Қызық дерек
Шет елдегі мұғалімнің тәртібі мен жалақысы
Мұғалім мамандығы қай кезде де сұранысқа ие. Әлемде өз азаматтарының білімді, сауатты болуы үшін алаңдамайтын мемлекет жоқ шығар. Сонымен қатар, әлемдік білім жүйесінде, әсіресе, мұғалім өмірінде де өз ерекшеліктері болады. Ендігі жерде шет елдегі мұғалімдердің жұмыс тәртібі мен жалақысы жөнінде айтып көрейік.
Германияда мектеп мұғалімінің жалақысы 3,5 мың еуро. Жастар жағы көбіне осы кәсіпті игеруге ынталы, өйткені, болашағы зор. Оның ішінде мемлекеттік білім мекемелерінде жұмыс істеу тиімді. Мұнда зейнет демалысына дейін рахат күй кешесің. Сонымен қатар, мұғалім мамандығын игергендердің төменгі салық төлеу, медициналық кепілдеме, т.б. әлеуметтік көмек тұрғысынан да бағы жанып тұр. Мұғалім кем дегенде екі пәннен сабақ береді, аптасына 24 сағат алады. Бұдан артық сағат берілмейді, ақшасы жеткілікті. Демалыс күндері, саяхатқа шығуы да жиі. Мектепте жемқорлық деген атымен жоқ. Мұғалімге гүл әкелу деген де ешкімнің басына келмейді. Тіпті, сыйлық жасау дағдысы әдетке айналмаған. Оқушыға үйіп үй тапсырмасы берілмейді, қосымша ештеңе жүктелмейді. Тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушылардың сабақтан соң үй тапсырмасын орындауға мүмкіндігі бар. Мектепте сағат беске дейін оқушылар үй тапсырмасын орындауға жауапты емес. Бұл олардың бос уақытын жегендік болып есептеледі.
Мұнда да қағазбастылық бар
Ұлыбритания мұғалімдерінің жалақысы айына 2-2500 фунт-стерлинг үстінде. Ал, мұғалім басқару жұмысымен, балаларды ерекше даму үлгісімен оқытса, Англияның басқа өңірінен гөрі өмір сүру деңгейі жоғары Лондонда тұрса, үстеме ақы төленеді. Бұл елде мұғалімге барынша еркіндік берілген. Білім министрлігі оқу жоспарын дайындап береді, ал, оны қалай жүзеге асыру, қандай оқулықтар пайдалану керектігін педагог өзі дербес шешеді. Есесіне мұғалімге жылына шамамен 1256 сағат жүктеледі. Дейтұрғанмен де, қағазбастылық мұнда да бар. Мұғалімдер бір күндік оқу жоспарын жасауға міндетті. Сондай-ақ, оқушыға қойылған баға жөнінде мектеп директорына және ата-аналарға есеп береді. Тіпті, 1997 жылы осы қағазбастылыққа орай ағылшын мұғалімдері арнайы бүлік шығарған еді. Бірақ, одан еш нәтиже шықпады. Есесіне тұманды Альбион оқушылары ата-аналар жиналысын өткізуден босатылған. Оның орнына ата-аналармен өздері қалаған уақытта олардың өтінішіне қарай 10–15 минут әңгіме жүргізеді.
Алты жылда бір еңбек демалысы беріледі
Израильде мұғалімдер жалақысы еуропалықтарға қарағанда 40 пайыз төмен. Еңбек өтіліне қарай, білім деңгейін көтергенде жалақысы өседі. Мұнда да мұғалімге аптасына 24 сағат жүктеледі. Ал, жас мұғалімдерге жалақысын көбейту үшін 40 сағатқа дейін алуға мүмкіндігі бар. Дегенмен, израильдік мұғалімдердің өзгелерден артықшылығы – оларға алты жылдан соң бір жыл еңбек демалысы беріледі. Мұғалімдердің жұмысын қадағалау деген нәрсе атымен жоқ. Күн сайынғы жоспар жасалмайды. Әр мұғалімнің білім-білігі, қабілеті жыл соңында арнаулы министрліктің тыңдау жүйесі арқылы анықталады. Израильде мектеп мұғалімінің беделді болуы аса міндетті емес. Коммерциялық емес бір ұйымның зерттеуінде көрсетілгеніндей, дамыған мемлекеттер ішінде Израиль мұғалімдері көп құрметке бөлене бермейді. Мұндағы білім жүйесіндегі бір ерекшелік – мұғалімнің мектепте көмекшісі болуы да мүмкін. Бұл міндетті әдетте діни отбасынан шыққан қыз балалар атқарады.
Үстемақы жақсы төленетін ел
Мұғалімнің жұмысы Жапонияда аса жоғары бағаланады. Сондықтан, мұнда бұл кәсіптің иесі болу оңай емес. Сол себепті де, жапон мұғаліміне кәсіби біліммен қатар оған лицензия алу үшін оқытушылық қызметке бейімділігі арнайы емтихан арқылы тексеріледі. Осыдан соң барып мұғалім мектепке емес, префректураға құжаттарын тапсырып, сонда тіркеледі. Мектептердегі байқауда бір орынға 20–30 адамнан келеді. Жалақысы да қанағаттанарлық – 2-2,5 мың доллар. Мұғалімдерге үстемақы жақсы төленеді. Әсіресе, отбасы бар екені ескеріледі. Мектеп үлгерімі жоғары болса, жылдық жалақысының жартысына жуық сыйақы беріледі. Жалақы төлеу жергілікті жердің жағдайына да байланысты. Егер, мұғалім әлеуметтік деңгейі жоғары ауданда тұрса, жоғары қосымша үстемақы төленеді. Жеке басында пәтері болмаса, оған ай сайын жалақысына қосымша жалдап алған үйіне 10 пайыз бөлініп отырады. Жапондар еңбекқор халық. Сондықтан, әлем бойынша мұндағы мұғалімдерге үстеме жұмыс ауқымы да кең. Аптасына 54 сағат жүктеледі.
Дайындаған
Жұлдызай Ноғайбайқызы.