпаққа қалай жеткізбекпіз? Ойланып қарайықшы, ертеңгі ұрпақ хатты мына тілде жаза ма? «Нест», «нестеватсын» – не істеп жатырсың?, «жбер» – жібер, «қаяқ» – қай жақ?, «жо» – жоқ, «отрм» – отырмын, «ғо» – ғой, «менде, сенде» – мен де, сен де, «қдрп» – қыдырып, «брат» – бауырым, «см» – сәлем, «сб» – сау бол, «қс» – қалайсың, «ұйықтайм» – ұйықтаймын және т.б. Осылардың қатарына мыналарды да қосуға болады: «батан» (оқымысты), «тормозы ұстау», «зависать ету» (бөгеліп қалу), «базар жоқ» (таңғалғанда айтылатын сөз, келіскенді білдіру), «құлаққа лапша ілу», «құлақтан тебу» (өтірік айту), «маяк тастау», «скидовать ету» (қысқa қоңырау), «крышасы бар адам» (қолдау көрсететін адамы бар), «көзбен ату» (қадала қарау), «потеря болу» (қобалжу), «сущняк» (сусын), «қораға кіру» (тығырыққа тірелу), «лақтырып кетті», «отырғызып кетті», «қоянның суретін салып кетті» (алдап кетті) және т.б. Осы сарындағы жаргон сөздерді әлеуметтік желілерден көріп қаламыз. Сонымен қатар «лайк басып тұр», «онлайн эфирге шық», «игнорға тығып таста», «блокқа түсіп қалмасын», «видеозвонок жаса», «қанша подписчигі бар?», «поделиться етші» және т.б. сөздерді қосуымызға болады. Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге өзінің нұқсанын тигізбей қоймасы анық. Тіпті бұлар қазіргі жастар арасында «тұрақты сөз тіркестеріне» айналып кетті десек, артық айтпағандығымыз. Мысалы, әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдерге қалайша жол бермеуге болады? Бір қарағанда мүмкін емес тәрізді. Десек те, қолдан келер амалдарды жасап көргеніміз абзал. Осы тақарып аясында көптеген бастама көтеріп жүрген азаматтар жоқ емес. Алдағы уақытта та оқушылармен, студент жастардың арасында насихат жұмыстарын өткізіп, тіл мәдениетін көтерулі дәріптеп отыруымыз қажет. Сол кезде ғана қолдағы ұялы телефоннан әріптерді теріп отыруды қиынсынатын, хат жазу кезінде, жазба жазған уақытта қарапайым қателіктерді жіберетін желі қолданушылар да азаяр ма еді?! Сондай-ақ ауызекі сөйлеу тілінің элементтері болып табылатын жаргон, диалектизм, варваризмдер де жиі ұшырасады. Мәселен, мамбет (артта қалған адам), гламурно (сәнді) тәрізді сөздер, шоу-бизнес, жарнама, тауар және қызмет көрсету салаларында көптеп кездеседі. Мысалы: «Вооообще жок ко!», «Ол супермен ғой!», «Гламурно все таки, ия», «Мен саган звооондаган едим жоксин гой», «Конешно мен ренжимин саган», «Ойланшы осыган дурыстап» секілді сөздерде қандай мән-мағына бар? Біріншіден, сауатсыз, көрер көзге дөрекі, естір құлаққа түрпідей тиеді. «Жүре берсең, көре бересің» демекші, адамдардың кейбір сауатсыз жазбаларын оқып отырып, қазақша сауатты жаза алмайтын адамдарға шара қолданар ма еді дейсің. Бұл – тілімізді қорлау ғой. Оған жол бермеуіміз керек. Алаңдатып отырған тағы бір мәселе – әлеуметтік желіде қазақ тілінің қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің сирек қолданылуы. Көпшілік адамдардың ұялы байланыс телефондарында қазақша қаріптер жоқ. Алайда ғаламтордан ұялы телефондарға арналған арнайы бағдарламаны жазып алуға болады. Өкінішке қарай, біздегілер оны жазып алуды қиынсынады. Ал компьютермен желіде отыратын адамдар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс қаріптерінде бар таңбалармен алмастырып немесе латын қаріптеріндегі таңбалармен жазады. Мысалы, «салем», «калайсын?», «озин?», «не жаналык?», «нестеп жатсын?», «жаксы», «кайдасын?» деп жазу үйреншікті жағдайға айналғалы қашан?! Бұл сауатсыздық па әлде немқұрайлық па? Осындай тілбұзар сөздер саф алтындай таза тілімізге жылдар өте өзінің нұқсанын тигізбей қоймасы анық. Осыны ұмытпайықшы!
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ:
Самал Әуезханова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Шын мәнінде, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі сауатсыздық белең алып бара жатыр. Тіл сауатсыздығы алдымен тіл шұбарлығын айтар едім. Тәуелсіздік алып, ана тіліміздің мәртебесі өз қолымызға тигенімен, тілімізге орнығып қалған кейбір аралас сөздерден әлі арыла алмай келеміз. Екінші қателік – қазақ қарпін пайдалана білмеу. Қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп әлі күнге өз орнында жұмсалмайды. «Қ»-ның орнына «к», «ә»-нің орнына «а», «ө»-нің орнына «о», «ң»-ның орнына «н» әріптерін жазу жастардың үйреншікті дағдысына айналып кеткен. Нәтижесінде сөздердің ақсауына жол береміз. Сонымен қатар кейбір сөздерді жөнсіз қысқартып жазу (ол да өзге тілде). Мысалы спс (рақмет), ок (жарайды, сізбен келісемін), т.с.с. сөздер жазба мәдениетімізге нұқсан келтіруде. Тағы бір үлкен мәселе – тыныс белгілерін орынсыз қолдану немесе мүлдем қолданбау. Бұл дегеніміз –сөйлемдердің синтаксистік құрылымындағы қателіктерге жол беріп жатады. Менің пайымдауымша, жастардың әлеуметтік желіні пайдаланудағы ескермейтін нәрсесі – ауызекі тіл мен жазба тілдің айырмашылығын ажырата алмауында. Сонымен әлеуметтік желілердегі сауатсыздықты қалай жеңеміз? Әуелі ата-ана да, мұғалім де баласының сауаттылығына барынша күш жұмсауы қажет. Яғни, мектеп қабырғасындағы балаларға сауатты жазудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп отыруымыз керек.
Назерке Жұмағалиева, аудан тұрғыны:
– Маған қазақша қаріптермен жазу ыңғайлы. Ал желідегі достарым тек қазақша қаріптермен жазады деп айта алмаймын. Көбі сауаттылық мәселесіне мән бермейді. Олардың арасында латын әріптерін қолданатындар да бар. Мен кейде сөздерді ауызекі тілде жаза салам. Сол кезде сөйлесуші тараптың әрбір қатемді жөндеп отыратыны ұнамайды. Қазіргі заманда сауатсыз адам бола қоймас, нақтылап жазып отыруға ерінетін адамдар көп. Бастысы әрқайсымыздың телефонымызда қазақша қаріптердің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Сауаттылық деңгейін арттыру бүгінгі жастардың қолында.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
22 тамыз 2024 ж. 178 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031