Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастардың қаржылық сауаты қай деңгейде?

Жастардың қаржылық сауаты қай деңгейде?

Қарызды несиемен жабу, азық-түлікті пайызсыз бөліп төлеумен сатып алу қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Мұны қымбат­шы­лық қысқан замандағы күнкөріс қамы деп ақтауға болатын шығар. Бірақ жұртқа еріп, кредитке кіріп, соңғы үлгідегі смартфон мен киім-кешекке дейін несие ресімдейтін жастар туралы не айтуға болады? Науқандық «жеңілдікке», әсіресе қалтасында көк тиыны болмаса да, көрпеге қарап көсілуді білмейтін жас­тар үйір. Салдарымен емес, себеппен күресу үшін жастардың бойында қаржылық сауатты қайтсек қалыптастыра аламыз?

Жастардың қаржылық сауаты қай деңгейде?
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Өткен жылғы көрсеткішті бағдар­ла­сақ, елімізде 8,4 млн адамның кре­диті бар. Шамамен 1,7 млн отанда­сымыз несиесін төлей алмай жүр. Демек халықтың 84 пайызының банк ал­дында қарызы бар. Бұл – несие мә­се­лесінің қаншалықты күрделі еке­нін аңғартады. «Жастар» ғылыми-зерт­теу орталығының «Ауыл жастарын дамытудың әлеуметтік-мәдени ас­пек­тілері» атты сараптамалық баяндамасында ауыл жастары арасында не­сие алу жоғары деңгейде екені көрсе­тілген.
«Сауалнамаға қатысқандардың жартысында 50,2% жабдыққа немесе жиһазға несие, бөліп төлеу (пайызсыз несие) бар. Бұл ауыл жастарының едәуір бөлігі өмірге қажетті заттар­ды сатып алуда материалдық қиындық­тарға тап болады деген қорытындыны тағы бір рет растайды. Былайша айт­қанда, әрбір екінші жас ауыл тұр­ғы­нының тұрмыстық заттарды сатып алуға қаражаты жоқ. Оған қоса респонденттердің жартысына жуы­ғының 46,1% тұтынушылық несиесі бар. Сондай-ақ 26%-ы киімді несие­ге алады. Осылайша, тұтынушылар несиелік қаражатты тек ұзақмерзімді тауарларды сатып алу үшін емес, киім сатып алу сияқты қазіргі қажетті­ліктерді қанағаттандыру үшін де пайдаланады. Мұндай мінез-құлық көптеген шағын және орта кәсіпкерлік субъектінің бөліп төлеуді, банктік бағдарламалар арқылы тауарларды сатып алудың әртүрлі жолын ұсы­нуына байланысты да болуы мүмкін», делінген баяндамада.
Киім-кешек, жиһаз, жабдық­тар несиесінің болуы үй шаруашы­лығындағы қарыз жүктемесінің артуына әкеледі. Яғни жастар бюджетті жоспарлауға және несиені өтеу мүм­кіндігін есептеуге жеткілікті көңіл бөлмейді деген сөз. Салдарынан түр­лі микрокредиттік ұйымның қыз­метіне жүгінеді.
«Респонденттердің тек 7,9%-ы банк­­терде және микрокредиттік ұйым­­дарда ешқандай қарызы жоқ еке­нін атап өтті. Бұл сауалнамаға қаты­­сушылардың оннан бір бөлігінен аз. Сұралғандардың жартысы ғана белгілі бір дәрежеде несиелерін уақтылы өтей алатынын белгілеген. Алайда 21%-ы несиелерін өтей алмай­тындықтарын мойындаған. Тіпті 12%-ы ай сайынғы төлемдерді өтеу шығындарын мүлдем көтере алмайтынын хабарлаған. Бұдан ауыл жас­тарының қаржылық дайын­дығының жеткіліксіздігі немесе олардың мүм­кін­діктері мен міндеттемелері туралы біле бермейтіні байқалады», деп көрсетілген «Ауыл жастарын да­мытудың әлеуметтік-мәдени аспек­тілері» атты сараптамалық баяндамада.
Сондай-ақ құжатта жастардың 15 пайызы ғана қолма-қол ақша жи­най алатыны жазылған. Жас шама­сына шақсақ, 29 бен 34 жас аралы­ғындағылар қаражатты үнемдеуге көп көңіл бөлетін көрінеді. Өйткені басым көпшілігі бұл тұста отбасын құру, ұзақ­мерзімді мақсаттарды жоспарлау туралы ойлана бастайды. Ал анда-санда ақша жинайтындар – 19-дан 23-ке дейінгі және 24-тен 28 жасқа дейінгі азаматтар. Сарапшылардың айтуынша, қаржылық сауат қала мен ауыл жастарында түрлі өмірлік жағдайға байланысты қалыптасады.
«Жұмыспен қамтылу және эконо­ми­калық жағдай: жастардың қаржы­лық еркіндігі ауылдық жердегі жұ­мысқа орналасу мүмкіндігіне және экономикалық жағдайға байланыс­ты. Егер ауылда жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу перспективалары болса, жастар қаржылық тұрақ­тылыққа ертерек қол жеткізе алады. Ал жоғары білім немесе кәсіби білік­тілік олардың жалақысы жоғары жұ­­мысқа орналасуына, тиісінше, қар­­жы­лай дербес болу мүмкіндігін айтар­лықтай арттырады. Ауыл жас­тары әдетте отбасылық өмірге ерте араласады. Яғни шаңырақтың ішкі-сыртқы шаруасына белсене араласа­ды. Бұл да қаржылық сауаттың қа­лып­тасуына ық­пал етеді», деді әлеу­меттану сала­сы­ның PhD Гүлім Досанова.
