Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛ - ДОСТЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

ТІЛ - ДОСТЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

Ел бейбітшілігінің түп тамыры халықтың татулығы мен біртұтастығында келгені анық. Бірлікті ту етіп, қоғам ішіндегі ынтымаққа үндейтін ұлттық ұстанымды тірек еткен мемлекетіміз бүгінде достық шаңырағының берік тұғырына айналған. Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қарап, ізгі қасиеттерді ұштастырған ұлттар достығы біздің ауданда да көркем көрініс береді. Олардың өзара түсіністігі мен нығайған келісіміне тағы бір мәрте куә болдық.
Жұма күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне және Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Тіл – достықтың тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті. Салтанатты шараға аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев, «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Шиелі аудандық филиалының төрағасы Сағындық Сұлтан, «Қоғамдық келісім» КММнің Шиелі ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Біржан Өтебаев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Гүлжанат Сейтова, мектеп мұғалімдері, сондай-ақ аудандағы этнос және БАҚ өкілдері қатысты.
Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімін қалыптастыру халықтың бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулық, ынтымақ секілді ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен жиынның берері мол болды. Түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан бұл күні қонақтар бір-бірін мерейлі мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін арнап, пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, шешен ұлтының өкілі Хамзат Чолондуров, салық саласының ардагері, корей ұлтының өкілі Агаша Ким сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің маңызына, оны қастерлеудің орны биік екеніне тоқталды.
Сонымен қатар этнос өкілдері арасында сергіту сәті ұйымдастырылып, қонақтар қазақ мақалдарының ауылына сапар шекті. Бұдан бөлек викториналық сұрақтарға кезек беріліп, әр ұлт қалыптасқан салтдәстүрлерімен бөлісті. Қонақтар жиын барысында әуезді ән тыңдап, патриоттық рухқа кенеліп, жақсы көңіл-күйге бөленді.
Мерекелік шара соңында ынтымақты ырысына балаған ауданның этнос өкілдеріне арнайы алғыс хаттар ұсынылып, гүл шоқтары үлестірілді.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ
04 мамыр 2024 ж. 242 0