Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІКТІ БАС МЕЙІРГЕР

БІЛІКТІ БАС МЕЙІРГЕР

Дертіне шипа іздеген науқастың сауығып кетуіне, алдымен, дәрігер жауапты болса, одан кем қарамайтын күнделікті жұмыста мықты тірек, көмекші болып жүрген медбикелердің ісі қашан да адал. Осы тұрғыда біз аудандық аурухананың бас мейіргері болып қызмет атқаратын Назым Сейлханованы ерекше атап өткеніміз жөн болар. Мамандық таңдауда қателеспеген білгір маман Қызылорда медициналық колледжін ойдағыдай бітіріп, «Емдеу ісі» факультетінде оқып, фельдшер мамандығын тәмамдаған. Әрмен қарай 2018-2021 жылдары Қызылорда жоғары медициналық колледжінің мейіргер ісі қолданбалы бакалавр мамандығын аяқтап, 2021-2022 жылдар аралығында Қарағанды медициналық университетінің академиялық мейіргер ісі біліктілігін алған.
Еңбек жолын 18 жасында бастаған. 2006 жылы Нартай Бекежанов отбасылық дәрігерлік амбулаториясында фельдшер мамандығы бойынша еңбек етеді. Оның қызметтегі алғашқы ұстаздары – Гүлнар Пірманова, Асия Түбелбаева, Жаухар Өтепбаевадан үйренгені көп.
– Медбикелер – медицинаның негізгі күші, дәрігердің сенімді серігі. Науқас келіп түскеннен аман-есен сауығып, аяғына нық тұрып кеткенге дейін жанашырлық танытып, қолынан келгенше аянбайды. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Әрбір өзгерісті қалт жібермей, қадағалап, оны дәрігерге жеткізу – медбикенің міндеті. Сонымен қатар егуін жасап, дәрі-дәрмегін уақытылы береді. Төсек-орын, ас-ауқатын, жалпы халін бақылап, науқасқа қарайтын медбикелердің еңбегі ұшан-теңіз, – дейді Н.Оралбекқызы.
Уақытпен санаспай, тәулік бойы науқастың жанында қалатын бас медбикенің қызметі адалдық пен жауапкершіліктен жаратылғанына еріксіз бас иесің, құрметтейсің. Кейіпкеріміз 2015 жылы аудандық көпбейінді орталық ауруханасына бас мейіргер болып жұмысқа орналасады.
Әрбір қызметкермен жеке жұмыс жүргізіп, бағыт-бағдар беру – оның бас¬ты міндеті. Сондай-ақ медбикелердің білім деңгейін көтеру үшін оқу курстарына жіберіп отыру да – оның қызметінің бір саласы. Мұнан басқа құжаттармен айналысып, дәрігерлермен жұмыс істеу, өзі жетекшілік ететін медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалауды қалт жібермеу – күнделікті жұмысы. Қазіргі таңда Сібір мемлекеттік медициналық университетінде «денсаулық сақтауды басқару менеджменті» факультетінің магистратурасында білім алуда. Ал 2018 жылы Финляндия елінде мейіргер ісінің озық технологиялары бойынша іс-тәжірибе алмасып, білімін толықтырады. Сонымен қатар білікті медбике өзі қызмет ететін аудандық көпбейінді орталық ауруханасындағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, науқастарды күтіп-баптауды үйретуге де уақыт табады. Қолы қалт етсе, медбикелерге білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөліседі.

Айнұр МАҚСҰТҚЫЗЫ

13 мамыр 2024 ж. 215 0