Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйға келген кітап

Сыйға келген кітап


Кітап – байлық, қазына дейміз. Бұған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Қазір заман басқа. Технология қарыштап даму үстінде. Компьютерлендіру кең қанат жайған. Ғаламтор қызықтарына кенеліп жатырмыз. Әлеуметтік желілер әлемді құрсап алған.
Дегенмен осындай өзгерістерге қарамастан кітаптың құны түсті деп айта алмаймыз. Ол қандай заманда да мәнін жоймауы тиіс. Кітап – ізгілікке, жақсылыққа бастайтын жол. Кітап арқылы сана-сезіміңді түзейсің. Жақсы-жаманды айырасың. Өмірді, қала берді өзіңді түсінесің.

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Иә, қазекем кітаптың қадір-қасиетін осы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Кітап оқу, кітапқа үңілу, кітаптың ішіне кіру, жата-жастана оқу, астын сызып оқу секілді тұрақты сөз тіркестері кітап бағасының құндылығын көрсетсе керек. Жан азығын кітаптан, көркем шығармадан алатын адамның тұла бойы тұнып тұрған қазына. Оқып отырып кейіпкеріңнің бейнесін көз алдыңа елестетесің, бірде мырс етсең, енді бірі мехнатымен азап шектіреді. Қиял әлеміне жетелеп, рақат сезімге бөлейді. Ойға ой қосып, жан сарайыңды ашады. Ақылыңа ақыл қосады. Әйгілі Шекспирдің «Кітап мен үшін тақтан да қымбат» дегені арада қанша ғасыр өтсе де өз маңызын жоймай тұр. Оған дәлел өткен жылдың соңында «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен шығатын «Экософия» немесе «Киелі табиғат» атты жаңа кітаптың шығуы. 18 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласында тұсаукесері өткен кітаптың бір данасы аудандағы №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебінің 6 сынып оқушысы Абдолла Нұрланға сыйға берілді. Сатылымға енді ғана шыққан су жаңа кітап этнопедагогика ғылымына негізделген. Мектеп оқушылары мен студенттердің қызығушылығын тудырған осы кітап Абдоллаға ерекше қуаныш сыйлады. Мектеп оқушысының ерекше қарым-қабілеті мен дарынын анасының әлеуметтік желідегі парақшасынан көрген «Орхон» баспа үйінің директоры әрі психолог Жәмилә Айдос кітаптың ішіне тілегін жазып, «Баспадан жаңа шыққан кітаптың парақтарын алғашқы болып ашқаның құтты болсын!» деп ыстық ықыласын білдірген. Білімге құмар, өмірге құштар бала жанын рухани құндылыққа толы, тың идеялы кітаппен сусындату білімдінің ісі болса керек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
25 қаңтар 2020 ж. 1 040 0