Тіл мен егемендік – егіз ұғым
Тіл туралы жазудан, ол туралы айтудан қашпау, жалықпау керек. Себебі тіл – бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілінде сөйлеп, құрмет көрсете білуі керек.
Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мәртебесін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды. Сондықтан да оны қатынас құралы дейміз.
Тілдің мәртебесі – елдің мерейі. Оның мәртебесін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз. Тіл отбасынан басталып, Отан аясында дамиды. Сондықтан да оны қатынас құралы дейміз.
Бүгінгі таңда ел егемендігін алып, еңсесін тіктеді. Тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде» деген ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Ал Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – мемлекеттік тілімізді тұғырдан түсірмеу.
«Қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Ел болашағын ескерген Президент балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін атап өтті.
Тал бесікте жатқаннан бала қандай тілді естіп білсе, жер бесікке жеткенше сол тілде сөйлейді екен. Сондықтан да қазақ халқы өз тілін ана тілі деген. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білгендіктен оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі ол – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде тіл саясатына басымдық берілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асуда. Нәтижелері де аз емес.
Биыл қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұлт ұстазы, Алаш, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтуде. Демек, ұлт ұстазының есімі айтылған жерде, тіл мәселесі де қатар қозғалады деген сөз. Жұртшылық жақсы білуі тиіс, А.Байтұрсынұлы әйгілі Қарқаралы петициясы авторларының бірі болды. Осы арыз-тілекте жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сай өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстау еркіндігі, күні өткен Дала ережесін қазақ мүддесіне сай заңмен ауыстыру және басқа да мәселелерді көтерді. Дәл осы кезден А.Байтұрсынұлының саяси қызметі басталды деуге болады. Оның алғашқы кітабы «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Осы кітаптың өзінде отаршылдықтың зорлық-зомбылық, елдің тұралаған халін тұспалдап болса да жеткізді.
Ол қазақ ғылымы тарихында қазақ әліпбиін жасап жаңа үлгі ұсынған реформатор. Оның «Оқу құралы» қазақ жазуының тұңғыш әліппелерінің бірі. Ал «Тіл құралы» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Ол ұлтына, қазақ халқына қызмет етті. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин «...Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен, ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деген екен.
Расында, ол тіл жанашыры, халқымыздың рухани көсемі бола білді. «Тіл тағдыры – ел тағдыры десек әрбір адам өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті. Тіліміздің туын әрқашан жоғары ұстайық!
К.Аманбай,
Шиелі АПБ-нің ЖПҚб-нің КТІЖ УПИ полиция аға лейтенанты
Шиелі АПБ-нің ЖПҚб-нің КТІЖ УПИ полиция аға лейтенанты