Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕКТЕПКЕ ҚАМДАНЫС ҚАНША ТҰРАДЫ?

МЕКТЕПКЕ ҚАМДАНЫС ҚАНША ТҰРАДЫ?

Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Дәл қазір баланы мектепке дайын дау ата-ананың бас ауруына айналды. Жылдағы шаруа. Осындай қауырт шақта саудагерлер мен алыпсатарлар мүмкіндікті қалт жібермей, тауар бағасын мың құбылтатыны сөзсіз. Әсіресе биыл 12 беттік дәптер бағасы 40 теңгеден асып, түрлі-түсті қарындаштың да бағасы түрленіп түр. Бағалар бағамын білу үшін базарға бет алдық. Сонымен…

БАЗАРДАҒЫ БАҒА ҚАНДАЙ?

Қасыма фото-тілшіні ертіп, аудан орталығындағы сауда орталықтарын, базардағы дүңгіршектерді түгел аралап, бір оқушыға қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төменгі бағасына бағдар жасап шықтық. Арзандатып сататын дүкендерге де бас сұқтық. Сатушыларға аудандық газеттен екенімізді, сараптама мақала дайындап жүргенімізді айтып едік, неге екенін қайдам барлығы дерлік сұхбат беруден ат тонын ала қашты. Тіпті суретке түсіруге қарсылық танытты. Дейтұрғанмен, сөредегі заттың бағасы жазулы, «сайрап тұр». Сонымен байқағанымыз, дүкен сөрелерінде тұрған тауарлардың бағасы өткен жылға қарағанда қымбаттаған екен. Бірінші, атаананың қалтасына ауырлау соғатын дүниесі – мектеп формасы. Көпшілігі мектеп формасына келгенде бас қатырары анық. Бұл жерде атаана қалтасындағы қаражатына қарай көсіліп, таңдау жасайтыны сөзсіз. Біздің елдегі жалпыға бірдей мектеп формасына қатысты заң 2006 жылы қабылданды. Талапқа сәйкес қою көк түсте және классикалық үлгіде таңдалу керек. Айта кету керек, қазір елімізде оқушылардың міндетті мектеп формасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Мектеп формалары: күнделікті, мерекелік шараларға арналған және спорттық болып үшке бөлінеді. Ал ер балаларға сабаққа пиджак, жилет пен жейде, түймелері бар жемпір, шалбар киюге болады. Қыста тоқыма жилет пен водолазкаға рұқсат беріледі. Сондай-ақ қыздарға да пиджак, жилет, шалбар, белдемше, тоқыма жейде мен кардиган киюге болады. Ал салқын күндері мектепте водолазка, сарафан киіп келуге рұқсат. Ескере кететін жайт, мектеп формалары классикалық үлгіде болмауы керек. Әрі киімдер өте ашық түсті болмауы тиіс. Ал «ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка» деп қойылатын талап алынып тасталды. Галстук енді міндетті элемент емес. Мектеп формасына ерекше белгілерді (эмблема, басқа да орта білім беру ұйымдарының белгісі) тағуға және орналастыруға рұқсат етіледі. Қоса кеткен жөн, форма матасына сапасы жақсартылған, төзімділігі жоғары, бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн мен мақта маталарды қолданған абзал. Мектеп формасы мәселелерін талқылауға ата-аналар мен басқа да заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылық кеңесі және атааналар комитеті қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады. Мектеп формасының стилін және белдемшенің ұзындығын таңдауды орта білім беру ұйымы және жалпы мектеп ата-анасының хаттамасымен бекітетін кеңес анықтайды. Хош, сонымен базардағы вайбқа оралайық. Сауда орындарында Қытай, Қырғызстан, Түркия елдерінде тігілетін мектеп формалары толып тұр. Бағасы да сапасына сай, әр түрлі деңгейде. Біз бас сұққан бутикте екі баласын соңына ерткен ана саудаласып тұр екен. Редакциядан екенімізді білдірмей, әңгіме тарттық.
– Мен алдымен бастауыш сыныпта оқитын қызымның киімінен бастадым. Себебі қыз баланың ер балаға қарағанда қажеттілігі көп. Тиісінше әжептеуір қаржы да кетеді. Жасыратын несі бар, қазір ұлдарға қарағанда қыз балаларға арналған киімдер қымбаттырақ. Алдымен қызыма таңдаған классикалық ақ жиденің бағасы – 6000 теңге болды. Ал мен бұл ақ жидені өткен жылы 4000 теңгеден сатып алған едім. Әрине, оданда арзанын табуға болады. Бірақ сапасы тым нашар, бір жуғаннан сетінеп кететіндей көрінеді. Біз орташа бағада сатылымда тұрғанын сатып алдық. Ал белдемшеге келер болсақ, бұл жерде де таңдау көп. Түрлі сәнде тігілген белдемшелердің ең арзаны 3000 теңгеден басталып, 7000 теңгеге жетіп жығылады. Таңдауым қызымның отырып-тұруына ыңғайлы, жиынақы, «матасы түктенбейді-ау» деген 5000 теңгенің белдемшесіне түсті. Ақ көйлектің сыртынан киетін жеңсіз жилетті де қарадық. Оны қарап жүріп, 4000 теңгеге таптық. Сосын шашына тағатын бантиктерді 1000 теңгеге, шұлықтарын 4000 теңгеге сатып алдық. Ал аяқ киімге келгенде таңдауымыз ұзаққа созылды. Себебі, аяқкиімді барынша сапалы етіп таңдауды ұйғарып, аудан дүкендерінің көпшілігін араладық. Қыздарға арналған туфлидің бағасы 5000 теңгеден басталып, 15 000 теңгеге дейін жетеді. Бұл жерде де әркім қалтасындағы ақшасына қарай таңдау жасайтыны белгілі. Бірінің бағасы тым қымбат болса, бірінің ішінен түрлі химиялық резинаның иісі шығады. Біз көп ойланып, сатушылардың айтуы бойынша түркиялық сападағы 12 000 теңге тұратын аяқ-киімге тоқтадық. Денешынықтыруға киетін киімін – 13 500 теңге алдық. Ал 5-сыныпқа көшкен ұлыма келер болсам, сауда нүктелерінде ұл балаға қажетті түрлі деңгейдегі ақ көйлек 3500 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін сатылуда. Біз 7000 теңгеге алдық. Костюм-шалбардың құны 7500 теңгеден басталып, 25 000 теңгеге жетіп жығылады. Ұлымның таңдауы 15 000 теңгелік костюм-шалбарға түсті. Ауыстырып кию үшін қырлы шалбарды 5000 теңгеге, галстукті 1000 теңгеге, туфлиді 12 000 теңгеге, ақ майка мен шұлықтарды 2500 теңгеге сатып алдық. Сөйтіп, ұлымның 1 қыркүйекте киіп баратын мектеп формасы – 42 500 теңге болса, қызыма – 45 500 теңге кетті. Оған әлі оқуға қажетті құралжабдықтарды қосыңыз,– дейді екі баласын мектепке дайындап жүрген ана. Бұл тек екі балаға кеткен орташа шығын. Ал 4-5 баласы бар ата-аналар қанша қаражат жұмсайды екен. Шамалап көріңіз. Әрбір ата-ана қалтаға қонымды деп базарға баратыны анық. Бірақ биыл базардағы баға да бірнеше есеге өскен. Оны сатушыларда мойындап отыр. Оның басты себебін түсіндірген Нұргүл есімді сатушы: – Өткен жылдың бағасы мен биылғы бағаны салыстыруға болмайды. Себебі, барлық тауар түрлері қымбаттауда. Біз шетелдік нарыққа тәуелдіміз. Қазір сырттан қымбатқа келеді. Сол себептен киім бағасы да өзгерді. Тауарларды Бішкектен, Алматыдан, Қытайдан, Түркиядан серия бойынша алдырттым. Мен көп қосып сатпаймын. Көріп тұрған пайдам шамалы, – деді.
СТАТИСТИКА СӨЙЛЕСІН
Десе де, санмен сөйлейік. Ұлттық статистика бюросы осыдан екі жыл бұрын кеңсе тауарларының күрт қымбаттағанын келтіріп отыр. Былтырмен салыстырғанда айырмашылық әжептеуір. Яғни 2022 жылы дәптер мен түрлітүсті қарындаш – 12,1%-ға, қалам – 13,2%-ға, сурет альбомы 14,1%-ға өссе, биыл бұл бағалар шарықтап тұр. Сатушылардың айтар уәжі бір – бағаның шарықтауына инфляциялық процестермен қатар, валюта бағамындағы өзгерістер мен тасымалдау құны тікелей әсер етеді-мыс. Бүгінде бір баланы мектепке дайындау үшін кемі 80 000 аса теңге қажет.
ОН ЖЫЛҒА ШЕГІНІС
Осыдан 10 жылға кері шегініп көрейікші. Содан соң, сол кездегі оқушылардың образын көз алдымызға елестетейік. Қос бұрымға жарасқан ақ бантик, ақ фартук немесе тізеден төмен түсетін белдемше оқушылардың оқушы екенін айқындап тұратын еді. Талап та, тәртіп те күшті болатын. Оған дәлел әр дүйсенбі сайын 1-11-сынып оқушылары сап түзеп, жиын (линейка) өткізетін. Онда апта бойы кеткен кемшілік көпшіліктің көзінше айтылып, сынға алынатын. Кезекші болған сынып сабақтан кешіккен, тырнағы мен шашы өскен, бантик тақпаған, екілік алған оқушылардың тізімін тізбектей жазып жүретін. Аптасына 2 рет мектеп оқушыларының тазалығын, формасын тексеретін-ді. Қала берді аптасына 1 рет қыздар жиналысы өтіп, онда қыздың ар-ұяты мен абыройы, тектілігі турасында сөз қозғалатын. Мектеп мұғалімі ортаға шығып: «Кімде-кім тізеден жоғары белдемше киіп, шашын жайып білім аламын деп мектепке келсе, ол адамға білім есігі жабылады. Сонымен қатар қыз балалар биік өкшелі аяқ киім киіп келсеңіздер, сіздерге басқаша жаза қолданатын боламыз. «Қыздар жиынында» бұл мәселе ата-аналарыңыздың алдында қаралатын болады. Ұстаздар қауымы әрбір оқушының тәртібі мен үстіне киген киіміне сіздер жауап бересіздер» дейтін еді. Мұғалімнің осы бірауыз сөзі қанша жыл өтсе де біздің есімізде әлі күнге дейін сақталып қалыпты. Сол сәт кеше ғана болғандай. Ол кезде ұстаз беделі осындайымен де биік болатын. Ал қазір ұстаз қайсы, оқушы қайсы, ажырата алмайтын күйге ендік. Неге?

