Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛ ТҰҒЫРЫ - ҰЛТ ҒҰМЫРЫ

ТІЛ ТҰҒЫРЫ - ҰЛТ ҒҰМЫРЫ

Кез келген мемлекеттің тарихына көз салсаңыз тілге қатысты түйткілдерді кезіктіруге болады. Мәселен, Үндістанда 33 тілдің әрқайсысында миллондаған халық сөйлеп, аяғы тілдер қақтығысына ұшырағаны мәлім. Бірақ Үндістан тіл туралы заң шығарып, бұл мәселені сәтті шеше білді. Ал Эстония, Латвия, Грузия сияқты елдерде орыс тіліне шетел тілі мәртебесі беріліп, орыс тілі тек мемлекеттік емес мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылады екен. Енді Қазақстан халқының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің жай-күйін айталық...
Тілге құрмет – елге, жерге, ең алдымен өзіңе деген құрметтен басталады. Президент ҚасымЖомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деді.
Иә, ниет болса қиын іс жоқ. Тіл саясатының басты мақсаты да халықты қазақ тілінде сөйлету. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5%-ы, ұйғырлардың 93,7%-ы, қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12%-ы жоғары деңгейде меңгерген. Славян этностар өкілдерінің арасында ауызекі қазақ тілін орыстардың 25%-і, украиндардың 21,5%-ы, белорустардың 19%-ы, поляктардың 20,9%-ы, сондай-ақ немістердің 24%-ы түсінеді. Олардың ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі 2,9%-ды құрайды. Бұл өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге ұмтылысы. Бірақ биік-биік мінберлерде отырған басшылардың қазақ тілін үйрене алмай жүргеніне 30 жылдан астам уақыт кетті. Мәселе қазақ тілін үйренудің қиындығында емес, ниетте секілді...
Қазақ – намысқой, рухшыл халық. Алайда тіл мәселесіне келгенде тілімізді тістеп қалар тұстар көп. Жай ғана Балтық жағалауы елдерінің байырғы халқына қарайықшы. Олар орыс тілін біле тұра, славяндармен орысша сөйлеспейді екен. Яғни «орыс тілі отарлаушы ұлттың тілі болған, енді менің елімде менің тілімде сөйле, мені сыйла» деген ұстаныммен өмір сүреді. Міне, бізге жетіспейтіні осындай ұлттық мінез, өзімізге деген құрмет емес пе?
Тіл жайында қалам түрткен жан ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлына міндетті түрде тоқталып өтеді. Себебі қазақпын деген әр азамат үшін Абайды білмек парыз болса, тіл мен ұлттың жанашыры боламын деген адам үшін ең алдымен Ахмет Байтұрсынұлының ілімін білген жөн. Қазақтың әліпбиінен бастап күллі грамматикасын жасақтап шығарған ғалымның тіл үшін жасаған ерен еңбегі мұнымен бітпек емес. Ұлт зиялысы «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс» деп ана тілінің мәртебесін көтеруге һәм ұлт тағдырының тікелей тілге байланысты екендігін айтып кеткен.
Ұлт ұстазының осы бір ұстыны билік басына жетіп, 2022 жылдан бастап 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алып келеді. Оған дейін енді ғана мектеп табалдырығын аттаған бала орыс тілін де меңгеру керек болатын. Расында, «жас шыбықты қалай исең, солай өседі» емес пе? Енді ғана білім ордасына қадам басқан бала өзінің ана тілінде білім алуы, өзін қоршаған ортаны танып-білуі керек. Ол үшін әлемдік тәжірибені зерттемей-ақ, бір ғасыр бұрын айтып кеткен А.Байтұрсынұлының еңбегін оқып-білсе жеткілікті.
Міне, сол секілді қазақ жерінде жүрген азаматтарға ең бірінші қызмет қазақ тілінде көрсетілуі тиіс. Осыны ең әуелі әуежай мен банк қызметкерлерінен бастағанымыз жөн-ақ. Алайда, ҚР «Тіл туралы» Заңның ІІ тарау, 8-бабында «Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады» деп көрсетілуі көптеген кикілжіңнің орын алуына себеп болып жатқанын жасыра алмаспыз.
Тіл – ұлттың жан-жүрегі, басты қадір-қасиеті. Өз алдына өркениет тудыратын да, экономика жасайтын да ұлттың тілі екен. Мәселен, біреуге ол түсінетін басқа тілде сөйлесең, санасына әсер ететін көрінеді. Ал ана тілінде үн қатсаң, әсерді жүрегіне алатыны дәлелденген. Сонда ең әуелгі дүние тілде екенін аңғарамыз. Мемлекеттік сана мен ту содан кейін барып бой көтерсе керек. Демек, туған ана тілің өз биігінде тұрмаса, үстемдік құруы тиіс Отанында өгейдің күйін кешіп жатса, ұлттың ұпайы түгенделмейді деген сөз. Сондықтан өзіміздің ана тілімізде сөйлеуге арланбай, мемлекеттік тіліміздің мерейін көтерейік!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 мамыр 2024 ж. 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930