Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ

ТІЛ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ

Тіл – қашанда ұлттың ұйытқысы. Халықтың қазынасы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі мәңгі, тұғыры биік. Тілдің қоғам үшін маңыздылығы орасан зор. Айталық, қанатсыз құс ұша ала ма? Қалай ойлайсыз? Жоқ, әрине. Қанаты барда ғана құс көкте әуелейді. Өзіндік ғұмыр кешіп, еркіндік арқылы өзін танытады. Міне, тіл де дәл осындай дәрежеде. Тілі бар халықтың ғұмыры да ұзақ болады. Сондықтан қазақ халқы «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деген.
Адам тіл арқылы өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды, өзіндік көзқарасы бар тұлға болуды үйренеді. Әсіресе ана тіліміз арқылы біз тарихымызды, Отанымызды танып білеміз. Халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр.
Еліміз ұлт болып қалыптасқаннан бері қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Тіл байлығы – елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» – деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсеткен. Демек, тіл қай ұлтта болса да қадірлі, қастерлі ұғым.
Әр ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. Ал біздің ана тіліміз – қасиетті қазақ тілі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» деген. Бұл сөзден түсінетініміз, әрбір азаматтың жүрегінде ана тіліне деген махаббат ерекше болып тұруы қажет.
Осы ретте, асыл қазынамыз тілімізді тиімді сақтаудың бір жолы – отбасымызда ана тілінде сөйлесек, өз ойымызды еркін, қысылмай сол тілде жеткізсек, қазақ тілдің туын биікке көтеріп отырсақ, нұр үстіне нұр болары хақ. Тілге қатысты ойыңды ақ қағазға түсіріп көріңізші. Таңқаласыз. Расымен, қазақ тілі – әдемілігі мен әуездігі жағынан ғажайып тіл.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, кез келген адам өзінің ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, ұлықтауға, аялауға міндетті. Біздің борышымыз – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, ­жастарды таза қазақша сөйлеуге дағдыландырып, тілге деген құрметін арттыру.

Ақтай Самғат,
Шиелі аудандық полиция бөлімінің
ақпараттандыру және байланыс тобының инспекторы, полиция кіші сержанты
11 желтоқсан 2023 ж. 172 0