Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨЛ ТЕҢГЕ ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕСІН

ТӨЛ ТЕҢГЕ ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕСІН

Қазақтың ұлы ойшылдары мен хандарының бейнесі бейнеленген ең алғашқы төл теңгені ұмытпаған боларсыз. Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті бар, өзімізге ғана тиесілі, өзіміз үшін құнды купюраларды алғаш қолға ұстағанда әр қазақстандықтың бойын мақтаныш сезімі кернеді емес пе? Бұл бейнелер ұлттың «Өшкенін жағып, өлгенін қайта тірілткендей болған еді. Себебі теңге сол кезде енді ғана тәуелсіз ел атанып, тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін кез келген тауар мен қызметтер құнының өлшемі, тікелей айырбастауға болатын әмбебап балама емес, азаттықтың, еркіндіктің, өзгелермен тереземіздің тең екеніндігінің нышаны еді. Теңге бізге өзге валюталармен салыстырғандағы бағамымен емес, әрқайсымыз алақанға алғаш ұстағанда сыйлаған дербестік сезімімен құнды.
Содан бері 30 жыл өтті. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңге айналысқа енді. Осы уақыт аралығында талай өзгеріске ұшырап, түбегейлі түрленген теңгеден тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Бірыңғай стильде жасалған жаңа үлгідегі банкноттар пайда болды. Алғаш дизайнын жасауға төл теңгемізге деген ерекше ықыласпен кірісіп, қиындыққа қарамай жұмыс жасаған арнайы топтың жанын салуы, жоқтан бар жасауы да оның қадыр-қасиетін арттыра түседі. Сол мезетте Ұлыбританияда басылып шыққан қазақтың тұңғыш ақшасы жалған валюта жасайтын алаяқтарға қарсы тұра алатын әлемдегі ең қауіпсіз валюта ретінде танылып, америкалықтардың өзі теңгенің технологиясына таңқалып, доллар қауіпсіздігін күшейткен деседі.
Сол кезде банкноттарды басып шығаруы керек болған Англияның атағы дардай «Харрисон және оның ұлдары» компаниясының беделді, тәжірибелі, 70-ті алқымдаған менеджері, пайда табуды ғана көздеп, жай лотерея тәрізді банкноттар ұсынған Джон Брайс Гивеннің сол банкноттарымен тайсалмай бетінен ұрған теңге авторларының бірі, суретші-дизайнер Хайролла Ғабжәлеловтікі ерлік емей немене?! Басып шығаруға қаражаттың тапшы екенін, өзге елге келіп-кетудің өзі сол кезде Қазақстан үшін ауыр салмақ екенін, компанияның теңгені басып шығарудан бас тартуы мүмкін екенін білсе де намысқа ­тырысты. Үлкен тапсырыс алуды ғана мақсат етіп, «Сен кімсің? Жай суретшісің» деп, өзіне мұрын шүйіре қараған менеджердің алдында өзінің емес, елінің абыройын жоғары қойды.
Сол кезде мемлекет ретінде бүгінгідей танымал бола қоймаса да, әр теңгесі үшін жанын беруге әзір қазақстандықтар «азуын айға білеген» ағылшындарды осылай мойындатты. Кейін табандылықтың арқасында келген банкнот сапасының жоғарылығы, көз тартар дизайны және екі мемлекеттің арасын экономикалық тұрғыдан жақындатқаны үшін «Харрисон және оның ұлдары» фирмасы Ұлыбритания корелевасының алтын белгісін алды.
Қазір дизайны өзгеріп, бастапқы кездегі тұңғыш теңгеден басқа болып шыққанымен, сол кезде басылған теңгелердің қорғаныш қабілеті сол қалпы. Ең көп сұранысқа ие, сонау 1794 жылы ресми валюта ретінде бекіген «доллардың» өзі қауіпсіздік жағына келгенде басқа валюталармен салыстырғанда «өте жас теңгеден» үлгі алды. Осыдан кейін теңгені құнсыз деп көріңіз. Теңге – құнды! Бағамы үшін емес, қиындықпен, маңдай термен келгені үшін. Теңге – ерен еңбекпен келді. Оны үнемдеп, ұқыптылықпен қарап, күтіп жұмсау – әрбір қазақстандықтың міндеті.

"Өскен өңір" ақпарат
15 қараша 2023 ж. 223 0