Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРА ТҰЛҒА

ДАРА ТҰЛҒА

Ол кісі атүсті тірлік жасау, істің басын бастап, аяғын тастап кету, оқушының білім сапасын әлсіретіп алу дегенді кешіре алмаушы еді. Сыртынан ғана көріп жүрген өзге мұғалімдерге, ата-аналарға, кейбір оқушыларға біздің басшымыз өте қатал болып көрінсе, ал ұжымдағылар ол кісінің ақыл-ойының жүйріктігіне, ұстазға тән парасат-пайымының биіктігіне, замандастарына қарағанда өресі биік әрі талғампаздығына қарай, ұлттық тәлім-тәрбиені жан-жақты біле отырып, дәстүрлі педагогикаға шебер де берік ұстана білетініне сүйсініп отыратынбыз.
Ұстаздық қызметте мұғалімнің дауыс ырғағы айрықша рөл атқарады. Барылдаған, шырылдаған, шиқылдаған дауыстармен мектеп есігін ашудың қажеті жоқ. Себебі балалар күні бойы мектепте болатындықтан, олардың жүйкесіне жағымды әсер ететін қоңыр дауыс, сүйкімді ырғақ денсаулығына пайдалы. Осындай бір өте нәзік, мұғалімге аса қажет құрал біздің директорларымыздың бойында болушы еді. Педагогикалық кеңесте немесе түрлі жиындарда баяндамалар жасағанда, оның мазмұнына мән берумен қатар, ол кісінің ­дауыс ырғағынан мен өзім бір рахат күй кешуші едім. Оның үстіне ол кісі сөзге өте шешен, тілі бай болумен қатар, айтар ойын жүйе-жүйесімен реттеп айтатын. Еңбектегі тәртіп пен тазалық, оқушыдағы сапалы білім мен тәлімді тәрбие, ұжымдағы адамгершілік пен мәдениет, өскелең ұрпақ бойындағы әсемдік пен өрелі өнер міне, осының бәрі біздің мектеп директоры Күлжан Жәукебаеваның күнделікті назарынан тыс қалмайтын дүниелер еді. Сол ұлағатты ұстаз, білікті басшының рухына тағзым ете отырып, мына шумақтарды арнаймын:

Күндіз күлкі,
Түнде ұйқыдан безініп,
Ойға шомып,
Сәл-пәл ғана көз іліп.
Мектебіне келеді ол нық басып,
Ел-жұртының аманатын сезініп.

Міне, ғажап!
25 жыл директор.
Талай ұрпақ ауысты.
Арман-асу алға сүйреп демепті.
Қай баласы қашан, қалай бітірді?
Ұмытпайды. Бұл не деген зеректік!

Күлкісі де,
Түр-түсі де есінде.
Жылдар берді жемісін.
Әр тентектен бір-бір дарын өсірді,
Жұлдыздай боп бала аттанды өмірге
Жарқырады алтын медаль төсінде.

Дәріптеді
Ата дәстүр-салтымды.
Адамзаттық құндылыққа жүгінді.
Шәкірт біткен адам болуға талпынды.
Өскелең елдің өресі биік ұстазы
Ұлды ұлықты, қызды қылықты етпекке
Шарқ ұрды.

Байсалдылық!
Байыпты мінез қанында
Жан дүниесі – бір әлем.
Тағдырын жазсаң кітап болар қалыңдау.
Шиелімнің бағына туған бұл қызы
Бітімі бөлек болмысымен танылды.

Педагогиканың
Меңгертті қыр-сырын бізге,
Алға ұмтылды
Бағыттады баланы жолға ізгі.
Қазақстан аумағын былай қойып,
Шетел асты түлектер білім іздеп.

Ұнатпады
Шашыраңқы тірлікті.
Шатаспады,
Берік ұстады ұжымдағы бірлікті.
Мұғалімнен директор, ғалым өсірді,
Ойы озық, білімі терең, білікті.

Оқ бойы
Озық жүрді қатарынан
Марқаймады.
Бір басына жетерлік атағы бар.
Жылтырап көзге түсу – жанына жат,
Келеді дақ түсірмей атағына.

Мәселені
Қоя білді төтесінен
Бағытынан таймады.
Қажет десе сілкіледі «көкесін» де,
Бала үшін – жан қайғы.
Жаудырды сол үшін де батасын ел.

Сухомлинский де,
Макаренко да емес ол.
Айып етпессің
Қазақтың қызын тұлғаға дара теңесем.
Сұңғыла оймен билік айтса ортада
Орап алады жігіттің кей төресін.

Иә, тұлғасы дара, ерекше біткен жан еді,
Ақыл-оймен жарқыраған әлемі.
Құрыштай шынықтырған Күлжан апам
Рухани құбылам болып келеді.

Гүлқадиша НЫСАНБАЕВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.
Алматы қаласы
18 желтоқсан 2023 ж. 100 0