Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖАЗАСЫ ҚАТАЛ

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖАЗАСЫ ҚАТАЛ

Ел экономикасының өркендеуіне, әлеуетінің артуына зиянын тигізетін кесел – сыбайлас жемқорлық. Дүние жүзін жайлаған бұл қылмыстың жазасы да жеңіл болмайды. Жең ұшынан жалғасатын жемқорлықтың салдары халықтың әлеуметтік ахуалын төмендетіп, тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берер емес.


Бұл кеселдің әлеуметтік құбылыс екені әу бастан-ақ белгілі болды. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын сыбайлас жемқорлық әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отыр. Еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып арнайы заң қабылдады. Кейіннен бұл саладағы ұлттық заңнаманы жетілдіру барысында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы, Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенцияларын және басқа да жалпы жұрт таныған халықаралық актілерді ратификациялап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіләлемдік қоғамдастықтың тең мүшесіне айналды. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін ұдайы айтып келеді. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Сондықтан заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабуымыз керек. Әрине, сыбайлас жемқорлықпен күресу бір-екі адамның қолынан келетін дүние емес. Оны бүкіл халық болып қарсы тұрсақ, жемқорлықсыз иммунитет қалыптастыра алсақ ғана жеңе аламыз. Ол үшін пара беруден, пара алудан бас тарту, заң жүзінде жауапқа тартуға әзір тұруымыз керек. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуде қоғамдағы парасаттылық идеологиясының да алар орны ерекше. Өйткені парасаттылық – әділдік, заңдылық, сатылмайтындық, адалдық сияқты құндылықтарды біріктіретін кешенді ұғым. Парасаттылық жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын, айқындығын көздейді. Парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құлқының негізіне айналады. Ал парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде мемлекет пен азаматтардың серіктестігі, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте күшжігерін біріктіру, қоғамның осы жұмысқа барынша тартылуын қамтамасыз ету түпкілікті маңызды рөл атқарады. Яғни, кез келген адам өзімен жұмыс істей алса, парасаттылық пайымын жетілдірсе, сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбейтін болады!
Сәрсенкүл ­ШАРИПОВА,
Шиелі аудандық Қазынашылық

Басқарма басшысы
10 ақпан 2024 ж. 305 0