Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨРЕЛІК ТӨРІНДЕГІ ҰЖЫМ

ТӨРЕЛІК ТӨРІНДЕГІ ҰЖЫМ

2022 жылдан бастап еліміздегі мерекелік күндердің тізбесі 24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күнімен толықтырылған болатын. Бұл датаны жалпы қоғам үшін тарихи күнге баласақ, әбестік болмас. Себебі мықты елдің биік іргесін сенімді сот жүйесі құрайтыны анық.
Шиелі аудандық сотының тарихы шежірелі өлкенің құрылуымен етене байланысты. Себебі сол жылдардан бастап өңірде «халық соты» лауазымын атқарған азаматтар жөнінде мәліметтер бар. Мәселен, аудандық соттың алғашқы сатысы 1929-1932 жылдары «Төлек сот» аталып кеткен Төлек Есенкелдіқызының жұмысымен басталған. Мемлекет мүддесін қорғаумен қатар жеке адамдардың да құқығын сақтауда айтарлықтай қызмет атқарған ол өз заманында қара қылды қақ жарар билік айтқан кісі болған көрінеді. Содан бері заң мүддесін қорғауды мақсат тұтқан сот саласының қызметкерлері қоғам дамуына сүбелі үлес қосып жүр.
Бүгінде үлкен істердің басын құрап үлгерген аудандық сот ұжымы әділ билік жүйесінің ілгерілеуі жолында елеулі еңбек сіңіруде. Сот төрағасы міндетін ҚР Президентінің 2021 жылғы 29 желтоқсанындағы №720 Жарлығымен Нұржан Бекетаев атқарып келеді. Төрт құрамды сот мекемесінде сондай-ақ 1 сот әкімшісінің басшысы, 2 бас маман, 1 аға сот приставы, 1 жетекші маман, 4 сот отырысының хатшысы қызмет етеді. Аталған саланың тірегі – судьялар – Айдос Жолдыбаев, Жақсыгүл Сарбасова, Дархан Исабек азаматтардың құқықтық қорғалуының сенімділігін қамтамасыз етуді мақсат еткен. Қазірде қызметкерлердің бәрі де заң үстемдігін орнатып, әділет қағидаттарын бекіту жолында өз міндеттерін мүлтіксіз орындауда.
Үшінші билік өкілі саналатын сот қызметкерлерінің көмегін халықтың басым бөлігі күн сайын қажет ететінін ойласақ, олардың қоғамдағы терең өзгерістер кезеңінде маңызды рөл атқаратынын аңғару қиын емес. Қазіргі таңда жеке және заңды тұлғалар сотқа «Сот кабинеті» деп аталатын арнайы сервис арқылы жүгінеді. Мамандардың сөзінше, мұнда күніне кемінде 6-7 арыз келіп түседі. Олардың басым көпшілігі – неке бұзу санатындағы арыздар. Несие мәселесі мен алимент өндіруге байланысты сұраныстар да жоқ емес.
Аудандық соттың мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда осы жылдың 5 айында түскен арыздар мен талап қоюлар саны 99-ға артқан. Сонымен бірге бұйрық шығару арқылы аяқталған істер өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 9-ға азайып, шешім шығару арқылы аяқталған істер 74-ке, тоқтатылған істер 93-ке көбейген.
Сот ғимаратының ішіне табан тіреген шағын мұражай азаматтық билікті сақтау бағытында жүйелі жұмыс атқарып жүрген мекеменің маңызын айшықтайды. Мұнда өлкеге қатысты бірқатар дерек қамтылған, сонымен қатар сот билігіне белсене араласқан азаматтар жөнінде көптеген құнды мәліметті де таба аласыз. Бұның барлығы – қажырлы еңбегін заңдылық пен әділдікке, адам құқықтарын қорғауға жұмсаған қызметкерлердің жемісті жетістігі.
Атап өткен жөн, Сыр елі сот билігінің үздіксіз қызметіне 85 жылдан асты. Осы жылдар ішінде бірлігі бекем ұжымның жұмысы жүйеленіп, көптеген үздік іс пен жоғары көрсеткіштің нәтижесінде мәртебе мінберіне көтерілді. Төрелік алаңында тәлім алып, тәжірибесін шыңдаған қаншама жан бүгінде Отандық сот пен еліміздің құқық саласында ерен еңбек етуде. Ендеше, қоғамдық теңдік пен азаматтар құқығын қорғауда үлкен үлесі бар судьялар мен сот қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаймыз!

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ

25 маусым 2024 ж. 172 0