Жайдарманшылар жарысы
Сәрсенбі күні салтанат сарайының төрінде жайдарманшылар өнер көрсетті. Біреуінің қолында гитара, ал біреулері сахнаға қызу дайындалып тұр. Таланттылар бас қосқан сайыс жоғары деңгейде басталды.
Аталған шараға аудандық білім бөліміне қарасты мектептерден 6 командадан 55 жайдарманшы қатысты.
Аталған шараға аудандық білім бөліміне қарасты мектептерден 6 командадан 55 жайдарманшы қатысты.
Жайдарман ойыны – жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткіл мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасы.
– Жас жайдарманшыларға айтарым, командаларыңызда сыйластық болсын. Бір-бірлеріңізді түсіне біліңіздер. Ең алдымен дайындық. Бүгінгі финалдық ойынды көріп, жастарымызға тәнті болып отырмыз. Расымен, осындай дарынды, сатираға қабілеті бар жастарды қолдауымыз керек, – деді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ержан Әбдешев.
Ойын қорытындысы бойынша 1-орынды «47 Қырандары» құрамасы қанжығасына салса, 2-орынды «Телікөл сұлулары», 3-орынды «Жиза командасы» иеленді. «Үздік әзіл» номинациясы «Алмалы қыздары» командасына бұйырса, «Үздік ойыншы» номинациясына «Телікөл сұлулары» құрамасының көңілді ойыншысы Раяна Сабырхан лайықты деп танылды. Әр номинация жүлдегерлеріне қаржылай сертификаттар берілді.
Сонымен қатар үздік жетекшілік көрсеткен Дәулет Нұғманның да еңбегі елеусіз қалмады. Тағы бір айта кететін жайт, «Көрермен көзайымы» деген атқа «Ковтунов» және «Элита» командалары ие болды. Демеушілері Балдәурен Жұманазарұлы мен Жасұлан Рысбек. Олар екі командаға қаржылай сыйақы табыс етті.
Осылайша жақсылыққа толы мерейлі күн өз мәресіне жетті. Әрбір көрермен командаларға шынайы шапалақ ұрып, қолдау көрсетті.
Айнұр ИБРАШЕВА