Су тасқыны: 150 жазасын өтеуші Қызылордаға уақытша көшірілді
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелері қаралды. Қазгидромет пен Қазсушар мәліметтеріне сәйкес №27 мекеменің орналасқан жері ең қауіпті аймақ болып табылды. Осыған байланысты №27 мекемедегі 150 сотталған Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД №60 мекемесіне эвакуациялау жұмысы Ұлттық Ұланның арнайы вагонымен жүзеге асырылды.
«Бүгін №60 мекемеге этаппен келген 150 сотталғанның жеке ісімен мекеменің арнайы бөлім қызметкерлері танысып, келген арнайы контингентті орналастыру, оған медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сотталғандар арасында жанжалдарды, қашуды, топтық бағынбауды, жаппай тәртіпсіздікті, мүлікті бұзуды және өзге төтенше оқиғаларды болдырмау жұмыстары жүргізілуде. Мекеме тарапынан бұл сотталған азаматтарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жұмсақ түрімен ауыстыру, қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстыру жөнінде өтінішхаттар беру мерзімдерінің келгені туралы уақтылы хабардар ету, тиісті материалдарды сотқа жіберу жеңілдіктері кезең-кезеңімен іске асатын болады. Сонымен қатар, өтінішхаттарды соттар мен прокуратура алдында тезірек қарау және шешім қабылдау мәселесі басты қағалауға алынды», - деді №60 мекеме бастығы, подполковник Мақсұт Өтетлеуов.
Этаппен келген сотталған азаматтар мекемеге орналасып, оларға эвакуациялаудың уақытша екендігі және су тасқыны жағдайы тұрақты болғаннан кейін келген қаласына қайтарылатыны жөнінде түсіндірме жұмысы өткізілді.