Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МҰҒАЛІМ – ОҚУШЫ – АТА-АНА: БҰЛ ҮШТІКТІҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ МАҢЫЗЫ ҰШАН-ТЕҢІЗ

МҰҒАЛІМ – ОҚУШЫ – АТА-АНА: БҰЛ ҮШТІКТІҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ МАҢЫЗЫ ҰШАН-ТЕҢІЗ

Мектеп – білім тірегі болса, ал ұстаз – оның жүрегі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деуіміз де содан. Олай болса, сіздерді ұлағатты ұстаздардың ұлы еңбегін ұлықтауды мақсат тұтқан «Білікті ұстаз» атты айдарымыздың алғашқы кейіпкерімен таныстырамыз. Бұл ұстаз – Шиелі өңірінің білім сапасын дамытуға үздіксіз үлес қосып келеді. Кейіпкеріміз аудан бойынша ең алғашқы болып педагог-шебер біліктілігін қорғаған шығармашыл ұстаз ретінде көпшілікке танымал әрі үлгі. Кәсіби биіктен көрініп, шәкірт алғысына бөлену әр ұстаз үшін шынайы бақыт десек, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің дәл осы бақытқа кенеліп жүргеніне тура 33 жыл. Фатима Қасқабаева – М.Ломоносов атындағы No47 мектеп-лицейде тарих пәнінің мұғалімі, «Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының» мүшесі.

