Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жердің киесі...

Туған жердің киесі...



Айткүл Әбдіқадырова бала күнінде түс көріпті. Түсінде үлкен залда арнайы киімдер киген адамдардың арасында жүреді екен. Кішкентайынан арманшыл боп өскен ол Алматыдағы политехникалық институтқа оқуға түседі. Оқу бітіріп келгенде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауға тап болады. Тығырықтан жол табуда қыздардың табандылығы талай рет дәлелденіп жүр ғой. Тынымсыз еңбектеніп жүріп, кафе, мейрамхана ашып елдің игілігіне берді. 40-тан астам азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Тапқан табысын өзімдікі деп өзеуремей, елге болсын деп бірнеше мектеп оқушыларына демеушілік жасайды. Айткүл апай "мен үшін Шиеліден артық құт мекен жоқ", - дейді.
Туған жердің түтінін түзу түтеткісі келген азаматтың бірі - Ербол Жеңсікбаев. Жақында ғана өз қаражатына Шиелідегі көпқабатты үйлердің сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізіпті. "Жасаған жұмысыма ел ризашылығын білдіріп жатыр. Әдемі үйлерді көріп, өзім де рахаттанып қаламын", - деп ағынан жарылды.
Қаласов Бегман жүзу бассейнін салып жатыр екен. Қыруар қаржыны жерлестерінің дұрыс демалуына жұмсап, елдің алғысына бөленбек. 
Жұмбеков Дәулет ағамыз Шиелі ауданында алғаш рет спорт кешенін салып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап берген. Кейін оны көршілес ауылдағы азаматтар көріп, игі істі одан әрі жалғастырыпты. 
Ерболат Машрапин бала күнінде спортқа баулитын жаттықтырушы мен спорт кешенінің болмағанын айтып, "бізден кейінгі іні-қарындастарымыздың арманы іште тұншығып қалмасын деп спорт кешенін соқтық", - дейді. Қазір төрт айдың ішінде облыстық, республикалық додаларға қатысқан 13 бала жүлделі орындар алыпты. Алда бабы келісіп жатса, талай топ жаратын жастар өсіп келе жатыр екен. Енді "Төңкерісте" Бауыржан Көпеев дәл сондай спорт кешенін салып бермек. Алла бұйыртса нағыз спортшылар Сыр өңірінен шыққалы тұр. Қазіргі халықаралық аренаға шыққан қазақ күресі біздің өңірдің азаматтары қолдағанын да ұмытпауымыз керек.
Еліне жанашырлық танытып, жұртыма болсын деген шиелілік азаматтардың әр ісіне сүйсіндік. Туған жеріне бергенімнен берерім көп дейтін олардың жастармен әңгімесі талай жанның қиялына қанат бітіріп, арманға жетеледі. Осындай азаматтарды көріп өскен балалар өз еліне адал қызмет ететіні сөзсіз.
Айтпақшы, Шиелі ауданының әкімі жанашыр азаматтарға риясыз алғысын білдірді. Пендеміз ғой, елге қызмет етсе мақтанамыз, мақтаймыз. Біріміз тіпті перзенттік парызы ғой деп соғуымыз мүмкін. Ал жақсы адамдарды елеп-ескеріп, құрметтесек, одан сайын абыройы арта түседі.
Аширбекова Гулмира
13 мамыр 2018 ж. 927 0