БАР ҒҰМЫРЫН БАЙЛАНЫС САЛАСЫНА АРНАҒАН
Байланыс саласының адам өмірі үшін мәні ерекше. ЫбырайАлтынсаринше айтсақ, «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» дейтін заман қазір келді. Бұрын айлап-апталап, екі көздері төрт болып, зарыға хат-хабар күтіп отыратын халық қазір тіпті шетелде жүрген баласының жайын мобильді телефон, тағы да басқа заманауи құрылғылар арқылы табан астында біле алады. Тіпті, саусақпен түртсең сан түрлі жұмыс шешіле кететін ІТ-технологияның дәуірі еніп келеді. Демек, дамушы ел ретінде байланыс саласының маңызын біз жақсы түсінеміз. Осы орайда Шиелі ауданының байланыс саласын дамыту, интернет сапасын арттыру бағытында тынымсыз тіршілік етіп, жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған Бекахмет Сақтағанов жайында сөз өрбітпекпіз.
Ғұмырын бір ғана салада еңбек етуге арнаған адамдар бүгінде саусақпен санарлықтай. Байланыс саласында 44 жыл еңбек етіп, бұл күнде құрметті демалысқа шығып, ұрпақтарының көз қуанышы болып отырған Бекахмет Ақпанбетұлы осындай жандардың қатарынан. Ташкент энергетикалық байланыс институтында «автоматикалық электро байланыс» мамандығы бойынша білім алған кейіпкеріміз ең алғаш еңбек жолын 1976 жылы Шиелі аудандық байланыс торабында хат тасушы болып бастайды. Араға бір жыл салған жігіт ағасы 1977-1979 жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерден келген соң, Шиелі аудандық байланыс торабында электромонтер, бас инженер қызметін атқарады. Ісіне деген адалдық, жауапкершілік, білім-білігінің биіктігі жұмыс сатысының баспалдағына айналды десек те болады. Еңбектегі ептілік пен ыждаһаттылықтың арқасында 1994 жылы Б.Сақтағанов Шиелі аудандық телекоммуникация торабының директоры қызметіне көтеріледі.
Шежірелі өлкеге сыйлы азамат 2013-2015 жылдар аралығында Шиелі аудандық өндірістік телекоммуникациялар торабының басшысы, 2016 жылы Қармақшы – Жалағаш Біріккен өндірістік телекоммуникациялар торабының басшысы, одан әрі Қармақшы желілік техникалық цехтың басшысы қызметтерінде абыройлы қызмет етеді. Өз саласының білікті маманы Бекахмет аға 2018 жылы Қызылорда облысы ЖЖ ТҚЖО басшысы қызметіне орналасып, 2020 жылы зейнетке шығады. 2021 жылдан бастап осы күнге дейін Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, қоғамдық жұмыспен айналасып келеді. Осынау еңбек жолында ҚР «Құрметті байланысшысы» атанып, «Транспорт и Связь Казахстана» атты алтын кітапқа есімі енеді. Елбасының «Алғыс хаты», «Қазақтелеком» АҚ корпоративінің наградасымен марапатталады.
Ең алғашқы еңбек сатысынан бастап басшылық қызметке жеткен тәжірибелі маман Шиелі аудандық желілерді сандық жүйеге көшіру, ауылдық елді мекендерді телефондандыру бағытында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар істеді.
Байланыс саласының білгірі Бекахмет ағаның шаңырағы тікелей осы саламен байланысып жатыр. Олай деуімізге зайыбы Зауре Смағұлова мен ұлы Ғафур Сақтағанов себепкер. Жары З.Смағұловада Шиелі аудандық байланыс торабында бас электро механик қызметінде үзіліссіз 37 жыл жұмыс істеп, зейнет жасына жетеді. Байланыс саласының білгірі атанып, құрмет төрінен көрінген ардагерден әріптестері әлі күнге ақыл-кеңес сұрап тұрады. Бұл әрине мол тәжірибе мен жемісті жұмыстың жемісі десек те болады.
Г.ӘБДІХАНИ