Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиеліліктер үздіктер қатарында

Шиеліліктер үздіктер қатарында

Көркем әдебиетті тек ғана филолог, әдебиетші немесе журналистер оқиды деп ойлайтын шығарыз?! Онда қателесесіз. Әдебиет әлеміне өзге де сала өкілдері қызығып оқып жүргенін көзіміз көріп жүр. Сол секілді басқа да мамандардың рухани құндылығын жаңғырту мақсатында Ә.Тәжібаев атындағы орталық кітапханада «Үздік оқырман» атты байқау өтті.
30 қараша күні облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кезекті мәрте «Үздік оқырман – 2023» сайысы болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылған іс-шараға облыс аумағындағы аудандар мен ауылдық округтердің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Қатысушылар поэзия, проза жанрлары бойынша бақ сынасты.
Байқаудың нәтижесінде бас жүлдеге Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлшат Махан лайықты деп саналды. Ал І орын Жалағаш ауданының мәдениет және спорт бөлімі секторының меңгерушісі Б.Дүйсенбиева алса, 2-орынға «Төретам кенті әкімі аппараты» КММ-нің жетекші маманы Р.Каракеева, 3-орынға «Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті әкімі аппараты» КММ-нің «Әкімшілік» бөлімшесінің басшысы Л.Смағұлова лайық деп танылды.
Айта кетейік, өзін жан-жақты көрсете білген қатысушылар да қалыс қалмады. Байқаудың «Көркем сөз шебері» номинациясын 12 қатысушы ішінен жалғыз ер адам, Шиелі ауданы Жиделіарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Д.Оспанов иеленсе, «Талғампаз оқырман» номинациясымен Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Е.Әбішева марапатталды. «Ең жас маман» номинациясы «Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімі КММ-нің бас маманы С.Сыздықоваға, «Шығармашыл оқырман» номинациясымен «Қызылорда облысы әкімі аппараты» ММ баспасөз қызметінің бас маманы М.Омароваға ­табысталды.
Кітап – рухани азығымыз. Сол арқылы сөздік қорымыз дамиды және ой-өрісімізде кеңейеді. Ендеше ауданның білікті мамандарын жеңісімен құттықтай келе, осындай іс-шаралар тағы да жалғасын таба берсін!

Айнұр НАЗАРОВА,
штаттан тыс тілші
05 желтоқсан 2023 ж. 246 0