Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

СЫРДЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ

Тарихты тасқа басқан талай таңбалар көмескіленсе де, мүк қабаққа қонған талай зердің жүзін ­жауын мен күн мүжіп кетсе де, адам деген ұлы жаратылыстың соңында қалдырған мәйекті мұрасы мізбақпастан сақталады. Оны бұқара ғасыр жөңкісе де жадында ұстайды. Туғанына аттай 100 жыл толған бірегей тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері ­Исатай Әбдікәрімов бұл ойымыздың айқын дәлелі.
Жұрты үшін терсіңді еңбек етіп, телегей қажырын сарыққан, бойындағы туабітті дарыны мен қабілет-қарымын аямай ел көсегесінің көгеруі жолына жұмсаған Исатай Әбдікәрімовке арналған әдемі кеш Шеген Қодаманов ауылдық мәдениет үйінде өтті. Клуб қызметкерлері мен «ART LIFЕ» өнер орталығының мұрындық болуымен өткен шара «Сырдың ұлы перзенті» деп аталады. Облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына 7 үміткер қатысты. Жырға құмар жастар 2 кезең бойынша сынға түсті. Яғни И.Әбдікәрімовтің 100 жылдығына және Шиелінің 95 жылдығына орай жүрекжарды шығармаларын оқыды.
Көркемсөз оқу шеберлерін анықтау үшін Зина Файызханқызы, Абай Алмасұлы, Сұлушаш Бахтиярқызы байқауға қазылық етті. Көркем мәтiндi оқу шеберлiгi мен дауыс мәнерiне және киiм кию үлгiсiне мән берген қазылар алқасы байқауға қатысушыларды 10 балдық жүйе бойынша бағалады.
Шығарманы мәнерлеп оқумен қатар әуезді ­дауыс, әдемі үн және актерлік шеберлігімен тәнті еткен үміткерлер аз болған жоқ. Байқаудың бас жүлдесін тұрандық Жанель Баймырза жеңіп алды. Ал бірінші орын Қармақшы ауданы, Иіркөл ауылынан келген Жансая Асановаға бұйырды. Екінші орынды қазалылық Мансұр Құттыбай мен жаңақорғандық Айдос Сәкенұлы иеленді. Тиісінше үшінші орыннан Жөлек, Байсын мен Бидайкөл ауылының үмітін арқалаған Зарина Рашова, Аружан Бегайдарова мен Ақерке Нысанбекқызы көрінді. Жүлдегерлер дипломымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Байқау соңында сөз алған қазылар алқасының төрайымы З.Файызханқызы: «Исатай Әбдікәрімов – ел экономикасының және халықтың мәдени-рухани тұрғыдан қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген, өрлігі һәм ерлігімен қашанда көш басынан көрінген тұғыры биік тұлға. 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған қазақтың біртуар перзентінің есімін қалай ұлықтасақ та жарасады. Бұл байқауға қатысқан жастардың беталысы біздерді қуантты. Сендердің әркез биіктен көріне беретіндеріңе бек сенеміз», – деп қатысушыларға алғысын білдірді.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға өз ризашылық сезімін жеткізді.

С.МАДИЯРОВА,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
14 қараша 2023 ж. 172 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031