ЕТЕГІ ҚЫСҚАҒА ЕКІНІҢ БІРІ ҚҰМАР
Еңсеміз төмен түсіп тұрып амалсыздан айтуға мәжбүрміз. Алайда айтпасаң сөздің атасы өледі емес пе? Несін жасырамыз? Бүгінде мектепке тәртіпке бағынып, ережені сақтап, соған сай киініп жүрген оқушыны кезіктіру қиын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, қазіргі таңда мұғалім мен оқушыны ажырату тіпті қиын. Классикалық үлгідегі киімнің өзі көңіл көншітпейді. Ұлдар кәрістің үлгісіне еліктеп әлектенсе, қыздардан тіпті ұят кеткен бе дерсің. Мәселен, оқушы қыздар қазір мектепке емес, құдды бір мерекелік кешке бара жатқандай сыланып, сыйпанады. Шаш өрімі былай тұрсын, шашты да жинамайды қазір. Қыпқызыл опа-далаппен мектеп табалдырығына бара беру де қыздар үшін таңсық емес. Бірақ олар «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар, оқылық» деп маңдайшасында жазылған киелі ордаға бара жатқандарын өздері де сезінбейтін сыңайлы. Ал олардың үстіне ілген киімдерін айту үшін терең тыныстап алу керек. Тізенің үстінен келмек түгілі қыз баланың санын жабуға да жетпейтін алақандай матаны олар белдемше (юбка) деп киеді. Оларға қарау үшін көзіңіздің ұяты жібермейді. Енді айтылған ойды өзіңіз салмақтай беріңіз. Бұғанасы бекімеген мектеп оқушыларының арасындағы түрлі жағдайларды көз көріп, құлақ естіп жүр. Тереңіне үңіліп қарайтын болсақ, мұның барлығы мектеп жасындағы балалардың киімінен басталып тұр. Неге дейсіз ғой? Себебі мектеп жасындағы балалар өтпелі кезеңде жүреді. Әсіресе, 10-11 сынып оқушылары. Оларда мұндай уақытта жыныстық гормондар дамитыны белгілі. Ал енді іштей бағамдай беріңіз. Етегі қысқа оқушы қызға жоғары сыныптың, өз сыныптас достарының көзі түсетін анық емес пе? Арғысы айтпаса да түсінікті шығар... Иә, мектептегі қыздың етегі жабылмаса, ерте жүктіліктің белең алатыны анық. Ал бұған кім кінәлі?
Сұлушаш МАДИЯРОВА
05 тамыз 2024 ж. 243 0