Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дарын Белгібаев: Бес баланы өлімнен араша ету – ерлік емес

Дарын Белгібаев: Бес баланы өлімнен араша ету – ерлік емес



Ертіс өңіріндегі Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің взвод командирі Дарын Белгібаев төл мерекесін қызмет барысында атап өтті. Бүгінде әскери қызметті жаны қалаған азаматтың ерлігін бүкІл ел біледі. Өрт кезінде 5 бала мен бір қарт адамды өлімнен арашалаған азаматпен Baq.kz аймақтағы тілшісі жүздесіп, Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

Дарын Белгібаевтың әскери қызметтің ыстық-суығына шыдап, елге адал қызмет етіп жүргеніне жеті жылдың жүзі болыпты. 28 жастағы азамат бес бала мен бір қарияны өлімнен құтқаруды ерлік деп санамайды. Десе де, бұл әрекет - қарапайым халық үшін ерлікке пара-пар іс. Бұл ерлігі үшін жас әскери «Жауынгерлік ерлігі үшін» жоғары марапатына ие болған.
«Жаз айы болатын. Жанымдағы екі сарбазбен қоғамдық тәртіпті сақтап жүрген едік. Кешкі алтыға таман көпқабатты үйдің терезелерінен қою қара түтіннің шығып жатқанын байқадық. Адамдардың айқайлаған дауысын да естідік. Ойланбастан, үйге жүгірдік. Қызыл жалынның екпіні тым қатты еді. Көпқабатты үйдің төртінші және бесінші қабатында екі бірдей пәтерді өрт жалмапты. Бесінші қабаттағы пәтерде бес бала жылап, түтінге тұншығып жатты», - дейді Дарын Белгібаев.
Осылайша, шұғыл әрекет етіп, өрт сөндірушілер келгенше дейін бір топ адамды сыртқа шығарып үлгерді. Аман қалғандардың ең кішкентайы 10 айлық бала болыпты. Ең ересегі – 60-тан асқан қарт.
«Бұл бесқабатты үй болатын. Жеделсаты болмағандықтан, балаларды қолға алып, сыртқа дереу шығаруға тура келді. Әйтеуір, үлгердік. Бүгінде сол адамдармен қарым-қатынасымыз жақсы. Көрген сайын алғыстарын айтып отырады», - дейді Дарын Белгібаев.
Дарын Белгібаев әскери қызметке бала кезден қызығып, армандағанын айтады.
«Бұл қызмет – нағыз ерлердің жұмысы ғой. Өзім ұлтжанды азамат болғандықтан, еліме жақын болғым келді. Бұл мақсатыма әскери бөлімдегі қызметім арқылы жеткен жайым бар. Құдайға шүкір, еліміз тыныш. Аспанымыз ашық болып, жерімізде оқ атылмасын», - дейді взвод командирі.
Айта кетейік, бүгінде Дарын Белгібаев қызмет ететін Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімде Орал, Алматы және Ақтөбе өңірлерінің жастары борыштарын өтеуде.

Baq.kz
08 мамыр 2018 ж. 825 0