Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЛЫҢДЫ УАҚЫТЫНАН КЕШ СЕРМЕМЕ...

ҚОЛЫҢДЫ УАҚЫТЫНАН КЕШ СЕРМЕМЕ...

Тарих қойнауындағы ХХ ғасырда, бәлкім одан әріде болар, ұлы ақын Абай Құнанбаев: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп, соңына ғибратты ғақлия қалдырған. Жөн сөз. Алайда осы тұста «Сол ойшыл айтқандай, адам баласы қазіргі таңда ілім-білімнің қайнар көзі болған кітапты өміріне шамшырақ етіп жүр ме?» деген ой көңіл түпкірінен қылаң береді.

ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРГЕН ЗАМАН
Бүгінгі заманның келбетіне, қоғам болмысына көз тастар болсақ, мейлі жас болсын, жасамыс болсын кітап парақтауға деген қызығушылығы мен құлшынысы азайған. Көпке топырақ шашудан адамыз, бірақ кітап оқитын қауым қадау-қадау. Кітапқұмарлар бар. Бірақ, азғантай. Кітапхана жағалайтын қауым тек гуманитарлық бағытта білім алып жүрген жастар, әдебиет пен шығармашылықты төңіректеп жүрген үркердей ғана топ. Кітап оқу үрдісінің мән-маңызынан айырылуына бірден-бір себеп – ақпараттық технологияның белең алуы. Қазіргі технократтық дәуірдегі ақпараттар ағыны алапат. Соған сәйкес, гаджеттер үлкен үстемдікке ие болып, күнделікті тұрмысқа дендеп еніп кетті. Бесіктен белі шықан баладан, еңкейген қарияға дейін қазір смартфонға сымсыз байланған. Әлбетте кез келген жаңалықтың пайдасы мен зияны қатар жүретіні әлімсақтан белгілі болған. Мәселен, қазіргі қажетті-қажетсіз жаңалықтар адам санасындағы ақпарат кеңістігін қоқысқа толтырып, ойлау қабілетіне кері әсерін тигізетінін медицина мамандары мен ғалымдар айтудай-ақ айтып жүр. Өкініштісі, жалғыз қазақ қоғамы ғана емес, тұтас адамзат ғаламтор мен әлеужелінің құлақ кесті құлына айналып бара жатқаны ақиқат!
Кітаптың электронды нұсқалары, газет-журналдардың ғаламторда сайты мен әлеуметтік желідегі парақшасы бүгінде қолжетімді. Олардың қызметіне жүгіну жастар үшін еш қиындық тудырмасы анық. Ал, үнемі телефонға телміріп отыруы көзінің нұры тайған егде жастағы жандар үшін қияметтің қайымы. Алайда, біз көбіне қалтафонды әлеуметтік желіні ақтаруға қолданамыз. Орта буын, әсіресе жастар қауымы уақытының басым бөлігін әлдекімдердің ішкен-жегені, киген-мінгені, жүрген-тұрғаны секілді түкке тұрғысыз ақпаратқа жұмсайтынын күнделікті біліп отырмыз. Facebook желісінде болмаса, өзге әлеужелілерде ақын-жазушылардың қоғамды парасаттылыққа, ізгілікке жетелейтін көшелі ой, тұщымды дүниелерін жариялауы некен-саяқ. Осыған қарап-ақ, бүгінгі қазақ қоғамының ой-өресінің деңгейін бажайлауға болады.
«ЦИФРЛЫҚ АУТИЗМДІ» ЕСТУІҢІЗ БАР МА?
Қоғамда логопедиялық дамыту орталықтарының жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуі де зейіні тұрақсыз, сөйлей алмайтын баланың көптігін көрсетеді. Өйткені, нарықта сұраныс болмаса кез келген нысанның қызметі үйлеспейді. Бұған цифрлық ақпараттық жүйенің, технологияның дамуының да себебі барын жоққа шығармаған жөн. Тіпті, бүгінде «цифрлық аутизм» деген терминнің пайда болуы да көңілге қаяу түсіреді.
Психологтардың пайымдауынша, цифрлық аутизм – баланың ұялы телефонға сәби шағынан тәуелді болуы. Бастапқыда бала психологиялық тұрғыдан қалыпты дамып, айналасында болып жатқан қимыл-әрекетке уақытында назар аударып, қоршаған ортаға қызығушылық танытып, білімін жан-жақты толықтырады. Бірақ, ұялы телефонға деген қызығушылығы бірте-бірте артып, неғұрлым көп уақытын гаджетпен өткізеді. Әбден шарықтау шегіне жеткенде шынайы достарын виртуалды әлемдегі кейіпкерлер алмастырып, өзін қызықтырған мультфильмдерді ғана көргісі келеді. Осылайша, басқалармен қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі азаяды. Бұдан соң баланың ақыл- ойы, сөйлеу, жалпы қоғаммен қарым-қатынасы шектеліп, «өз әлемінде» ғана өмір сүруді қалайды.
