Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚАНША ТҰРАДЫ?

МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚАНША ТҰРАДЫ?




Жаңа оқу жылының басталуына бірнеше апта ғана уақыт қалды. Қыркүйектің алғашқы күні әр бала мектепке мұнтаздай киініп, жаңа оқу-құралдарымен барғысы келеді. Ата-ана да қалтасындағы қаражаты жеткенше баласын қуантуға асық.

Дәл қазір мектепке дайындық науқаны қызу жүріп жатыр. Қай сауда орнына барсаң да, бала жетектеген ата-ананы кездестіресің. Қарапайым халықтың баратын жері – базар. Сол базардағы бағаларды біз де бақылап көргенбіз. Жалпы бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Осы сұрақтың жауабын ізделік…
Бұған дейін шиелілік аналардың көбі арзан әрі таңдау көп деп, шілде айы соңына жетер-жетпестен мектеп киімін алу үшін Түркістанның базарына қарай ағылатын. Бүгінде бірең-саран болмаса олардың қатары азайған. Себебін базар бағасындағы айырмашылықтың азаюында деп түсіндіреді ата-аналар. Оның үстіне өзіміздің ауданда да сауда нүктелерінің қатары бұрынғыға қарағанда артқан. Іздесең қалағаныңды таңдап алуға болады.
Базардағы сауда сөрелерінен мектеп формасының сан түрін кездестіруге болады. Талғамыңыз бен қалтаңызға қарай таңдап ала бересіз. Қыз балаға арналған ақ жиденің орташа бағасы 3500 теңгені құрайды. Шамаңызға қарай одан арзаны да, қымбаты да табылады. Белдемше 2500-5000 теңге болса, ақ бантиктің екі данасы 400 теңгеден сатылуда. Ер балаларға арналған костюм-шалбар да өткен жылға қарағанда қымбаттаған. Сапасына қарай 7 мыңнан бас­тап, 15 мың теңгеге дейін кездестіресіз. Ал спорттық киімдер 6000 мың теңгеден ары қарай құны арта береді. Сөмкенің орташа бағасы 5000 теңгеге саудалануда. Аяқ киімнің құны да шарықтап тұр. 3-4 мыңнан бастап, 10-12 мыңға дейін алуға болады. Жалпы базардағы киімдер Қытай, Бішкек, Түркия, Ресейден әкелген деп бөлінеді. Соған қарай бағасы мен сапасы да сан түрлі.
– 1 қыркүйек жақындап қалды. Науқан кезінде бағалар көтеріліп кете ме деп, ертерек қамданған түрім. Елдің бәрі баласын жетектеп, мектепке дайындықты бас­тап кеткен. Екі баланы киіндіру 100 мың теңгеге шығады. Оқу құралдарын бөлек сатып аламын ғой. Қазіргі балалар біз секілді бірінікін-бірі кимейді. Барлығы жаңадан алу керек. Өзім де қатарынан қалмасын деп қалағанын әпергім келіп тұрады, — дейді Алтынай Жұмабекова.

Кітап, қалам, Қарындаш…
Базар сөрелерінде көздің жауын алатын кітап, қаламдар толып тұр. Қытайдікі керек пе, Қырғыздікі керек пе, Ресейдікі керек пе, шамаңа қарап ала бересің. Әрине, жұрттың көпшілігі сапасына мән беретіні анық. Сапалы заттың бағасы да қымбат келеді.
Оқу құралдарын базардан басқа да арнайы канцелярлық дүкендерден сатып алуға болады. Бағалары да шығарылған фирмаларына байланысты әртүрлі. Тек ақшаң болсын. Ата-аналар да оқу-құралдарын шамаларына қарап таңдап алып жатыр.
— Мен оқу-құралдарын базардан гөрі арнайы кітап-қалам сататын дүкендерден алғанды жөн санаймын. Өйткені, дүкендегі тауарлардың сапасы жақсы әрі онда таңдау мүмкіндігі жоғары. Үш немерем мектепке барады. Қажетті құрал-жабдықтарының бәрін сатып алып жатырмын. Үшеуінің тек дәптер-қаламдарына ғана 30 мың теңге кетті. Сабақ басталған соң тағы да кем-кетік кітаптары мен қосымша дәптерлерін сатып әперу керек. Оған да аз ақша кетпейді, — дейді Әлия есімді аудан тұрғыны.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, биылғы оқу жылына оқулық сатып алу үшін республикадағы 10 баспамен келісімшарт жасалып, бюджеттен 186 млн 132 мың теңге қаржы қаралған. Бюджет қаржысына алынған оқулықтар барлық оқушыларды қамтуға жетпейтіні анық. Ең алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына таратылмақ. Ал қалғандары жетпеген оқулықтарды қалталарынан қаржы шығарып сатып алуға мәжбүр.
Қысқасы, қарапайым отбасындағы бір баланы мектепке дайындауға кемі 40-50 мыңдай қаржы жұмсалады. Бұл мектеп жасындағы бірнеше баласы бар ата-ананың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірері анық. Иә, ұрпағының алаңсыз білім алуына жағдай жасап, бақытты балалық шақ сыйлаған әр әке мен ана үміті ақталар күнге жетсін.


Гүлхан
ЯХИЯ

13 тамыз 2019 ж. 1 973 0