ТІЛ ТҰҒЫРЫ – ҰЛТ ҒҰМЫРЫ
Кез келген мемлекеттің тарихына көз салсаңыз тілге қатысты түйіткілдерді кезіктіруге болады. Мәселен, Үндістанда 33 тілдің әрқайсысында миллондаған халық сөйлеп, аяғы тілдер қақтығысына ұшырағаны мәлім. Бірақ Үндістан тіл туралы заң шығарып, бұл мәселені сәтті шеше білді. Ал Эстония, Латвия, Грузия сияқты елдерде орыс тіліне шетел тілі мәртебесі беріліп, орыс тілі тек мемлекеттік емес мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылады екен. Енді Қазақстан халқының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің жай-күйін айталық...Тілге құрмет – елге, жерге, ең алдымен өзіңе деген құрметтен басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деді.
Иә, ниет болса қиын іс жоқ. Тіл саясатының басты мақсаты да халықты қазақ тілінде сөйлету. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5%-і, ұйғырлардың 93,7%-ы, қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12%-і жоғары деңгейде меңгерген. Славян этностар өкілдерінің арасында ауызекі қазақ тілін орыстардың 25%-і, украиндардың 21,5%-і, белорустардың 19 %-і, поляктардың 20,9%-ті, сондай-ақ немістердің 24%-і түсінеді. Олардың ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі 2,9%-ті құрайды. Бұл өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге ұмтылысы. Бірақ биік-биік мінберлерде отырған басшылардың қазақ тілін үйрене алмай жүргеніне 30 жылдай уақыт кетті. Мәселе қазақ тілін үйренудің қиындығында емес, ниетте секілді...
Қазақ – намысқой, рухшыл халық. Алайда тіл мәселесіне келгенде тілімізді тістеп қалар тұстар көп. Жай ғана Балтық жағалауы елдерінің байырғы халқына қарайықшы. Олар орыс тілін біле тұра, славяндармен орысша сөйлеспейді екен. Яғни «орыс тілі отарлаушы ұлттың тілі болған, енді менің елімде менің тілімде сөйле, мені сыйла» деген ұстаныммен өмір сүреді. Міне, бізге жетіспейтіні осындай ұлттық мінез, өзімізге деген құрмет емес пе?
Тіл жайында қалам түрткен жан ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлына міндетті түрде тоқталып өтеді. Себебі қазақпын деген әр азамат үшін Абайды білмек парыз болса, тіл мен ұлттың жанашыры боламын деген адам үшін ең алдымен Ахмет Байтұрсынұлының ілімін білген жөн. Қазақтың әліпбиінен бастап күллі грамматикасын жасақтап шығарған ғалымның тіл үшін жасаған ерен еңбегі мұнымен бітпек емес. Ұлт зиялысы «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс» деп ана тілінің мәртебесін көтеруге һәм ұлт тағдырының тікелей тілге байланысты екендігін айтып кеткен.
Биыл ұлт ұстазының осы бір ұстыны билік басына жетті. Жаңа оқу жылының жаңалығы дейміз бе, 1-сынып оқушылар тек қазақ тілінде білім алатын болады. Білім министрі А.Аймағанбетовтың бұл жаңалығы халықтың көңілен шықты. Расында, «жас шыбықты қалай исең, солай өседі» емес пе? Енді ғана білім ордасына қадам басқан бала өзінің ана тілінде білім алуы, өзін қоршаған ортаны танып-білуі керек. Ол үшін әлемдік тәжірибені зерттемей-ақ, бір ғасыр бұрын айтып кеткен А.Байтұрсынұлының еңбегін оқып білсе жеткілікті.
Тіл – ұлттың жан-жүрегі, басты қадір-қасиеті. Өз алдына өркениет тудыратын да, экономика жасайтын да ұлттың тілі екен. Мәселен, біреуге ол түсінетін басқа тілде сөйлесең, санасына әсер ететін көрінеді. Ал ана тілінде үн қатсаң, әсерді жүрегіне алатыны дәлелденген. Сонда ең әуелгі дүние тілде екенін аңғарамыз. Мемлекеттік сана мен ту содан кейін барып бой көтерсе керек. Демек, туған ана тілің өз биігінде тұрмаса, үстемдік құруы тиіс Отанында өгейдің күйін кешіп жатса, ұлттың ұпайы түгенделмейді деген сөз. Сондықтан өзіміздің ана тілімізде сөйлеуге арланбай, мемлекеттік тіліміздің мерейін көтерейік!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