ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

Тәуелсіздікті тұғырдан түсірмеу үшін қазақ тіліне деген құрметті тоқтатпауымыз қажет. Өйткені тіл бар жерде ұлт бар. Ұлттың ұлт болып қалуы, оның болашағы, мемлекеттің әрі қарай өркендеуі бірінші кезекте оның ана тіліне байланысты. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Ана тілін ұлықтап, оның мәртебесін арттырып отырған халықтың егемендігі баянды, тұғыры биік болады. Рас, ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Туған тілге деген махаббат ешқашан өшпейді. Қандай адам болсын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалады. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деп хакім Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретін түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді. Сөз мәдениеті мен өз мәдениетін қатар ұстап, екеуін бірге әлпештеп, қамқор болса, ана тіліне деген сүйіспеншілігі сол болмақ. Демек Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты, білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тіліміздің атқаратын қызметі өте жоғары. Ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру мына баршамыздың міндетіміз, борышымыз. Сондықтан өз ана тілімізді ұлықтап, оның мәртебесін арттыруға өз үлесімізді қосайық!
Б.ЖАНШОРАЕВ, «Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы»
ШЖҚ КМК-ның «Әкімшілік» бөлімінің
«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
Қазақ тілі маманы