– Фатима Серікбайқызы, әңгімеміздің әлқиссасын өз өмірбаяныңыздан бастасақ. Ұстаз болу бала кезгі арманыңыз ба?
– Мен үйдің тұңғышымын. Әкем Серікбай Дүйсенбайұлы Ресейдің Воронеж қаласында орысша білім алған. Қызылорда, Аралдағы, содан соң Шиелідегі Астық сақтау және тарату базасы мекемесінде зейнетке шыққанға дейін абыроймен қызмет атқарды. Анам алғашында отбасында бала тәрбиесімен, кейіннен мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істеді. Отбасында әкелік қамқорлық пен ананың жылулығын өмір бойына сезініп өстік. Менің өмірімдегі ерекше үлгі эталон ол – менің әкем. Қыз болсам да сол әкеме ұқсауға тырысатынмын. Ал бүгінгі «Ұстаздық» мамандығыма келсем ол менің бала күнгі арманым. Алғашқы ұстаздарым Ұлбала, Злиха, тарих пәнінің мұғалімі Құлымбет ағайға алғысым шексіз. Әр ұстазға қарап «Ұстаз» болуды армандадым. 1986 жылы М.Ломоносов атындағы №47 орта мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы пединституттың «Тарих және қосымша француз тілі» мамандығы бойынша оқуға түстім. 1991 жылы осы оқу орнын «Үздік дипломға» бітіріп өз алтын ұя мектебіме жұмысқа орналастым. Міне, содан бері 33 жыл өтіпті. Егер уақытты кейін бұрсақ мен осы мамандықты еш ойланбастан қайта таңдар едім. Менің еңбек кітапшамда бір ғана мектеп осы – №47 мектеп-лицейдегі 33 жылдық ұстаздық жолым жазылған. Әлі де жазылады деп ойлаймын.
– Ұстаз еңбегін ұлы ететін оның өзі емес, шәкірті дейміз. Мақтанатын шәкіртіңіз бар ма?
Ұстаздық жолды ең алғаш аттаған сәттен бастап шәкірттерімнің жетістікке жетіп, биік мінбелерден жүлдегер атанғанын көріп қуануды армандадым. Арнайы республикалық пәндік олимпиадалардың марапатталу салтанаттарын көрдім. Ол кезде олимпиадаға және ғылыми жобаға дайындау туралы деректер жоқтың қасы. Жылдан-жылға шәкірттерді сол бағыттарда даярлап, тәжірибе жинақтап, қағазға түсіріп, баспаға беріп отырдым. Міне, солай алғашқы республика деңгейінде әдістемелік құралдарым шықты. Ұстаздық жол – бұл шәкірттерге білім мен тәрбие беру. Шәкірттерімді баптай отырып пәндік олимпиадаларға бәйгеге қостым. Пәндік олимпиада – ол басты білім сайысы. Алғашқы шәкірттерім өзім армандаған «Білім додасынан» топ жара бастады. Оларды көріп қуанып, марқайдым. Соның бір мысалы ретінде Абай Болатұлын ерекше айтып өтейін. Қазіргі уақытта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде бас сарапшы болып жұмыс істейді. Осы түлегіммен айрықша мақтана аламын.
Жалпы ұстаз бақыты өте көп. Сәл нәрсеге қуанамыз. Мектептегі шәкіртпен болған әрбір бақытты сәт саған қуаныш сыйлайды. Алдымен таңертең мектепке барғаныңда қаншама шәкірттеріңнің «Сәлеметсіз бе, апай?» деп амандасып, кетіп бара жатқанда «Сау болыңыз, апай!» дегенді есту үлкен бақыт. Жер бетінде қандай мамандық иесі осындай құрметке лайық? Жоғарыда айтып өткенімдей, шәкірт үшін қуансаң, шәкіртіңнің сен үшін қуанғанын көргенде бақыттан басың айналады. Өмірде өз орнын тапқан түлектеріңнің қаншама жылдан соң өз алтын ұясына сағынышпен оралып ыстық ықылас тілектерін білдіргенді бақытқа теңемегенде не дерсің?! Осылай тізбектей берсеңіз бақыттың ұясы мектепте деп айтарсыз.
– Ұстаздық қызметтегі концептуалдық ұстанымыңыз қандай?
– Жүсіпбек Аймауытов айтқандай «Сабақ беру – үйреншікті жәй шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер». Ұстаз – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, жақсы мінездің де жанды өкілі. Жалпы менің концептуалдық ұстанымыма кезек берсем. Біріншіден, сөз үйретпейді, әрекет үйретеді. Сөз арқылы ғана үйрену бүгінгі таңда мүмкін емес, білімді әрекетпен ғана меңгеруге болады. Екіншіден, әр сабақта үйренушілер ойлау, ізденіс жасау, пікірлесі, диалог секілді белсенді қызметтер атқару қажет.
– Бүгінде ұстаздардың тұрмысы түзелгелі бері бұл мамандықты игеруге ниеттілер саны да күрт өскені белгілі. Осы ретте көкейге кез келген адам мықты ұстаз бола ала ма деген сауал туындайды. Сіз не дейсіз?
– Соңғы кездері ұстаздардың жалақысы артып ұстаздық жолды таңдаған жастар көбеюде. Бұл әрине көңіл қуантады. Кез келген мұғалім мықты ұстаз бола алады. Ол үшін тынымсыз еңбек пен шыдамдылық ауадай қажет. Алайда ұстаз тұрмысы түзелді деп мен толық айта алмаймын. Қазіргі таңда ұстазға жүктелген жүк өте ауыр. Ұстаз өз міндетінен бөлек миссиялармен айналысуға да тура келеді. Мәселені мектептен, ұстаздан іздеуден басқа мәселе қалмаған ба, деп те ойлайсың. Қанша дегенмен ұстаз – қоғамдағы зиялы қауым өкілі. Бүкіл елде болып жатқан өзгерістерге түсіністікпен қарауға тырысады. Ұстаз мәртебесін нықтау үшін әлі де нақты заңдар қажет. «Ұстазын қадірлеген ел озады» деген бар. Кезінде «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деуші еді. Осы ұстаным керек бізге.
– Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Ұстаз мәртебесінің лайық деңгейде көтерілмеуіне тек қоғам мен ата-ана емес, білік деңгейі төмен мамандардың да әсері бар деп ойламайсыз ба?
– Қоғамдағы кез келген мәселені мұғалімнен іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазіргі уақытта бала тәрбиесіне ата-ана, мұғалім болып бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Осы ретте «мұғалім – оқушы – ата-ана» деген үштікті қосқым келіп отыр. Бала тәрбиесі – бәрімізге ортақ. Сондықтан бәріміз жұмылғанда ғана қоғамда мұндай мәселелер болмайды деп ойлаймын.
– Ұстаз қандай болуы керек? Бүгінгі ұстаз беделін қалай көтереміз?
– Ұстаз – мемлекеттің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де, жүріс-тұрыс мәдениетімен де, мектепке және мектептен тыс қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Негізінен мұғалім мәртебесі ішкі субъективтік және сыртқы объективтік факторлардан түзілмек. Ішкі субъективтік факторлар дегеніміз – мұғалімнің өз басының педагогикалық қызметіне көзқарасы, оның қатынасы, мінез-құлқы, жеке мәдениеттілігі, білімділігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті. Сыртқы объективтік факторларға мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-материалдық, оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен мектепішілік психологиялық-педагогикалық ахуал мен ата-аналардың көзқарасы жатады. Бұл екі фактор өзара тығыз байланысты.
Қандай қиындық болса да, мұғалімдер азаматтық ұжданын сақтайды. Егер азаматтық ұжданды Шәкәрім айтқандай түсінсек, әр адамда «Нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып айтқанда, ұждан бар». Қазіргі мектепті ұстап тұрған осы нысап, әділет, мейірім. Мұғалімдердің бойындағы осы ұжданды бекіте түссек, олар еліміз межелеп отырған қандай міндеттерге болса да жас ұрпақты дайындау ісінде аянбай еңбек ететініне кәміл сенеміз.
– Педагог-шебер біліктілікке жету үшін не қажет? Оған екінің бірі жете алмайды. Осы жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз...
– Маған мұғалімдерді аттестаттау нәтижесінде берілетін ең жоғарғы біліктілік санаты «педагог-шебер» 2019 жылдың желтоқсан айында берілді. Ауданда «Шебер-педагог» санатына лайықтылар өте көп. Әр ұстаздың жолы – жеке ерлік жолы. Келешекте менің қатарыма өзге ұстаздар да қосылады деген сенімім мол. Түрлі аудан, облыс, республика көлемінде осы бағытта шеберлік сыныптарын беріп келемін.
Алдымен педагог-шебердің кім екенін сараласақ. Педагог-шебер – оқытушылық және тәрбие жұмысымен айналысушы, оқу-тәрбие қызметінің технологиясын еркін меңгерген тұлға. Демек, ол ұстаздық жолда ең жоғары дәрежедегі маман. Өз ісінің нағыз шебері екенінің айқын дәлелі. Бұл біліктілікке жету үшін тек ғана оқушыға сабақ берумен шектелмейміз. Уақыт бір орында тұрмайды. Дұрыс па? Әлем дамып жатыр. Кез келген сала маманы сол дамудан қалыспауы керек. Жаңашылдыққа бет бұрған ұстаз ғана өзін дамыта алады. Ол үшін «Оқушыға қандай білім беремін? Бүгінгі сабаққа қандай дайындықпен барамын? Баланың зейінін арттыру үшін не қажет?» Осы іспетті сұраққа күнде жауап таба білуің тиіс. Бұл да педагог-шебердің бір сыры.
– Қазіргі таңда оқушының білімге деген қызығушылығын ояту үшін не істеу керек?
– Оқушының білімге деген қызығушылығын арттыру пәннің ерекшелігіне байланысты. Мәселен, мектеп-лицейімізде түрлі жобалар бойынша «Сәнге айналған кітап», «Сіnema day», Театр үйірмелері, түрлі жобалар бар. Оқушыны пәнге қызықтыра білу – ол мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалім сабағын қызықты өткізе білсе бала да сол сабаққа асығады. Сондықтан да әр мұғалім ертеңгі сабақ жоспарын үлкен шығармашылықпен жоспарлауы тиіс.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
28 мамыр 2024 ж. 166 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (9246)

15 қазан 2024 ж.

№81 (9245)

12 қазан 2024 ж.

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031