Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕРЕКЕЛІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

БЕРЕКЕЛІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

         Тіршілік атаулы жаңғырып, табиғат қайта түлеп, қазақ ертеден жыл басы санаған думанды Наурыз мейрамы да келді. Ата-бабамыз бұл айтулы күнді адам мен табиғаттың жаңаратын шағы, жаңа өмірдің бастамасы ретінде қабылдаған. Ұлыс күнінің халқымыз үшін қасиеті биікте. Ендеше, адамзаттан бөлек, дархан даланың өзін қуанышқа бөлейтін бұл мереке берекесімен келсін!
     
        Қытымыр аяз бен қара суықтың орнын басып, көктемгі жайма-шуақ ауа райы орнап, тіршілік бусанып, қуаттана түсетін осынау берекелі маусым – Наурыз мейрамы. Түркі халықтары арасында ғасырлар бойы тамырын үзбей тойланып келе жатқан қуанышты күні адамдар бір-біріне ақжарма тілегін жаудырып, үлкендер батасын жолдайды. Айнала мейірімге бөленіп, ұлттық салт-дәстүрлер ұлықталады. Бозбала, бойжеткендер думандатып, алтыбақан тебеді.
         Басқа түркі халықтары секілді қазақ халқы да Наурызды өзгерістер өзегі деп түсінген. Сондықтан мейрамға бірнеше апта бұрын қамданып, өңді киім-кешегін дайындап, үй-жайын жақсартуға кіріскен. Асқан дайындықпен әз-Наурызды қарсы алып, қалың бұқараның басы бір жерде тоғысып, ән шырқап, би билеген. Наурызда дайындалатын қасиетті наурыз көженің орны бір бөлек. Бұл жай ас емес, мерейлі мерекенің көркіне көрік қосып, молшылықтың белгісін ұқтыратын құндылық іспетті. Сонымен қатар бұл күні ақындар айтысып, дала баласының күші мен айласы сарапқа салынатын қазақша күрес, ақыл-сана сыналатын тоғызқұмалақ, тұлпарлардың бағы мен бабын байқатар бәйге ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлері дәріптеледі.
         Расымен де, осындай деңгейде атап өтілетін, көңілге қуаныш сыйлап, ерекше жылылықтың көрінісін көрсететін Наурыз күнін береке мен бауырмалдықтың, жақсылық пен ауызбіршіліктің мейрамы десек, қателеспейміз. Ұлыс күні қазан толып, арқа-жарқа болған ағайынның кеңпейілді көңі­лінің өзі көктемнің алғашқы күндерін ерекше шуаққа бөлеп, нұрландырып жібере­тіндей. Сондықтан ежелден Наурызды тойлауға айрықша мән берген қазақ үшін ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, достыққа шақыратын, бірлікке үндейтін бұл мейрамның тағылымы зор. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлеткен Ұлыс күнінің құндылығы жоғарылап, жыл сайын маңызы арта түссе игі.
         Жанат Кенебекова,
Шиелі аудандық архиві II санатты архивист

19 наурыз 2024 ж. 295 0