Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ

КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЗЕРДЕЛЕНДІ

Қазіргі кезде ауданда 7000-ға жуық кәсіпкерлік нысан тіркелген. Шағын және орта бизнестің өркендеуі – елдің экономикалық даму алғышарттарының бірі. Сондықтан да мемлекет кәсіпкерлікті қолдап, әр кез көмек көрсетудің тиімді тетіктерін ұсынуға тырысуда. Мәселен, «Ауыл аманаты», қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие сынды түрлі бағдарламалар кәсіп бастауды көздеген ауыл халқына септігін тигізуі керек. Міне, осы бағытта Шиелі ауданына облыстық кәсіпкерлік палатасынан құрылған делегация мүшелері табан тіреді.
Алдымен делегация мүшелері Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің фойесінде аудандық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған көрмемен танысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Пірмұхаммед Айтбайұлы бастаған топ ағалы-інілі Нұрбол мен Еркебұлан Есеновтің қағаз майлықтарымен танысты. Істі бастамас бұрын кейіпкерлеріміз ішкі нарықты егжейтегжейлі зерттеп, өз мүмкіншілігін бағалап алған. Енді олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін де жақсы біледі. Қондырғылар күніне 3000 мың майлық шығаруға қауқарлы. Қытайдан жеткізілген бұл құрылғыны ағайынды бауырлар өз қаражаттарына сатып алған.
– Негізі қағаз майлықтар – қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында және үй тұрмысында кеңінен қолданылатын өтімді гигиеналық тауардың бір түрі. Жалпы бұл кәсіп жайлы көп іздендік. Қалаларға барып талдау жасап, саралай бастадық. Содан бір күні Шиеліге осындай ерекше өндіріс керек-ау деген оймен тәуекел жасап, жұмысты бастап кеттік. Нәтижесінде ойға алған кәсібіміз қазір жүзеге асуда, – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ «HoneyMOOD-балдай» кондитерлік дүкенінің иесі Назер - ке Имантаеваның және «Адал» ЖК құрт, тамақ өнімдерін шығарушы кәсіпкер Назира Есмұратованың өнімдерін тамашалады. Ал «Мұқаш» шаруа қожалығының басшысы Бекжан Иманғали «Тұмарым» брендімен сатылымға шығатын ет-сүт өнімдерін көрсетті. Ши тоқудың шебері Зылиха Календердің 3 ай бойы тоқыған қазақы ою-өрнекті алашасы да қалың жұрттың қызығушылығын туғызды. Көрме қатарында Өмірзақ Аюповтың ат әбзелдері мен Тамара Ақмағамбетованың тігін өнімдері де бар.
Одан әрі мәдениет үйінің акт залында облыстық кәсіпкерлер палатасы және өңірлік кеңес мүшелерінің көшпелі отырысы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры П.Айтбайұлы модераторлық еткен отырыстың алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Б.Абдулхайысұлына берілді.
– Бүгінгі кездесу кездейсоқ өтіп отырған жоқ. Біз бүгін кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін мәселелердің бәрін ашық талқылаймыз. Сөйтіп, оларды шешу жолдарын да қарастыруға тиіспіз. Осыны негізге алып, әрқайсыңыз жұмыстарыңызда туындап жатқан проблемалар жөнінде пікір білдірулеріңізге болады, – деді.
Көшпелі отырыста кәсіпкерлік саласында туындаған мәселелерді шешу мақсатында құрылған жұмысшы топ мүшелері түрлі тақырыпта баяндама жасады. «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары А.Өмірзаққызы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті дамыту және қолдау бөлімінің бас маманы А.Серікқызы, Ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Г.Рахымжанқызы кәсіпкерлерді толғандырған сауалдар төңірегінде сөз қозғады. Сондай-ақ, «Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің» түсіндіру жұмыстары мен байланыс орталығы басқармасының басшысы Г.Рашидқызы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ бағдарламаларды жылжыту бойынша бас менеджері С.Сәкенқызы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалының несиелендіру бөлімінің бас маманы А.Малкайдарұлы, «Банк ЦентрКредит» АҚ Шиелі ауданы бөлімше директоры С.Бағдәулетұлы қаржы алу жолындағы кедергілер мен қиындықтардың себеп-салдарын түсіндірді.
ТҮС АУА ТҮРЛІ КӘСІПОРЫНДЫ КӨРДІ
Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгеленте алады. Бұл туралы француз экономисі Жан Батист Сейдің «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік ауқымда ұйымдастыратын адам» деген анықтамасы бар. Расында, бүгінде өз ісін өрге домалатып отырған кәсіпкерлердің саны артып келеді. Тек үлкен өндіріске айналу үшін «әттеген-ай» дейтін тұстың барын жасыра алмаймыз.
Өткен жылдың соңында Шиеліде «тұз шахтасы» ашылды деп сүйіншілеген болатынбыз. Кеше арнайы келген облыстық делегация мүшелері сол тұзды шахтаға бас сұқты. Кәсіпкер Индира Жантурееваның «Соль+» тұзды ем орталығы тұрғындарға табиғи емдік қызметтер көрсетуде. Тұзды бөлменің жалпы аумағы – 150 шаршы метр, сыйымдылығы – 10 адамды құрайды. Тұзды ем бөлмесі ыңғайлы арқалы орындықтармен, жарықпен және баяу әуенмен жабдықталған. Арнайы аппараттан тазартылған, өңделген тұз ауаға тарайды. Емдік тұз Қызылордадан алынады. Адам 40 минут ем алу арқылы тұзды ағзасына сіңіреді. Бұл ем қатарынан 10 күн алынуы керек. Отбасымен де бірге келіп, ем алуға болады. Кәсіпкердің айтуынша, «Ауыл» бағдарламасы бойынша 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алып кәсібін ашқан.
