Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік байланысшылар әулеті

Үздік байланысшылар әулеті


Байланыс саласының адам өмірі үшін мәні ерекше. Ыбырай Алтынсаринше айтсақ, «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» дейтін заман қазір келді. Бұрын айлап-апталап, екі көздері төрт болып, зарыға хат-хабар күтіп отыратын халық қазір тіпті шетелде жүрген баласының жайын мобильді телефон, тағы да басқа заманауи құрылғылар арқылы табан астында біле алады.Осы салада жарты ғасырға жуық қызмет жасап, бейнеттің зейнетіне жеткен Бекахмет Сақтағанов халыққа өз ісінің майталман маманы ретінде танылды.
Ғұмырын бір ғана салада еңбек етуге арнаған адамдар бүгінде саусақпен санарлықтай. Байланыс саласында 44 жыл еңбек етіп, бұл күнде құрметті демалысқа шығып, ұрпақтарының көз қуанышы болып отырған Бекахмет Ақпанбетұлы осындай жандардың қатарынан. Ташкент энергетикалық байланыс институтында «автоматикалық электробайланыс» мамандығы бойынша білім алған кейіпкеріміз ең алғаш еңбек жолын 1976 жылы Шиелі аудандық байланыс торабында хат тасушы болып бастайды. Араға бір жыл салған жігіт ағасы 1977-1979 жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерден келген соң, аудандық байланыс торабында электромонтер, бас инженер қыз­метін атқарады. Ісіне деген адалдық, жауап­кершілік, білім-білігінің биіктігі жұмыс сатысының бас­палдағына айналды десек те бола­ды. Еңбектегі ептілік пен ыжда­һат­­ты­лық­тың арқасында 1994 жылы Б.Сақ­та­ғанов аудандық телекоммуникация торабы­ның директоры қызметіне көтеріледі.
Ауданға сыйлы азамат 2013-2015 жылдар аралығында Шиелі аудандық өндірістік телекоммуникациялар торабының басшысы, 2016 жылы Қармақшы – Жалағаш Біріккен өндірістік телекоммуникациялар торабының басшысы, одан әрі Қармақшы желілік техникалық цехтың басшысы қызметтерінде абыройлы қызмет етеді. Өз саласының білікті маманы Бекахмет аға 2018 жылы Қызылорда облысы ЖЖ ТҚЖО басшысы қызметіне орналасып, 2020 жылы зейнетке шығады. Осынау еңбек жолында ҚР «Құрметті байланысшысы» атанып, «Транспорт и Связь Казахстана» атты алтын кітапқа есімі енеді. Елбасының «Алғыс хаты», «Қазақтелеком» АҚ корпоративінің наградасымен марапатталады. Ең алғашқы еңбек сатысынан бастап басшылық қызметке жеткен тәжірибелі маман Шиелі аудандық желісін сандық жүйеге көшіру, ауылдық елді-мекендерді телефондандыру бағытында ауыз толтырып айтарлық жұмыстар істеді.
Байланыс саласының білгірі Бекахмет ағаның шаңырағы тікелей осы саламен байланысып жатыр. Олай деуімізге зайыбы Зауре Смагұлова мен ұлы Ғафур Сақтағанов себепкер. Жары З.Смағұлова 1976 жылы Целиноград қаласындағы Байланыс училищесінде электро механик мамандығын алып шығады. Одан әрі білімін жетілдірген ол Ташкент қаласындағы Байланыс институтын 1981 жылы бітіріп, Шиелі аудандық байланыс торабында бас электро механик қызметінде үзіліссіз 37 жыл жұмыс істеп, зейнет жасына жетеді. Ал, әке жолын қуған ұлы Ғафур 2007 жылдан бері электромеханик, аға электромеханик, инженер К2 лауазым сатыларынан өтіп, бүгінгі таңда инженер К1 қызметін атқарып келеді. Білімін дамыту, тәжірибесін арттыру мақсатында 2007 жылы және 2009 жылдары Мәскеу қаласына барып, байланыс саласының қыр-сырымен қаныға түседі.
Байланыс саласының білікті ардагері Бекахмет Сақтағанов пен Зауре Смағұлова бұл күндері 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 10 немере сүйген үлкен бір династияға айналып келеді. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, ата-ана жолын жалғап, үлкен бір мәуелі бәйтерекке айналған шаңырақта кішкентай ғана болашақ байланысшылар да жүрген шығар, кім білсін?..

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
18 мамыр 2021 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930