Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «АҚМАЯНЫҢ АЖАРЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ»

«АҚМАЯНЫҢ АЖАРЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ»

Жуырда бес ауылдық округ әкімдерін сәтті сайлап алдық. Бүгінде халық қалап алған азаматтар ауылдың қызу шаруасына кірісіп-ақ кеткен-ді. Елді мекенге су жүргізу, жол жөндеу, жарық шамдарын орнату, тазалық сияқты күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелерді шешуі жолында әкімдердің атқарар қызметі орасан. Себебі уақыт – тығыз, үміт – көп. Осы тұста таяуда ғана Ақмая ауылдық округіне жаңадан сайланып, бүгінде ел сенімін арқалап отырған Ғалымжан Бейсембаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ғалымжан Қайырбекұлы, сізді жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз. Осыған дейін Шиелі кентінде кешенді жұмыстарды жүйелі жүргізгеніңізді көзі қарақты халық көріп, оң бағасын берді. Енді өзіңіз түлеп ұшқан, есімі елге белгілі, ажары артқан Ақмая ауылына әкім болып сайланғаныңызға бір жеті уақыт болды. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып үлгердіңіз бе?
– Рақмет. Қазір ауылдың жағдайымен танысу үстіндемін. Әлі де зерттеуді қажет ететін тұстары жоқ емес. Жаңа қызметке келген соң, ауыл халқы мен жалынды жастар арасында еркін форматта кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстарына құлақ түрдім. Алдағы уақытта халықпен тығыз байланыс орнатып, ауқымды жобаларды бірге жүзеге асыратынымызға сенім көп.
– Енді сол кездесулерге ойыссақ. Ауылға не қажет? Биыл осы елді мекенде шешілу керек болған басты мәселелер қандай?
– Ақмая ауылында барлығы 9 көше бар. Қазіргі таңда 8 көше толық асфальтталып, жаңадан ашылған «Болашақ» көшесіне қиыршық тас төселіп, арнайы техникалармен тегістелді. Елді мекен түнгі жарық шамдарымен, көгілдір отынмен толық қамтылған. Жасыратыны жоқ, ауылішілік 0,4 кВт әуе желілері мен қосалқы станциялардың тозығы жетіп ескірген. Қолайсыз ауа райы кезінде жарық жиі сөнеді. Осыған орай ауылдың электр бағаналарын толығымен ауыстырып, жаңартуға жоба әзірленген. Алдағы уақытта қаржы бөлу мәселесі шешімін тапса, биыл жыл соңына дейін жаңартатын боламыз. Жоғарыда атап өткендей, Ақмая ауылында инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осы жылы жоспарда ауылды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына басымдық беретін боламыз. Қазіргі таңда елді мекен ішіне жаттығу, балалар ойын алаңы және шағын футбол алаңын салуға, көше атауларын жаңалауға, орталық А.Құнанбайұлы көшесінің бойына декоративті екі жарықшамды бағаналар орнатуға бюджеттік өтінім берілді.
– Осы ауылдың азаматы ретінде құлағдар деп ойлаймын. Қазақта «Халық айтса, қалып айтпайды» деген сөз бар. Соңғы уақытта ауыз су мәселесі жиі көтеріліп, халықты әбігерге түсіруде. Аталған мәселені шешудің тиімді тұсы қайсы?
– Иә, ауылда ауыз су тапшылығы сезілгені рас. Сол уақыттарда ауданға келіп тұрған ауыз судың қысымы төмен болуына байланысты елді мекенге су бір мезгіл ғана беріліп отырды. Су жетпеген үйлерге «Жиделі топтық су» бөлімшесінің техникасымен ауыз су тасымалданды. Тиісті мекеме басшылығымен келісімге келе отырып, мұнда келетін судың көлемі ұлғайтылған соң, ауыз су мәселесі біршама шешілгендей болды. «Жиделі топтық су құбыры» мекемесі басшысының айтуынша, 2025 жылы «Сүттіқұдықтан» келетін судың екінші желісі іске қосылса, ауыз су мәселесі толық шешімін табады.
– Жұмыссыздық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде ауылда жұмыссыздық деңгейі қанша пайызды құрап отыр? Қазір қыр баласы қалаға құмар. Енді сол ауыл жастарын өзі туған елді мекеніне қайта оралту үшін қандай игілікті істер атқару жоспарыңызда бар?