– Орталықтың ішінде барлық гигиеналық талаптар сақталған. Иммунитетті көтеру үшін 10 күн ем алады. Ал егер аурудың асқынған түрі болса, онда курс мерзімі 15-20 күнге дейін созылуы мүмкін, – дейді кәсіп иесі.
Емдік қызметтерді алу ересектер үшін – 1000 теңге. Балаларға – 500 теңге. Көпбалалы аналар мен зейнеткерлерге де жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар мұнда массаж қызметін көрсететін жұмысшы да бар. Кәсіпкер болашақта бұл жобаны әрі қарай дамытқысы келетінін айтты. Алайда тұзды шахтаның адам денсаулығына тиімділігін халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстары жеткіліксіздіктен бе, әзірге тұтынушылар саны көп емес екенін тілге тиек етті.
ШҰЖЫҚ ШЫҒАРУДЫҢ ДА ШЫЖЫҒЫ БАР
Келесі бағыт «Тамаша» шұжық шығару цехына бұрылды. Шиелі ауданының өркендеуіне үлесін қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Патима Маханбет. Ол ауданның «Құрметті азаматы», игілікті істердің басы-қасынан табылып жүрген кәсіпкер.
Шиелі ауданында «Шиелі Шұжық» ЖШС бастамасымен шұжық цехы өз жұмысын жүргізіп келеді. Цех жұмысы ең әуелі 2005 жылы басталған болатын. Кейін құрылған цех біршама қиындықтарға байланысты 2017 жылы жұмысын тоқтатады. Дегенмен, кәсіпорын басшысы П.Маханбет қиындықтан шығудың жолын тауып, өндірісті қайтадан іске қосады. Осылайша 2020 жылы жұмыс қайтадан қолға алынады. Кәсіпкерге серіктес ретінде «Байқоңыр» ӘКК осы жобаға 32 млн теңге қаржылай қолдау көрсеткен.
Заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында күніне 500 келі шұжық өндіріледі. Жалпы мұнда шұжық өнімдерінің 12 түрі бар. Олар: ысталған, қайнатылған, московский, сервелат, сардельки, докторский, зернис¬тый, особый, вечина, полтавский және тағы басқа түрлерін кезіктіруге болады. «Тамаша» цехы өндіретін шұжықтарды тек Шиелі ауданында ғана емес, Жаңақорған мен Қызылорда қаласындағы дүкен сөрелерінен табуға болады. Сонымен қатар шұжыққа қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін халал стандарты бойынша мал сою қасапханасы салынған. Шұжық цехына жарамды, стандартқа сай ірі қаралардың бәрі осында шариғи рәсімге сай сойылады.
– Шұжық өндірісі ерекше кәсіптің түрі. Оны өндіру оңай шаруа емес. Ұқыптылық пен тазалықты қажет етеді. Мұздай жерде сақтау, оны тасымалдау үшін де мұздатқышы бар жүк көлігі керек. Осындай әртүрлі функционалды жұмысты атқаратын жұмысшылар өз ісінің шеберлері. Алдағы уақытта цехқа ер адамдарды қабылдау да жоспарда бар. Себебі өнім көлемі артқан сайын қол көмекке қажеттілік арта түседі. Мемлекеттік қолдаудың көмегіне қол жеткізгенімізбен, қажетті техниканы алуда түрлі қиындықтарға тап болудамыз. Өйткені, мемлекеттен бөлінген қаржы тікелей кәсіпкердің қолына түспейді. Ортада техниканы алып беруші компания жүреді, яғни, ол маған қажетті құрылғыны тауып бермейді. Тіпті, сапасы нашар, іске жарамсыз құрылғылар қазіргі кезде цехта іске аспай тұр. Сондай-ақ өндірілген өнімді өткізетін орын табу да қиын мәселе, – дейді Патима Шаймерденқызы.
ЕШКІ СҮТІНЕН ЖАСАЛҒАН ӨНІМГЕ СҰРАНЫС КӨП
«Есең кетсе, ешкі бақ» дейді атам қазақ. «Сүті ағып тұрған бұлақ, еті тамағыңа бап» деп мақтайтын Сексек ата түлігін баптап отырған «Бота» ЖК директоры Ботакөз Маханбетқалиқызы ешкі сүтінен құрт, май, қаймақ өндіруде.
– Ешкі күтімді көп қажет ете бермейтін, өзге түлікке қарағанда тезірек көбейетін, табиғи жағдайға төзімді мал. Оны күтімге алуға кез келген қора жарай береді. Тек ол құрғақ әрі жарық болуы тиіс. Ешкінің бір әлсіз тұсы қатты желді көтере алмайды. Сондықтан қораның іші желкем болмағандығын ескерген абзалырақ. Ешкінің пайдасы – сүтінде. Дәмі де ерекше. Дал қазіргі уақытта қорада «Заанин», «Чех алпийі», «Француз алпийі», «Новинская» сынды асылтұқымды 200 бас ешкі бар. Сүт, құрт, май, балқаймақ жасаумен кәсібімді дөңгелентіп отырмын. «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібімді кеңейтіп, түрлі құрылғылар алуды жоспарлаған едім. Алайда бағдарламаның кейбір баптары ауылдағы ағайынның кәсіп бастауына қолбайлау болып тұр. Кепілге қойылатын мүлік үшін тым көп талаптар қойылған. Біз секілді қарапайым ауыл тұрғындарына бұл тиімсіз, – дейді кәсіпкер.
Арнайы іссапармен келген жұмысшы топтың бір күндік сапары осымен тәмам. Бастысы, жергілікті кәсіпкерлердің үні үкіметке жетсе болғаны.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
20 мамыр 2024 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930