Түрлі ауруларды бақылайтын Америкадағы орталық жүргізген статистикалық мәліметтер біздің де назарымызды аудармай қоймады. Орталықтың зерттеуіне сәйкес, 1975 жылы 5 мың баланың біреуіне ғана аутизм диагнозы қойылған. Ал, 2005 жылы 500 бүлдіршіннен 1 сәби аталған дертке шалдыққан. 2014 жылғы статистикаға қарасақ, әрбір 68 бала – аутист. Зерттеу нәтижесінен кейін АҚШ педиатрия академиясының ғалымдары кішкентай балаларға мультимедиалық құрылғыларды көрсетуге мүлде тыйым салған. Зерттеушілердің пайымдауынша, ұзақ уақыт телефонға телміру баланың ойлау қабілетінің тежелуіне әкеліп соғады. Уақыт өте келе, қоғамдық өмірге деген қызығушылығы да мүлде жойылады. Біз бұдан баланың дамуына ақпараттық технологияның жедел дамуының да кері әсері барына анық көз жеткіземіз. Жоғарыда айтқан сақау балалар санының көбеюі – қоғамның дамуы туғызған «инновациялық» дерттің бірі. Сондықтан, қазір ата-ана бұл қауіптің алдын алуы тиіс.
Бұрнағыда көз көргендер «тілі тез шықсын» деп малдың таңдайын балаға беретін немесе тілі шықпаған баланың нағашысынан қой ұрлап сойып, оның тоқішегімен мойнынан қылғындыру ырымын жасайтын. Ал, қонаққа барған үйдегі сәбиге «тілі шықпаған сәби ғой» деп тиын қыстыратын ырымды ата-бабамыз тегін жасамаса керек-ті. Шынында да, сол расқа шығып, талай баланың таңдайы тақылдап кеткенін де жоққа шығаруға болмайды. Ал, қазір өз перзентінің келешегіне өзі балта шауып, қолдан «сақау» қылған балаға бабасының қолданған тәсілі әсер ете қояр ма екен?! Әй, қайдам, күмәніміз бар! Рас, әке-шеше өз кінәсін өзі мойнымен көтермеске шара жоқ. Бірақ, есейген баланы сөйлету ұзақ ем мен асқан сабырлықты қажет етеді. Сондықтан, «қолыңды уақытынан кеш сермемес...» үшін баланы күні бойы теледидар мен телефонға телміртпеңіз. Ата-ана баламен неғұрлым тығыз қарым-қатынас жасаса, соғұрлым пайдалы.
БҮГІНГІ ЖАСТЫҢ СИҚЫ ОСЫ МА?
Қайбір жылы «YouTube» каналдан «Kuandyk ақша» бағдарламасын көріп, экранның бергі бетінде отырған біздің бетіміздің «оты» шықты. Бағдарламаның негізгі ережесі мынадай: елімізге танымал актер Қуандық Шәкіржанов адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда жұртшылықтың арасынан кез келген жүргіншіге ұлтымыздың арғы-бергі тарихы мен әдебиеті төңірегінде сұрақтар жолдайды. Тиісінше, үш сұраққа дұрыс жауап берген адамға Қуандық Шәкіржанов өз қалтасынан 20 мың теңге сыйлық ұсынады. Аталмыш бағдарламаның үш бөлімін бір деммен көріп шықтық. Алайда, қала тұрғындарының арасынан сол 20 мың теңгені ұтқандары некен-саяқ. Сауалнамаға үлкен де, кіші де тартылды. Десе де, дені – жастар. Орта буын жастағы адамдардың өзі мықтағанда екі сұраққа ғана жауап беріп, үшінші сұрақтан сүрініп жатты. Ал, жастар жағы бірінші сұрақтан-ақ мүдірді. Және жүздерінен қысылғанның, қымсынғанның нышаны да байқалмайды. «Тар жол, тайғақ кешу» романының авторы кім?», «Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қай жерде өмірге келген?», «Қазақстан Тәуелсіздігін қай күні жариялады?» деген сынды, қарапайым сауалдарға «елдің ертеңгі болашағы» деп жүрген жастардың жауап бере алмағанына, қараптан-қарап тұрып қарның ашады екен. Ол – ол ма, Қуандықтың жеңілдік жасап: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын кім жазды?» деп, ауыздарына шайнап берген сауалға жауап таппаған жастарға не деуге болады? Міне, бүгінгі «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты...» көше жастарының сиқы осындай.
Жауырды жаба тоқығаннан мүйіз шығатын болса, ендігі қарағайдай болар еді. Жақауратудың жөні жоқ. Сөздің шыны сол – өскелең ұрпақ ұлттық құндылық, руханият дегендерге немқұрайлы қарайды. Бойларында ел тарихын, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен өнерін білуге деген құлшыныс та, құлық та жоқ. Осы қалыпта кете берсек, енді бір ширек ғасырда мәңгүрт елге айналып кетуіміз бек мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі бұл тәуелділік «Білтесіз шырақ жарық шашпастың» кебі. Сол үшін ертерек қамданып, кемелді ұрпақ тәрбиелеуге сіз бен біз болып, қарекет қылу керек-ау.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
16 шілде 2024 ж. 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031