Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттік жастар кадр резервіне құжаттар қабылдау аяқталды.

Президенттік жастар кадр резервіне құжаттар қабылдау аяқталды.

Өңірімізде Президенттік жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеу үшін түсіндірме жұмыстары аумақтық департаментпен ағымдағы жылдың 19 мамырынан бастау алып, 30 маусымға дейін жалғасқан болатын.
Осы аралықта барлық елді мекендерде және облыс орталығында арнайы дайындалған билбордтар ілінді, бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында қажетті ақпараттар орналастырылды. Барлық салалық бағыттар бойынша еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Департаментпен жүргізілген ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде Президенттік жастар кадр резервінің іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін Қызылорда облысынан 420 үміткер өздерінің құжаттарын тапсырды. Яғни алдыңғы іріктеулермен салыстырғанда үміткерлердің саны артып отыр. Бұл өңір жастарының аталған іріктеуге деген қызығушылығының жылдан жылға артып келе жатырғандығын байқатады.  
Оның ішінде, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау бағыты бойынша 23, сыртқы саясат және инвестициялар бағыты бойынша 12, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты бағыты бойынша 43, әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам бағыты бойынша 240, цифрландыру бағыты бойынша 53 және экономикалық және қаржылық саясат бағыты бойынша 49 үміткер тіркелді.
Үміткерлердің саны бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында төртінші орынға тұрақтады.
Алда үміткерлерді іріктеудің екінші кезеңі күтіп тұр. Тамыз айының 2-3 және 9-10 аралығында өтетін тестілеу барысында үміткерлердің мәтіндік ақпаратпен, кейін сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланатын болады.
Барлығы алты кезеңнен тұратын іріктеу жұмыстары барысын аумақтық департамент алдағы уақытта да ақпараттандырып отыратын болады.
Осы тұста өңірімізден іріктеуге қатысып жатырған барлық үміткерлерге сәттілік тілей отырып, жоғарыда көрсетілген тестілеу кезеңіне жазылу мерзімі 15 шілде 2025 жылы аяқталатынын еске саламыз.
 
 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
басшысы Е.Ж.Мендалиев
11 шілде 2025 ж. 54 0