Әлеуметтанушының сөзін растаған Қостанай облысының тұрғыны Мең­діғали Ошақбаев ата-анамен бірге тұратын жастарда қаржылық сауат көп жағдайда кеш қалыптасатынын алға тартты.
«Ауыл жастарында еркіндік аз. Олар ауылда ата-аналарымен бірге тұрады, олардың қаржысын бәріне ортақ бөледі. Сондықтан қаржылық тәуелсіздік 30 жастан кейін келеді. Ал қала жастары оқуға түскен кезден бастап жеке қаржылық тәуелсіздікке ие бола бастайды», деді М.Ошақбаев.
Қаржы нарығын реттеу және да­мы­ту агенттігі былтыр 18-ден 63 жас­қа дейінгі және одан үлкен топтар­дың қаржылық сауатына сауалнама жүргізген. Оған республикалық маңызы бар үш қаладан және өзге өңірлерден 3 мың адам қатысқан. Нә­тижелеріне көз салсақ, 30 бен 49 жас аралығындағы респонденттердің 35,6%-ы өз ақшасын ата-аналарына сеніп тапсыратынын айтқан.
«Лимиттен жоғары шығыс жұмсал­ған жағдайда әрбір үшінші респондент қарыз алған (38,9%) және кредитті пайдаланған (35,9%), оның ішінде респонденттердің 12,5%-ы микрокредиттерге жүгінеді, 7,5%-ы онлайн кредит ресімдейді. Олардың төрттен бір бөлігі жеке жинақтарын пайдаланған болса (23,7%), тағы 13,1%-ы депозиттен қаражатын алған. Кейінгі екі жылда ең көп таралған қызметтер автокредиттеу (43%), зейнетақы аннуитеті (40,3%), тұтынушылық кредит (39,9%) және дебеттік карта (39,8%) болды. Болашақта депозит (38,8%), ипотека (39,4%) және онлайн кредит (39,7%) қызметтеріне сұраныс сақталады», делінген құжатта.
Бүгінде әлеуметтік желіде қар­жы­лық сауат туралы курстар, парақ­шалар көп. Зерттеуде де қаржы жөнін­дегі білімнің негізгі көзі (48,2%) ретін­де осы тетіктерді көрсетеді. Де­мек бұл – қоғам қажеттілігі. Әлеу­мет­тік желілерде белсенді психолог, қар­жы­гер Роза Әшірбаеваның сөзін­ше, адамның психикасы сегіз жасына дейін қалыптасып қояды. «Яғни ата-ана балаға сол кезеңге дейін қандай сезім ұялатса, үлкен өмірге сол қалыппен қадам басады», дейді.
«Бала үйде ата-анасының ақша үшін болған әңгімесін тыңдап, ұрыс-жанжалын көріп өседі. Тіпті өзінің қолына түскен қаржыны әке-шешесінің алып қойғанына назар салады. Осылайша, балада ақша туралы бастапқы ақпарат жүйеленеді. Миында бейсаналы түрде ақпарат болады. Артынша әдет түзеледі. Сон­дықтан әр азамат алдымен «Қа­ра­жатты қалай жұмсаймын, бала шақтағы әсермен байланысы бар ма?» деп талдауы қажет. Қазір көп жас  айлық күнкөрістің есебіне ғана өмір сүреді. Өзіне есеп жүргізбейді. Қа­ра­пайым ғана мысал келтірейін, отандастарымыздың басым бөлігі банктен несие аларда оның шарттарын мұқият оқымай, қол қоя салады. Одан қалды үйге келген төлемдерге де мән беріп қарамайды. Есесіне жаңалықтардағы «белгілі бір сома бюджеттен бөлінді» деген форматтағы ақпараттарға «халықтың ақшасы...» деп неше түрлі пікір қалдырып жатады. Негізі ақшаның айналымын білсеңіз, кез келген министрлік, әкімдік секілді мемлекеттік орган сайтына кіріп, ол қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын көруге болады. Сондықтан қаржылық сауаттың азаматтың санасында мықтап бекі­генін қаласаңыз, үйдегі кіріс пен шы­ғыс­тың парқын бала кезден түсінген абзал», деді сарапшы.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, азаматтардың қаржылық болаша­ғын жақсарту үшін мемлекет, бизнес және білім беру тарапынан бірлескен іс-әрекет қажет. Әсіресе мектеп курс­тарын, білім беру мекемелеріндегі сабақтарды және ересек адамдарға арналған оқыту бағдарламаларын қамтитын бағдарламаларды жасақ­тау керек. Бұған қоса мамандар қар­жы туралы пайдалы мәліметке қолже­тімділікті арттыру үшін инвестицияларды қадағалап, қарызды басқаруға көмектесетін арнайы отандық қосым­ша ойластыруды ұсынды. 

05 наурыз 2024 ж. 285 0