ЖАҢА ӨНІМ НАРЫҚҚА ЖОЛ ТАРТТЫ
Кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына ықпал етеді. Елдегі бұл саланың кеңінен қанат жайып, өркендеуіне жеке кәсіпкерлердің қосып келе жатқан үлесі зор. Бұл үдеден шиелілік кәсіпкерлер де табылды. Оны кәсіпкерлермен тілдесу арқылы біліп жүрміз. Оған мысал ағалы-інілі Нұрбол мен Еркебұлан Есеновті айтуға болады.
Өздерінің еңбектерімен берекелі кәсіп түрін табысқа айналдырып отырған кәсіпкерлер қағаз майлықтар өндірісімен айналысады. Істі бастамас бұрын кейіпкерлеріміз ішкі нарықты егжей-тегжейлі зерттеп, өз мүмкіншілігін бағалап алған. Енді олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін де жақсы біледі. Қондырғылар күніне 3000 мың майлық шығаруға қауқарлы. Қытайдан жеткізілген бұл құрылғыны ағайынды бауырлар өз қаражаттарына сатып алған.
– Негізі қағаз майлықтар – қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында және үй тұрмысында кеңінен қолданылатын өтімді гигиеналық тауардың бір түрі. Жалпы бұл кәсіп жайлы көп іздендік. Қалаларға барып талдау жасап, саралай бастадык. Содан бір күні Шиеліге осындай ерекше өндіріс керек-ау деген оймен тәуекел жасап жұмысты бастап кеттік. Нәтижесінде ойға алған кәсібіміз қазір жүзеге асуда, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпті бағдарлай жүріп, айрықша тыныс-тіршілікке куә болдық. Расында, нарықтық заманның көшіне ілігу – бүгінгі күннің басты талабы. Іліккен күннің өзінде бәсекеге қабілетті болу шарты тағы бар. Белсенді әрекет ететін шағын және орта бизнес субъектілері тұрғысынан аудан көш ілгері екені айқын. Осы тұрғыда Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының ¬директоры Бекзатхан Бауыржанұлы:
– Шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Әр кәсіпкер кәсіпкерше ойлай білуі қажет. Қазіргі нарықтық заманда тұтынушылардың қажеттілігін өтейтін әрі бәсекелестік төмен кәсіпке бет бұрған дұрыс. Өзінің тұрғылықты жеріндегі сұранысы жоғары өнімдерді шығара отырып, жергілікті нарықты қанағаттандыра білуі қажет. Әр кәсіпкер өзінің елінің, оның ішінде облыс пен ауданының патриоты болса, нұр үстіне нұр. Тұтынушыларды отандық өнімді, оның ішінде, жергілікті кәсіпкерлеріміздің өнімдерін қолдауға шақырамын, – деді.
Кәсіпкер Еркебұлан Есеновтің ¬айтуынша, «Ordа» деп аталатын Қызылорда қағазы өте ыңғайлы. Өзінің ерекшеліктері де бар. Біріншіден, қолға жабыспайды әрі жұмсақ. Қағаз майлықтың 100 данасы 140 теңгеден, ал 80 данасы 110 теңгеден сатылады. Бүгінде аудандағы біршама қоғамдық тамақтану орындарынан сұраныс бар. Атап айтсақ, «Дәмді», «BBQ–Fastfood», «Lime», «Төрлет», «Chery», «Maki Maki», «Зухра», «Urbo», «Сlobal», «Honey mood», «Bake донер», «Тандыр самса» және «Нұркелді» секілді мейрамханалар мен кафелерге таратылады.
Кәсіпкерлікте адал еңбегімен өз замандастарына үлгі болып жүрген бұл азаматтардың кәсіптік идеясы өңір тұрғындарының көңілінен шығуда. Кәсіптің түбі нәсіп болатынын, жақсы бастама тек ғана биіктерге жетелейтінін олар ешқашан естерінен шығармайды. Берекелі шаңырақтың кәсібі берекелі болғай.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