– Ақмая ауылдық округі бойынша жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызды құрайды. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Төрт түлік мал асырап, егіншілікпен айналысу – тұрғындардың негізгі табыс көзі болып саналады. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары иісі қазақ ауыл баласына арнап айтылғандай. Басқа өңірлерге қызмет бабымен көшіп кеткен кез келген Ақмая ауылының тумаларымен сөйлескенде жасы кішісі болсын, үлкені болсын кіндік қаны тамған жерлерін сағынатынын, түбінде ауылға көшіп келуге ниетті екенін білдіреді. Сыртта кәсіп жасап жүрген азаматтар ауылға келіп өндіріс орындарын ашамыз деп жатса, мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес барынша қолдау білдіруге дайынбыз.
– Өзіңіз жақсы білесіз, бір кездері ауылдың батысы мен оңтүстік-шығысында үлкен алма бақтары болған еді. Осы бақтардың орны бүгінгі таңда мал жайылып, шаңлаққа айналды. Қалыпқа келтіру үшін не істемек керек? Көркейтукөгалдандыру бағытында қандай кешенді жоспар бар? Ауыл айналасын абаттандыру, табиғи белдеу, бақша егу, жоғалған бақтарды қайта қалпына келтіру мәселесін зерттеп көрдіңіз бе?
– Өте орынды сұрақ. Өз ауылыма әкім болуға ниеттенген тұста ең бірінші ойға келген мәселе – Ақмаяның батысында орналасқан бұрынғы алма бақты қайта қолға алу еді. Бұл алма бақ қазіргі кезде «Ақмая» шаруа қожалығының теңгерімінде. Жер көлемі 10 гектарды құрайды. Шаруа қожалықтың төрағасы – Дәулет Жұмбеков ағамызбен ақылдаса отырып, ауыл тұрғындарын жұмылдырып, шетінен қолға алу жоспарда бар. Биылға жерін дайындап, көктем мезгілінде 200-300 түп алма ағашының көшетін отырғызамыз. Келесі жылы көлемін бірте-бірте үлкейтіп, бақты қайта қалпына келтіру жұмыстарын басты назарда ұстаймыз. Сондай-ақ ауылдың оңтүстік-шығысында орналасқан бұрынғы алма бақты қолға алуға ниеттенген ауыл тұрғынына Жер кодексінің талаптарына сәйкес көлемі 1,0 гектар жер табысталды. Жалпы ауылды абаттандыру бойынша жоспар жетерлік. Ең бастысы, мемлекет қаражатын тиімді пайдаланып, халыққа қолайлы жағдай жасау.
– Шағын және орта кәсіпті жандандыру, ауылда кішігірім сүт, ет, бақша өнімдерін өңдейтін цехтар ашу үшін қандай қадамдар жасайсыз?
– Өзіңіз білетіндей, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан «Ауыл аманаты» секілді түрлі бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиелер берілуде. Балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген тұрғынға ауыл шетінен көлемі 0,25 га жер телімі табысталды. Сонымен қатар тұрғындар арасында мал өсіріп, оны бордақылаумен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырған іскер азаматтар бар. Ендігі кезекте ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін цех ашуға инвесторлар тарту бағытында әрекет етеміз.
– Ауылдың «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автокөлік жолы бойындағы қиылысты тұрғындар жабайы сауда орындарына айналдырып, көктем мен жаз айларында күтіп-баптап еккен егінінің өнімін ашық аспан астына саудалап отырады. Осы жерді жайлы сауда алаңына айналдырып, диқандарға қолайлы жағдай жасау жоспарыңызда бар ма?
– Әрине. Көтеріп отырған бұл ұсынысыңыз, сұрағыңыз өте орынды. Қай уақытта болмасын адам қауіпсіздігі мемлекет пен қоғам үшін бірінші орында. Сондықтан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойындағы сауда қатары біраз уақыттан бері көтеріліп келе жатыр. Осы түйткілді мәселені шешу үшін бюджеттен қаржы сұрап, сатушылардың қауіпсіздігі үшін арнайы павильон салу жоспарда бар.
– Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсіл бар. Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы жарлығы осыған саяды. Президент пәрменін алдағы уақытта қаншалықты жүзеге асырмақсыз?
– Өзімнің туып өскен ауылыма әкім болу жауапкершілікпен қатар үлкен міндетті жүктейді. Елдің өсіп-өніп, әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай жұмыстар жүргізіп, абыройлы қызмет атқару – басты мақсатым.
– Ғалымжан Қайырбекұлы, алтын уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма мардымды жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Алда атқарар ауқымды жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан
Мейіржан ИБРАГИМОВ
23 шілде 2024 ж. 238 0