Латын графикасына көшу – маңызды қадам
Еліміздің рухани өміріндегі жаңалықтардың бірі – латын негізді жаңа қазақ жазуына көшу. Ол заманның талабына сәйкес, өркениетке бағытталған қадам екені белгілі. Қоғам тарапынан бүгінгі күнге «ХХІ ғасыр – ұлттық сананың жаңғыру кезеңі» деген сипат берілген. Жалпы адам санасы жыл сайын жаңғырып отырады. Сондықтан қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуін ұлтымыз үшін жасалып жатқан маңызды қадам деп түсінгеніміз жөн.
Жалпы латын жазба таңбасына көшу мәселесі – еліміздің әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін жасалып жатқан игі істердің бірі. Осы орайда Елбасы айтқандай, асығыстық танытпай, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуы керек. Енді білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.
Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында әлеуметтік жүйеде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігі даусыз. Сондықтан Елбасының тіл мәселесіне қатысты ой толғамына ынта-жігерімізбен қолдау білдіру – бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселе.
Бақытжан Доланбеков,
№159 Еңбекші қазақ орта мектебінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
№159 Еңбекші қазақ орта мектебінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі