Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Өскен өңір» оқырманымен өміршең

«Өскен өңір» оқырманымен өміршең

Тілшілер үшін аса маңызды науқан – баспасөзге жазылу жұмысы басталды. Осыған орай халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын «Өскен өңір» газетінің қызметкерлері өз оқырмандарымен жүздесіп, тілдесті. Соның бір парасын назарларыңызға ұсынбақпыз.
Әрине, қазір заман да өзгерді, адамдардың санасы да жаңарды. Ғаламтор жүйесі күн санап дамып келе жатқан жағдайда жаппай газетке жазылыңыздар деу жұртшылықтың бір бөлігінен қолдау таппауы да мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда тексерілмеген ақпаратты жария етіп, халықты жаңылыстырып жүрген жекелеген сайттарда жылт етпе жаңалық көп-ақ. Сайып келгенде сайт пен газетті салыстыру әбестік. Сол үшін ел мен мемлекет мүддесін қорғайтын басылымдардың артықшылығы, сөз жоқ, бірінші орынға шығуы керек.
Алаштың алдаспан ұлдарының бірі Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің ертеңі мықты» деп кезінде айтып та кеткен. Осы ретте аудан айнасы «Өскен өңір» газеті әрдайым өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізуден танған емес. Тоғыз жолдың торабы саналатын, қасиет дарып, құт қонған киелі Шиелінің төл басылымы баспасөзге тиесілі міндеттің үдесінен шығып отыр десек, артық айтқандық болмас. Сексен жылдан астам тарихы бар басылымның бет-бейнесі де, мазмұны да өзгерді. Бүгінде оқырман қауым ақжолтай жаңалықтың жаршысы саналатын басылымнан өзіне керектінің бәрін таба алады. «Өскен өңір» газеті жылдар бойы ауданның тыныс-тіршілігін, экономикалық тұрғыдан жеткен жетістігін, әлеуметтің әлеуетін, Мемлекет басшысының сарабдал саясатын, тарихын жалпы жұртқа жариялап келеді. Әсіресе соңғы кездері газеттің тынысы әрмен қарай ашыла түсті. Келбеті де өзгерді, мазмұны да байыды. Журналистердің қалам сілтер тақырыптарының да аясы кеңейе түсті. Оның бәрін өздеріңіз көріп, оқып отырсыздар. Иә, әр сан сайын әралуан тақырып сан түрлі айдармен оқырман назарына ұсынылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, оқырманның көңілінен шығу жолында әріптестеріміз аянып жатқан жоқ. Сондай-ақ газет бетінде жарық көретін әрбір сапалы мақаланың артында білікті басшылардың қойған талабы мен жұмыс істеуге ыңғайлы жағдайдың бары анық.
Заман ағымына қарай аудандық газет те жетіліп, форматы мен дизайны өзгерді. Қазір жаһандану заманы салғырттықты емес, алғырлық пен шапшаңдықты талап ететін кезең. Газет ­баспаханадан шыққан сәттен «енесіне еміренген құлындай» қалың оқырманға жетуге асық тұрады. Оқырмандар үшін бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде «Өскен өңірдің» өрісі кеңи түсіп, баспаның жанынан газеттің электронды нұсқасы, яғни, сайты ашылып, жұмыс істеуде. Ол жерде тек ауданның жаңалықтары ғана емес, әлемдік, республикалық, облыстық деңгейдегі ақпаратқа да қанық бола аласыздар. Бұл әсіресе, елден жырақта, алыс облыс пен шетелде жүрген жерлестерге үлкен сый. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың жылдық.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
11 желтоқсан 2023 ж. 189 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031