Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Көрнекті ғалым Салық Зиманов «Би – дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші, үлгілі жол-жоралғыларды түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің тезімен талайды пәтуаға келтірген шешен, қысылтаяң тұста тіл қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр», деген боалтын. Билік айтушы ешкімді алаламайтын, адал, қара қылды қақ жарған әділ болу қажет. Сондай жандардың бірі – сот саласының ардагері Тұрмат Баймағамбет «Қызылорда облысының құрметті ардагері» атанды.
Тұрмат Сабекұлы 1946 жылы 22 қаңтар күні Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Кәсіби еңбек жолын 1964 жылы 18 жасында Шиелі аудандық сотының сот отырысының хатшысы қызметіне орналасу арқылы бастайды. Одан әрі сот орындаушысы, Шиелі мемлекеттік нотариалдық кеңсенің нотариусы қызметтерін атқарып, судьялық лауазымды алғаш рет 1986 жылы Қармақшы аудандық халық сотының судьясы қызметіне сайланады.
Ал 1987-1996 жылдары Тереңөзек, 1996-2007 жылдары Шиелі аудандық сотының төрағасы, 2007-2008 жылдары Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы секілді жұмыстарын абыроймен атқарды. Сол 2008 жылдан бастап доғарыстағы судья, 2009-2015 жылдары Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Шиелі заң кеңесінің адвокаты қызметін істейді.
Ол Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталды. Сонымен қатар, 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында ҚР Президентінің Алғыс хатын, 2008 жылы ҚР Жоғарғы Сотының құрмет гармотасын, 2013 жылы «Сот жүйесінің ардагері» медалін, «ҚР Констиуциясына 20 жыл» медалін т,б көптеген марапаттардың иегері. Бұл күндері Тұрмат Баймағамбеттің кеудесі медальға, өмірі үлгі-өнегеге толы. Ол зейнетке шықса да, аудандағы «Татуласу» орталығында тараптардың бейбіт келісімге келуіне атсалысады. Аудандық билер кеңесінің төрағасы, ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі болып аймағымызға өз үлесін қосып жүр.
Әрбір азамат саналы ғұмырын еліне елеулі еңбек етіп қызмет қылсам дейді. Өз саласының білікті маманы болуды мақсат етеді. Бала кездегі арманы жүзеге асып, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Құрмет белгісі мінсіз қызмет еткен судьяларға ғана берілетіні анық. Ал, «Қызылорда облысының құрметті ардагері» марапатын иелену бір мәртебе.

Айнұр ИБРАШЕВА
12 қыркүйек 2023 ж. 142 0